АУЫЛ ӘКІМІНІҢ ЕСЕБІНЕ ОҢ БАҒАСЫН БЕРДІ

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың жарлығына сәйкес ауданға қарасты барлық әкімдер халық алдында өткен жылы атқарған ауқымды жұмыстардың нәтижесі жайлы баяндап, халыққа есеп берді. Халықтың алдында есеп беру өте маңызды кезең. Осындай есеп беру кезеңі Н.Алдабергенов ауылында өтті. Ауыл әкімі Жалғас САДЫРБАЕВ ауылда атқарылған жұмыстардың нәтижесі жайлы айтып, халық алдында есеп берді.
Алдабергенов ауылдық округінде үш елді мекен бар. Ауылдық округ бойынша аула саны 1092, адамның саны 5278 адам.
Округте 2 ЖШС және 331 шаруа қожалықтары ау-ылшаруашылық өнімін өндірумен шұғылданады. 2019 жылы барлық себілген жер 4307 га, оның ішінде 4107 га суармалы жерлер бар.
Мал шаруашылығы бойынша ауылда бүгінгі күні 2847 бас ірі қара, оның ішінде 1034 бас сиыр, 5171 бас қой мен ешкі, 955 бас жылқы, 43 бас түйе, 4500 бас құс бар.
Қазіргі уақыттың талабы, бар малды қолдан ұрықтандырып, асылдандыру бойынша округте «Асыл» ЖШС арқылы жоғары сапалы ұрықпен ірі қара мал, саулық қойлар ұрықтандырылуда. Малды техник-ұрықтандырушы мал дәрігері Дихан Қазанғапов ұрықтандырады. 2019 жылы барлығы 230 бас ірі қара мал ұрықтандырылды.
Шағын кәсіпкерлік бойынша халыққа қызмет көрсету саласында 1 монша, 17 дүкен, 1 дәріхана, 1 аяқ киім жөндейтін шеберхана, 2 шаштараз, 4 өнім өндейтін цехтар бар. Биылғы жылы 2 дүкен іске қосылды.
Жаңа форматтағы жәрдемақыны тағайындау мәселесі бойынша түсіндіру жұмыстарын іске асыру мақсатында 3 жиналыс өткізілді. Сондай-ақ елді мекендердегі көпбалалы аналарды, жағдайы төмен отбасыларды аралау жұмыстары жүргізілді. Кәсіптік оқуға 17 адам жіберіліп, сертификаттарын алды. Жастар практикасынан 2 адам өтті. Қоғамдық жұмысқа 15 адам тартылды. 133 жаңа жұмыс орны ашылды. «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасының бірінші бағыты «Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй салу» бойынша екі көпбалалы жанұяға тұрғын үй алынып берілді.
2019 жылы барлығы 16 қылмыс тіркелді. Өткен жылмен салыстырғанда 7 қылмысқа азайған.
Алдабергенов ауылына «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында балалар ойнайтын алаң салынып, ауылдағы 3 көшеге жаңадан асфальт төселді.
Ленин көшесіне кіреберістегі және ауылға кіреберістегі аркаларға ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалды. Сонымен қатар, Ленин және Жамбыл көшелеріне қарағай және туя ағаштары отырғызылды.
Алдабергенов ауылындағы «Батырлар аллеясы» және «Даңқ обелискісі» парктерінің жабайы ағаштары тазаланып, жаңадан көшеттер отырғызылды.
Ауылдық округ бойынша шаруа қожалықтары ұйымдас-тырылып, қоғамдық бейітке баратын жолға құм-тас төсеу жұмыстары жүргізілді.
Демеушілік көмек ұйым-дастырылып, Жастар ауылының Нұрланов көшесіне шұңқырлы жерлерді жөндеу жұмыстары жасалды. Ал Алдабергенов ауылында 5 жерде және Жаңалық ауылына 1 жерде көпір ауыстырылды.
Осындай ауылда атқарылған маңызы зор жұмыстар мен орын алған жағдайларды ауыл әкімі халық алдында баяндады. Сонымен қатар, аудан әкімі Рауан Рақымбековке сөз беріліп, әкім аудан бойынша іске асырылған жұмыстарды тілге тиек етіп, алда тұрған ауқымды жоспарлармен бөлісті. Жиын артынша тұрғындарды сұрақтары мен жеке мәселесі бойынша аудан әкімі қабылдап, сұраныстарын тыңдап, тиісті шаралар қолданатындығын айтты.
Ауыл әкімінің атқарған жұмысына ауыл халқы қанағаттанарлық деген баға қойды.