МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ ӨҢІРЛЕРДІ АРАЛАУДА

Жыл басы Парламент депутаттарының аудандарды аралап, өңірлердің тыныс-тіршілігімен танысуларынан басталды. Мәселен, Ескелді ауданына іссапармен келген Қазақстан Республикасы Парламент мәжілісінің депутаты Әбдіманап Бектұрғанов ең алдымен Алдабергенов атындағы орта мектептің ұжымымен кездесіп, «Педагог мәртебесі» туралы жаңа заңды талқылады.
Жиынға аудан әкімі Рауан Рақымбеков, «Nur Otan» партиясы Ескелді аудандық филиалының төрағасы Дәулет Идрисов және облыстық Нұр Отан партиясы филиалы төрағасының орынбасары Гүлнар Тойлыбаева қатысты.
Жиын барысында ұстаздар қауымы өз тараптарынан жаңа заң жүйесіне байланысты туындаған сұрақтар қойып, тиісті жауаптарын алды. Әбдіманап Елікбайұлы мектеп қабырғасында еңбек ететін әрбір ұстаз заман талабына сай білімді, жан-жақты дамыған, жаңашыл болуға тиіс екенін алға тартты.
Ел ағасы келесі кезекте ауданымызда жаңадан бой көтеріп жатқан денешынықтыру-сауықтыру кешенін аралады. Құрылыс алаңының қызу жұмысымен танысқан депутат ең алдымен жұмыстың сапалы түрде орындалу керегін айтты. Айта кету керек, Ескелді ауданының Қарабұлақ ауылдық округінде іргесі қаланып жатқан 180 орындық денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы 2020 жылдың қазан айында аяқталады. Жаңа кешен спорт сүйер қауымның үлкен ғимаратта шынығып, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне ықпал етері сөзсіз.
Депутаттардың құрамы алдағы уақытта облысқа қарасты басқа да елді мекендерді аралап, тұрғындармен жүздесуді жоспарлап отыр. Бұл халық қалаулыларының жұмысына айқын бағыт, оң бағдар берері даусыз.
Алима МҰРАТҚЫЗЫ,
Ескелді ауданы әкімінің баспасөз хатшысы.