НӘТИЖЕЛІ ЖҰМЫСТАР АТҚАРЫЛДЫ

Кезекті есеп беру кезегі Қоңыр ауылына да келіп жетті. Алқалы жиында ауыл әкімі Арай ҚҰЛАХМЕТОВ сөз бастап, ел игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстарды тізіп айтып берді.
Жыл сайын өткен жылдың қорытындысы бойынша аудандағы барлық елді мекендерде әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасы жасалынып, сол бойынша жұмыстар атқарылады.
Округ бойынша халық саны 2019 жылдың 1-қаңтарына 1354 адам болса, 2020 жылдың 1-қаңтарына 1354 адамды құрап отыр.
Жоспар бойынша жаңа жұмыс орындарына 20 адам қабылдау жоспарланған болатын. 38 адам жаңадан ашылған жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылды. Қоғамдық жұмысқа 10 адамды қабылдау жоспарланған болса, 11 адам қоғамдық жұмысқа тартылды. Кәсіптік оқуға жоспар бойынша 5 адам жіберіліп оқытылды. Атаулы әлеуметтік көмек 4 отбасына 24 адамға 1 млн. 908 мың теңге берілді.
Округ бойынша ауыл тұрғындарына қызмет көрсететін 2 мектеп, СВА (дәрігерлік амбулатория), 1 — ФАП, әкімшілік, ветеринарлық пункт, пошта бөлімшесі, 1-Мәдениет үйі, 1 ауыл кітапханасы жұмыс жасайды.
Округ бойынша шағын бизнес нысандары бар. Олар: 1 дүкен, 1 азық-түлік дүңгіршегі, 2 кафе. Сонымен қатар, ауылда 1 мал соятын алаң бар.
Мал шаруашылығына келетін болсақ, округ бойынша жалпы мал саны өсімі көбейген.
2019 жылы барлық ірі қарадан, қой-ешкіден, жылқыдан және иттерден қан алынып, «сарып» ауруына тексеру жүргізілген. Осы жылы округ бойынша астық жинау науқаны сәтті өтіп, ауыл тұрғындарына мол табыс әкелген. Көктемгі егіс кезінде және астық жинау кезінде 170 тонна арзандатылған жанармай шаруа қожалықтарына бөлініп берілді.
Осы жылы округ бойынша 630 га күздік бидай себіліп, әр гектарынан 23 центнер өнім алынса, жаздық арпа 7215 га себіліп, әр гектарынан 20 центнер өнім алынды.
Денсаулық сақтау саласы бойынша Қоңыр ауылдық амбулаториясында 1 дәрігер, 1 акушер, 3 фельдшер, 4 медбике халыққа қызмет көрсетеді.
Білім саласы бойынша 2 орта мектепте 177 оқушы дәріс алуда. Қоңыр орта мектебінде 154 оқушы оқиды, 30 мұғалім жұмыс жасайды.
Қазіргі таңда Қоңыр ауылында 70 балаға арналған балабақша жұмыс жасайды. Онда 50 бала тәрбиеленеді. 22 адам жұмыс жасайды.
Тәртіп бұзушылыққа тоқталсақ, 2019 жылы 27 қылмыс орын алған.
Мәдениет пен спорт саласы бойынша округте өткен жылы Жаңа жыл, 8 наурыз, 22 наурыз, 9 мамыр, Қарттар күні сияқты мерекелері кең ауқымды түрде атап өтіледі.
Округ бойынша дала өрттерінің алдын алу мақсатында ерікті өрт сөндірушілер топтары ұйымдастырылған.
Бүгінгі таңда «Ақсақалдар алқасы» және «Әйелдер кеңесі» жұмыс жасайды, құрамында 10 адам мүшесі бар. «Ақсақалдар алқасы» ауылымыздың тіршілігіне қатысты барлық шаруаларға араласып, округ әкімі аппаратымен қоян-қолтық жұмыс жасап келеді. Жоспарлы түрде айына бір рет «Ақсақалдар алқасы» отырысы өтеді. Отырыста ауылдың сол мезгілдегі тыныс-тіршілігіне, тыныштығына байланысты шаруалар қаралып, шешімдері қабылданады. Атап айтқанда, жазғы мезгілде қоспа мал бағу бағасы, шөп шабу, егін оруда атқарылатын жұмыстардың бағасы ауылда бірыңғай осы алқа шешіміне байланысты төлем жүргізеді. Ауылда өтіп жатқан мәдени шараларда осы алқа мүшелерімен бірге жоспарланып, олардың қатысуымен өткізіледі.
Халыққа мемлекеттік қыз-мет көрсетеді. Өткен жылы 307 анықтама беріліп, 53 өкім қабылданған. 2019 жылы 8 адам «Атамекен» кәсіпкерлікті қолдау палатасы арқылы оқытылып, оның 4 адамы жалпы 12 млн теңге несие алып, өз кәсіптерін бастады.
Ауыл әкімі Арай Құлахметов осындай ауқымды, мақтануға тұрарлық жұмыстардың бар-лығын ауыз толтыра айтып, Қоңыр ауылының болашақта гүлденіп, берік ауылға айналатынына сенімі зор екендігін алға тартты.
Сонымен қатар, аудан әкімі Рауан Рақымбеков аудан көлемінде атқарылып жатқан нәтижелі жұмыстар мен жеткен жетістіктер жайлы айтып өтіп, келесі кезекте тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдап, мәселелерді міндетті түрде шешетінін айтып, тұрғындарды қуантты.
Ауыл әкімінің ауылды гүл-дендіру мақсатында атқарған жұмыстарына, ауыл тұрғындары бірауыздан қанағаттанарлық деген баға берді.