ӨТКЕН ЖЫЛҒЫ ЖҰМЫСТАР ТҰРҒЫНДАР КӨҢІЛІНЕН ШЫҚТЫ

15 қаңтарда Ескелді ауданына қарасты ауылдық округтерде аудан, ауыл әкімдерінің есебі басталды. Алғашқы есеп Жалғызағаш ауылдық округінде өтті. Есеп беру шарасына аудандық әкімдіктің бөлімдерінің басшылары, мекеме басшылары мен мамандары және БАҚ өкілдері қатысты.
Жалғызағаш ауылдық округіне қарасты екі елді мекен бар. Жалпы тұрғындар саны 1336 адам. Жалғызағаш ауылында 1088, Биғаш ауылында 248 адам тұрады.
Өткен жылы жалпы дақылдардың өнімі 18190 тонна құрады. Оның ішінде: күздік бидай – 1177 т.; жаздық арпа – 1076 т.; дәндік жүгері – 30 т.; майбұршақ – 576 т.; қант қызылшасы – 2770 т.; картоп – 2285 т.; көкөніс – 86 т.; көпжылдық шөптер – 8990 т.; шабылған шөп – 1200 т.
2020 жылдың 1 қаңтарына 3875 ірі қара мал саны бар. Соның ішінде: сиыр – 1756 бас, жылқы – 1034 бас, қой мен ешкі – 16828 бас, құс – 3100 бас болды.
Округті абаттандыруға және көркейтуге 753 мың теңге бөлінді. Оның ішінде: билбордтар, баннер мен панноларды ауыстыруы мен жаңадан жасап орнатуы бойынша 150 мың теңге бөлініп, жұмыстар жасалды. Қаржы толығымен 100 пайыз игерілген екен.
Округті көгалдандыруға 150 мың теңге бөлініп, 10 түп қарағай көшеттері отырғызылды. Мереке күндеріне безендіру жұ-мыстарына 160 мың теңге бөлініп, толығымен игерілген.
Ауыл әкімі Елдос Алпысбаев өткен жылы атқарылған жұмыстарды және алдағы уақытта атқарылатын істерді тізбектеді. Ауыл ақсақалы, жергілікті қоғамдық кеңестің төрағасы Нұрғали Талдыбаев жарыссөзге шықты. Ол ауылда бірталай жұмыстар жасалып жатқанын тілге тиек етті. Жалғызағаш-Қарабұлақ күрежолдарында жұмыс жасалып жатқандығы, оның сыртында Көктөбе су каналдары талай жылдардан бері тазартылмай, артынша соның талай жері тазартылғанына дән риза болды. Одан бөлек балабақшаға арналған ойын-сауық орталығы бой көтеруде екенін және осы сияқты іс-шаралар биылғы жылда жалғасын табатынына сенім білдірді.
Келесі кезекте сөз алған Жалғызағаш орта мектебінде физика-математика пәнінің мұғалімі болып қызмет ететін Айнахан Телемисова мектепте жаңадан қолға алынған шаралардың жемісін және қызмет ететін ұстаздардың жетістіктерін айтты. Өткен жылы ҰБТ-де үздік нәтиже көрсеткен оқушыларының жеңістерін де саралады. Сөз барысында мектеп ұжымы атынан аудан әкімі Р.Рақымбековтен мектепті күрделі жөндеу жұмысынан өткізіп беруді сұрады.
«Алматы облысының дін істері басқармасы» ММ-нің басшысы Р.Есдәулетов Мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқаевтың Жолдауы барысында халық үніне құлақ асатын мемлекет құру қажеттілігін ортаға салды. Осы мәселе бойынша қоғамда, ортада халықтың белсенділігін арттыру мақсаты барын айтты: «Жыл сайын әкімдердің есебіне қатысып жүрмін. Әкімдердің есептерінен кейін облыс әкімінің есебі бар. Оған да әр ауданнан арнайы делегаттар барып қатысады да, өздерінің бағасын облыс әкіміне де беретін болады. Енді осындай мәселеде ортада жүрген азаматтарға көңіл аударса деген сөздерінен гөрі сол азаматтардың аты-жөнін нақтырақ атап айтқанымыз дұрыс болар еді», – деді. Аудан прокуроры Құралбек Маратұлы 11 қаңтардан бастап біраз өзгерістер енгізілген заңдармен таныстырып өтті. Ең маңызды проблемалардың бірі жол-көлік апаттары, зорлық-зомбылық қылмыстарының санының көбеюі, ғаламтормен есірткі сатылуына байланысты және мал ұрлығы қылмысының өршуіне байланысты баптары ауыр дәрежеден аса ауыр дәрежеге ауысып жатқандығы туралы толық түсіндіріп өтті.
Тұрғындар тарапынан да бірнеше сұрақтар қойылды. Олардың қатарында Әуелхан Сыдықов есімді ауыл тұрғыны қатты қалдықтарды тасымалдау және науаларды (латок) орнату және жолды күрделі жөндеуден кейін басты көшені тазарту мәселесін қарастырса деген өтінішін білдірді. Тағы да бір ауыл тұрғыны, көпбалалы ана мектеп жолында балалар өтетін тұсқа белгі қою мәселесін көтерді. Одан бөлек жол жасау жұмысының аяқталар уақытын да нақтылап сұрады. Осы сұрақ бойынша ақпан айынан басталып жаяу жүргіншілер жолы, басқа да белгілер жасалатын болады және жол қараңғы болғандықтан, сметалық құжат-тар дайындалған соң орталық көшеге жарық шамдар орнатуға қаржы бөлінетін болды.
2019 жылда жасалған жұмыстар толығымен қорытындыланды. Аудан әкімі мен Жалғызағаш ауылдық округі әкімінің жыл бойы атқарған жұмыстарына тұрғындар қанағаттанарлық деген баға берді. Есептен соң аудан әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, сұрақтарына жауап берді.