ТҰРҒЫНДАРҒА ЕСЕП БЕРУ — МАҢЫЗДЫ КЕЗЕҢ

Аптаның соңғы жұмыс күнінде Қаратал ауылдық округіндегі кездесуде жергілікті тұрғындар округ әкімі Серік ӘЛІМБАЕВТЫҢ 2019 жылғы атқарылған жұмыстары жайлы кеңейтілген баяндамасын тыңдады.
Ауылдық округте өткен жылы 74 өкім шығарылған екен. Ауыл тұрғындарынан барлығы 55 өтініш түсіп, заң аясында шешімін тауыпты.
Әкімінің жеке қабылдауына 23 ауыл тұрғыны әртүрлі әлеуметтік мәселелерімен келіп, өтініштері қанағаттандырылған. Қаратал ауылдық округі бойынша барлық тартылған инвестициялар көлемі 18 млн. 28 мың теңге.
Ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстар жоспарға сәйкес іске асырылды. Округ бойынша 2018 жылы барлық егілген жер көлемі – 3089 гектарды құрайды. Барлық дәнді дақылдар 1823 гектар жерге егіліп, 4868 тонна өнім алынды. Оның ішінде бидай мен арпа 1729 жерге егіліп, жалпы өнім 4303 тонна (әр гектардан 24 ц). Жүгері 94 гектардан 564 тонна (әр гектардан 60 ц/га) өнімі алынды.
Майлы дақылдар 386 гектарға себіліп, 802 тонна өнім алынды. Оның ішінде соя 386 га — 802 т. Барлық алма бақтан – 290 га 106 т алма жиналды (әр гектарынан 30 ц/га), алмұрт – 38 га 75 т өнім жиналды (әр гектарынан 20 ц/га). Картоп 102 гектар жерге салынып, 2073 тонна өнім алынды. Әр гектарынан орташа есеппен 203 центнерді құрады. Көкөніс 12 гектар жерге себіліп, 208 тонна өнім алынды, әр гектарынан орташа есеппен 175 центнерден айналды.
Мал басының саны тұрақты жағдайда. Ауылдық округтегі жеке тұрғындар мен шаруа қожалықтарының малдарына ветеринариялық іс-шаралар уақытылы жүргізілуде. Қаратал ауылында 2017 жылғы құрылған «Айзере-Агро» кооперативі ірі қара малдардың сүт бағытына 6 млн. теңге несие алды.
Өткен 2019 жылы Қаратал ауылының Алмала Жетпісбайқызы көшесінің көпірінің ағымдағы жөндеуіне 43 млн. 500 мың теңге бөлініп, көпір іске қосылды.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының аясында 14 адам мал бордақылау бағыты бойынша жалпы соммасы 34 млн 300 мың теңге шағын несие алынды.
Жұмыссыздықтың деңгейін азайту мақсатында 74 жаңа жұмыс орындары ашылып, халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы 14 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылып, жоспар орындалды. Электрондық биржа арқылы 44 адам жұмысқа орналастырылды.1 ауыл тұрғыны Серғали Маржан қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жіберіліп, «Райманов» ШҚ-на шаштараз мамандығы бойынша тұрақты жұмысқа орналасты.
Аудан әкімі өзінің кезекті есебінде өткен жылы қозғалған мәселелердің шешіміне қысқаша тоқталып өтті. Тұрғындар тарапынан сұрақтар болмағанымен, жарыссөзге Алпамыс Баяхметов пен Светлана Алексеевна шықты. 2019 жылы өмір бойы арманда болған су құбырының жөндеуіне тиісті қаражат бөлініп, іске қосылғанына ауыл тұрғандары дән риза. Бүгінгі күні кранын ашса суы бар. Енді сол су құбырлары жасалған жерлер, жолдың бұзылған жерлерін жөндеу қажеттілігі жөнінде құжат бөліп, көмектесіп жіберсеңіздер нұр үстіне нұр болар еді деп ұсынысын білдірді. Жиналған қауым бірауыздан жылдық есепті қанағаттанарлық деп тапты.