ТҮЛЕКТЕРГЕ КӘСІБИ БАҒЫТ БЕРУ МАҢЫЗДЫ

Өткен аптада Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп-гимна-зиясында 11 сынып оқушыларына арналған аудандық білім бөлімі мен Қазақ ұлттық аграрлық және Еуразия технологиялық университеттері бірлесіп «Ашық есік» күнін өткізді.
Шараға ауданның 5 мекте-бінен келген үздік түлектері қатысып, 90 жылдық тарихы бар Қазақ ұлттық аграрлық универ-ситетінің өркендеуі мен бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты.
«Ашық есік» күні барысында ректордың кәсіби бағдар жұмыстары жөніндегі кеңесшісі Исабек Жанашев түлектерді биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеудің тәртібімен, енгізілген өзгерістермен таныстырып өтіп, одан бөлек слайд түрінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Болашақ түлектер жоғары оқу орындарына құжат тапсыру ережесін, дұрыс мамандық таңдаудың қыр-сырын және ондағы оқу талаптарымен толық танысып білді.
Түлектер агробиология, технология, су және орман, ветеринария, құқықтану, есеп және аудит мамандықтары туралы көп пайдалы мәлімет алды.
Сондай-ақ жастар арасында болашақ мамандығын таңдау мақсатында университет тарапынан жүргізілген кәсіби бағдар жұмысына көрсеткен көмегі үшін Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ұжымы мен Ғылыми Кеңесі атынан аудандық білім бөлімінің басшысы М.Бектұров пен білім бөлімінің бас маманы Б.Сейдалыға алғыс хаттары табысталды.
Ақбота ОРАЛБЕКОВА.