ЗАҢҒАР ТҰЛҒА — ҚОНАЕВ

Өткен кеткен бұл фәниден сан алып,
Тарих үшін емес ол да жаңалық.
Дінмұхамед – Қонаевтың жай аты,
Шын аты оның Мейірім мен Даналық.
Н. ҚАШАҒАНҰЛЫ.
Халқымыз таланты мен болмысы бөлек ұлы тұлғаларға кенде емес. Әр заманда ел көшін алға сүйреген, халқының біртуар нар тұлғалы азаматтары болған. Сондай ерен тұлғалардың бірі, есімі елінің жүрегінде сақталған, халқы еркелетіп «Димаш» деп атаған ұлы – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев.
Қоғамның қайшылықты даму жолында ғұмырын елі мен жерінің өркендеп, гүлдену жолына арнаған халқының аяулы перзенті Дінмұхамед Ахметұлы 1912 жылы 12 қаңтарда Верный (Алматы) қаласында дүниеге келген. Әкесі Меңліахмет Жұмабайұлы 1886 жылы туған. Алматы облысында ауылшаруашылық және сауда мекемелерінде жұмыс істеген.
Қазақ және орыс тілдерінде хат таныған сауатты адам болған. Ал анасы Зәуре Баирқызы 1888 жылы Алматы облысындағы Шелек ауданында өмірге келген. Бар уақытын балалары мен үй шаруасына арнаған.
Дінмұхамед Ахметұлы 1930 жылы Алматы қаласындағы мектепті үздік бітіріп, 1931-36 жылдары аралығында Мәскеу-дегі түсті металл институтында білім алды. Қайраткер ұл жарты ғасыр уақытта бұрғылау станогінің машинисінен Қазақстан орталық комитетінің бірінші хатшысы қызметіне дейін көтерілді. Дінмұхамед Қонаев билік басында болған уақыт күрделі, қарама-қайшылықты болғанымен, ол елдің экономикасын, әлеуметтік саласын, ғылымын, ұлттық мәдениетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңірді, өз заманының ұлы саясаткері бола білді.
Дінмұхамед Ахметұлы ел басқарған жылдары кең байтақ қазақ жерінде 68 жұмысшылар кентімен 43 қала пайда болды. Оның ішінде, өнеркәсіп орталығы болып саналған Рудный, Екібастұз, Шевченко (қазіргі Ақтау), Никольский, Степногорск, Теміртау, Жаңатас, Кентау, Арқалық қалалары салынды. Ауыл шаруашылығы қарқынды дамып, тың және тыңайған жерлер игерілді. Кеңшарлар мен ұжымшарлар салынды. Мал саны көбейіп, ауыл шаруашылығының өнімдері жыл сайын артып отырды.
Дінмұхамед Ахметұлының арқасында Қазақстанның өнер-кәсіп, оның ішінде түрлі-түсті металлургия саласы жоғары деңгейде дамыды. Бүкілодақтық көлем бойынша мыстың үштен бір бөлігі, қорғасынның 70%-ынан астамы, мырыштың 40%-ынан астамы қазақ жерінде өндірілді. Өскемен қорғасын-мырыш және титан-магний комбинаттары, Соколов-Сарыбай мен Лисаков кен-байыту комбинаттары, Жезқазған мен Балқаш таукен-металлургия комбинаттары, Ермаков пен Ақтөбе ферроқорытпа зауыттары іске қосылып, Ақтөбе қаласындағы шығарылған хром кенінің көлемі артты.
Дінмұхамед Қонаев Респуб-лика партия ұйымын басқарған ширек ғасырға жуық уақыт ішінде өзінің үлкен мәдениеттілігімен, иманжүзді ізеттілігімен танылып, халық дәстүрін жақсы білетін, тағылымы терең, ой өрісі биік жан екенін көрсетті. Кейін мемлекет ісінен қол үзген кезде де ол білімдар білікті жан ретінде елде жүріп жатқан реформа бағыттарын, қоғамды демократияландыру қажет екенін терең сезініп, қолдай білді.
Өзі өмір сүрген күрделі уақыттың адал перзенті бола білген абзал азамат 1993 жылы тамыздың 22-інде, 82 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» – демекші, халқының жарқын болашағы үшін аянбай еңбек еткен нар тұлға қайтыс болғаннан кейін Қазақстан Ғылым академиясының Таукен және түсті металлургия институтына, еліміздің бірқатар мектептері мен көшелеріне Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілді. Алматы қаласында қоғам қайраткері атындағы университет бар. 1992 жылы қарашаның 13-інде Алматыда «Халықаралық Қонаев қоры» құрылды. 2002 жылы қаңтардың 12-сінде Алматы қаласында Д.Қонаевтың мұражай үйі ашылды. Д.Қонаев өмірінің соңғы сәтін өткізген Алматы облысының Алакөл ауданындағы Ақши ауылында 2003 жылы тамыздың 15-інде арнайы құлыптас орнатылды. Халқының жүрегінің төрінен мәңгілік орын алған аяулы азаматтың туған күніне орай жыл сайын елімізде түрлі шаралар өткізіліп отырады. 2020 жылдың 15 қаңтар күні Н.Алдабергеновтың мемориалды музейінде «Қонаев – ғасыр адамы» атты шара ұйымдастырылды.
Шараның мақсаты – кемеңгер тұлғаның ұлағатты өмірі, хал-қына сіңірген қажырлы еңбегі мен ерлігін насихаттау. Шара барысында халқының біртуар азаматы Дінмұхамед Қонаевтың өмірінен сыр шертетін бейнеролик көрсетіліп, заңғар тұлғаға арналған өлеңдер оқылып, әннен шашу шашылды.
Шара соңында музей залдары бойынша экскурсия жүргізілді. Сонымен қатар ұлы тұлғаның ерен еңбегі мен ұлағатты ғұмырынан толық мағлұматтар берілген дәрістер өткізілді. Елі үшін бар ғұмырын арнаған ұлы тұлғаларымызды қанша дәріптесек те артық етпесі анық, халқы сүйген, мақтан еткен Дінмұхамед Ахметұлы Қо-наевтың есімі мәңгілік халқының жүрегінде сақталады.
Г. БАҚАДЖАНОВА,
Н.Алдабергенов атындағы мемориалды музейінің
экскурсия жүргізушісі.