КЕЛЕЛІ ІСТЕРГЕ ЖОЛ АШЫҚ

Жыл басы ауылдық округ әкімдерінің есеп беру кезеңінен басталғаны белгілі. Бақтыбай ауылдық округінің әкімі Айдын ИСАБЕКОВ ауыл тұрғындары мен аудан әкімі Рауан РАҚЫМБЕКОВТІҢ алдында, ауылда атқарылған бір жылдық жұмыстардың қорытындысы бойынша есеп берді.
Ауыл бойынша адам саны 9856. Оның ішінде Бақтыбайда 7184 адам, Елтайда 2276 адам, Өтенайда 396 адам тұрады.
Ауыл шаруашылығы саласы бойынша жалпы алғанда ауылда 266 жеке шаруа қожалығы бар.
Үкімет тарапынан шаруа қожалықтарына үлкен көмек көрсетіліп, 2019 жылы көктемгі және күзгі дала жұмыстарына арзандатылған бағамен 320 тонна көлемінде жанар-жағармай берілді.
Ауылдың экономикасын құрайтын негізгі сала – ауыл шаруашылығы. Жалпы алғанда 266 жеке шаруа қожалығы, 1 — ӨБ, 3 – ЖШС-тері дәнді-майлы дақылдарды, қант қызылшасын, картоп, көкөніс, бақша, көп-жылдық шөп өсірумен шұғыл-данады.
Жалпы ауыл шаруашылығы жерінің көлемі 35854 га, соның ішінде: суармалы жер 6065 га, шабындық жер 1382 га, жайылым жер 26415 га бар.
Шаруа қожалықтарының жер алаңдарын электрондық картаға енгізу жұмыстары жүргізіліп, 266 шаруа қожалықтарының жерлері 91% электрондық картаға енгізілді.
Шағын кәсіпкерлік саласы бойынша жеке кәсіпкерлерде елді мекендердің өркендеуіне өз үлестерін қосып келеді, шағын маркеттер, дүкендер, тұрмыстық қызмет көрсету нысандары, көпшілік тамақтану орындары халыққа өз қызметтерін көрсетіп, жұмыстарын жүргізуде.
Білім беру саласы бойынша округте 2 орта мектепте 161 білім қызметкерлері 2044 оқушыға дәріс беруде. Республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында оқушыларға ауылдың жеке кәсіпкерлері мен шаруа қожалықтары үнемі демеушілік көмек көрсетеді.
Округте «Балбөбек», «Диас» балабақшаларында 180 бала, 2 мектептің шағын орталықтарына 50 бала тәрбиеленуде.
Денсаулық сақтау саласы бойынша округте 2 амбулатория, 1 медициналық пункт үздіксіз жұмыс жасайды. Денсаулық саласы бойынша 4 жалпы тәжиірбелі дәрігерлер, 36 орта буынды медицина қызметкерлері халыққа өз қызметтерін көрсетуде. Екі емханада тәулік бойы «Жедел жәрдем» көмегі қызмет етеді.
Ауылда 2019 жылдың қорытындысы бойынша 54 қылмыс тіркеліп, оның 52-і ашылған.
Санитарлық тазарту және абаттандыру бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталсақ. Округ бойынша сенбіліктер ұйымдастырылып, көгалдандыру айлығын өткізу барысында «Таза сәрсенбі» күні жарияланып тұрады.
«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша Елтай ауылына спорт алаңын салу үшін 8 млн 117 мың теңге қаржы бөлініп, спорт алаңының құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді.
Бақтыбай ауылындағы тұрғын үй құрылысын салуға арналған 6 га жер учаскесіне су жүйелері мен электр желілерін тарту үшін 52 млн қаржы бөлініп, бүгінгі күні жер учаскелерінің таңдау актісі жасалды және 37 адамға тұрғын үй құрылысын салу үшін жер учаскелері кезекке сәйкес беріледі.
Бақтыбай ауылындағы Жансүгіров, 8 Март, Әуезов, Қонаев, Б.Римова көшелеріне 6 млн. 117 мың теңгеге жөндеу жұмыстары жасалып, Қонаев көшесінің аулаларына ұзындығы 2 шақырым болатын қоршаулар қойылды. Одан бөлек Қонаев көшесіндегі 3 бұрылысқа бағдаршамдар орнатылды.
Округтегі Д.Бейсебаев, Қабанбай батыр, Тәуке хан, Т.Рысқұлов, Д.Қонаев көшелерін тұрақты және сапалы байланыспен қамтамасыз ету үшін байланыс желілерінің столбалары ауыстырылды.
Сонымен қатар, ауылда 2019 жылы мешіттің құрылысы басталған, бүгінгі таңда қабырғасы көтеріліп, шатыры жабылып, терезелері орнатылды. Құрылыс жұмыстары шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлердің демеушілік етуімен салынып жатыр.
Осындай атқарылған ауқымды жұмыстарды ауыл әкімі жиылған қауымға баяндап берді. Сөз кезегі Рауан Тұрданғазыұлына берілді. Аудан әкімі ауыл тұрғындарына аудан бойынша мақтануға тұрарлық істерді халыққа айтып, келер жылы атқарылатын жұмыстарды тізіп шықты.
Кезекті есеп беру жиынынан кейін аудан әкімі ауыл тұрғындарын көкейкесті сұрақтарымен қабылдап, мәселелердің міндетті түрде қаралытыны туралы айтты.
«Әкім бол – халқыңа жақын бол» демекші, Айдын Исабековтің ел игілі жолында ат-қарған ауқымды жұмыстарына ауыл халқы қанағаттанарлық деген бағасын берді.