АУЫЛДЫҚ ОКРУГТІҢ ЖАҒДАЙЫ КӨҢІЛ ҚУАНТАРЛЫҚ

Екінші кезекті есеп беру Төлеңгіт ауылдық округінде жалғасын тапты. Еліміздің басты құжаттарының бірі Жолдау төңірегінде тиімді жұмыстарды атқарып келе жатқан ауылдық округтердің бірі осы елдімекен десек болады.
Ауылдың экономикасын құрайтын негізгі сала – ауыл шаруашылығы. Округте 1 өндірістік кооператив, 1 су кооперативі және 120 шаруа қожалықтары ауылшаруашылық өнімін өндірумен шұғылданады. 2018 жылы барлық себілген жеріміз 2036,40 га, оның ішінде суармалы жер 1567,35 га.
2019 жылы әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасы бойынша картоп 85,9 га жерге егіліп, 200 центнерден 1750 мың тонна өнім алынды, соя – 960,9 га жерге егіліп, 21 центнерден 2017 мың тонна өнім жиналды, көпжылдық шөптер – 167,1 га себіліп, 100 центнерден 1677 мың тонна өнім алынды, көкөніс 52,2 га себілді, 230 центнерден 1148 тонна өнім алынды.
«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021» бағдарламасы бойынша 13 ауыл тұрғыны 31,800 млн. теңге қаржылай несие алып, өз істерімен, яғни мал өсіру бағытында жұмыстар атқаруда. 2 азамат жастар тәжірибесінен өтті, 4 азамат қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз етіліп, әрқайсысы салаларына сәйкес жұмыс жасауда.
Ауыл тұрғындарының және демеушілердің көмегімен ауыл мешітінің жанынан 350 орынға арналған ас беруге асхана салынды. Сонымен қатар, алда тұрған жоспар бойынша Екпінді ауылының Б.Жолбарысұлы, Қаблиса Жырау көше жолдарына орташа жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттары бекітіліп, жұмыстар жүргізілуге дайын.
Жетісу ауылында Дайыров, Абай, Қареке, т.б. көшелерге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттарын дайындауға сұраныс берілді.
Ауылдық округтің әкімі Қанат Сатановтың есебінен соң жарыссөзге ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлаубай Әлімқұлов осы ауылда өсіп-өніп, қызмет атқарғаннан кейін зейнетке шығып, ауылдың тыныс-тіршілігімен өте жақсы таныс екенін айтып өтті. Оның сөзінше ауылдың барлық жағдайы жасалған, жолдардың бәріне тас төселіп, қамтамасыз етілген. Өзі 2001 жылы жер алған екен, артынша оны қалай пайдалану керек екенін білмегендіктен, ұлына тапсырыпты. Соған ауылға арнайы бюджеттен ақша бөлініп, бір аграном мен инженер маманы бөлінсе деген ұсыныс білдірді. Ауылдық округтерге қарасты ауылдарға барып келетін бір дәрігер болса дегенде ниетін білдірді. Сол маманды тұрақтандыру мүмкіндіктерін де қарастырып, өзінің ойымен бөлісті. Ауыл әкімінің жұмысына әрқашан қанағаттанарлық деген баға беретінін және тәжі-рибесі мол осындай азаматты жоғарылатып жіберуге де болатынын айтты. Тек біз өзіміз әкімімізді қимаймыз, ешқайда жібергіміз келмейді деп үн қатты.
Жетісу ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Жазира Толымбекова жарыссөзге шығып, неше жылдан бері үй кезегінде тұрып, тұрғын үйге қол жеткізсем деген арманы бірнеше ай бұрын Тұңғыш Президент күніне орай «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Жетісу ауылынан баспаналы болғанын хабарлады. Қуанышында шек жоқ ана ауылдың дәрігерлік амбулаториясына жұмысқа орналасқанын баяндады. Мемлекеттің көпбалалы аналарға деген қамқорлығы қашанда көрсетілетінін алға тартып, өз ризашылығын білдірді. Бүгінгі есеп беру жиналысында атқарылған істерге көңілі толатындығын білдірді.
Әкімшілік тарапынан әртүрлі мәселелер бойынша ауыл тұрғындарымен кездесулер өткізілетін ауылдық округтің жағдайы көңіл қуантады. Оған айтарлықтай көп жылдан бері аймақты басқарып келе жатқан ауыл әкімінің де үлесі зор. Төлеңгіт ауылдық округі аппараты тарапынан алға қойған жоспарларды орындай отырып, округтің әлеуметтік-экономикалық жағдайының жоғары деңгейде болатындығына тұрғындар бірауыздан қанағаттанарлық деген баға берді.