АТҚАРЫЛАР КЕЛЕЛІ ІСТЕР ӘЛІ ДЕ КӨП

Бұл күннің соңғы есеп беру кездесуі Сырымбет ауылдық округінде өтті. Ауыл үшін өткен 2019 жыл қоғамдық, экономикалы-саяси, мәдени, спорттық шараларға толы жыл болды.
Әлеуметтік сала бойынша 2019 жылы жаңа форматта атаулы әлеуметтік көмек бойынша 47 отбасына жәрдемақы төленді. Өткен жылы 18 адам ақылы қоғамдық жұмыспен қамтамасыз етіліп, жаңадан 32 жұмыс орны ашылды. «Бастау» бағдарламасы бойынша 10 азамат оқуға қатысып, сертификаттарын алып, өздерінің жаңа істерін ашқан екен.
«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021 бағдарламасы» бойынша 3 азамат 1 515 000 теңге «Бастау» бағдарламасы бойынша, 6 азамат 18 300 000 теңге қаржылай несие алып, мал өсіру бағытында жұмыстар атқаруда. 2 азамат жастар тәжірібиесінен өтті, 4 азамат кысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз етіліп, әрқайсысы салалары бойынша жұмыс жасауда. Әр салада жетістік бар.
Ауыл әкімі Алмас Шаихов өткен жылы атқарылған жұмыстарды атап өтті. Олардың қатарында: полигон аймағы тегістеліп, қиыршық тас төселген; ауыл тұрғындарының, демеушілердің, көпшіліктің көмегімен ауыл мешітін қоршау жұмыстары жасалуда; «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында Мәдениет үйінің маңында ауыл тұрғындарының демалыс саябағы орналастыру жұмыстары аяқталды; Округ бойынша жоспарға сәйкес 3 жаңа үй салынып, бой көтерді. 2020 жылға 3 үй салу жоспарланған; Ауылдық округ бойынша ірі малшаруашылық алаңдарына қылмыстың алдын алу мақсатында 8 үйде 32 бейнебақылау камералары орнатылды; Ауыл тұрғындарының өтінішіне сәйкес демеушілердің көмегімен бейітке баратын жолға қиыршық тас төселініп, тегістелінді; Округ тұрғындарының сұрауы бойынша Төле Би, Наурыз, Тәуелсіздік көшелеріне қиыршық тас төселінді; Ауылдың орталығында Ескелді би мен Абай көшесінің қиылысына ауыл тұрғындарына аялдама жасалынды.
Есептен соң жарыссөзге «Дүйсенбинов» шаруа қожалығының төрағасы Ертай Дүйсебаев сөз алды. Ол шаруашылыққа біраз жерлер жетіспейтіндігін айтып, ауданның жер комитетіне, аудандық мекеме басшыларынан суармалы жер сұрап, ыңғайы келсе, осы мәселені қарастырса деген өтінішін айтты. Ауыл әкімінің жұмысына көңілі толатынын жеткізді. «Витамикс» ЖШС директоры Тоқтар Боранбаев Сырымбет ауылының әкімшілігіне әрқашан да қолдау көрсететінін, өтініштерін жерге тастамайтындарын айтты. ризашылығын білдірді. Сырымбет ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық жағдайлары жоғары деңгейде болатынына сенімдерін білдірді.
Ауыл тұрғыны Рахымбет Асымбекұлы көптің көкейіне іркілген түйіткілді мәселенің бірі ауыз су мәселесін қозғады. Аудан басшысы тиісті мекемелерген су мәселесін қатаң бақылауға алуға тапсырды. Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алу конкурсының өткенін және келісімшарт толтырылса, қайтадан толығымен келіп аралайтынын жеткізді.
Шешімі табылмай жатқан «Бәйбіше» каналын дұрыстау мәселесі тағы да көтерілді. Қонысбай Әшімов есімді тұрғын мешіттің құжаттарын заңдастыру мәселесіне қатысты сауал қойды, Ораз Қорахан атамыз келінінің «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен тұрғын үйге қатысты сауал тастады және Юлия Свинцова өзінің 2 топтағы мүгедек баласына бөлінген дәрілердің сапасының нашарлығына шағымданды. «Мрамор Тас» ЖШС директоры Тоқтар Боранбаев жабдықтарды орнату үшін жер мәселесімен мән-жайды анықтауға жүгінді.
Аудан әкімі бұл мәселелерді басшылыққа алып, тиісті шараларды қолданатынын айтты. Ауыл әкімінің атқарған жұмысына ауыл халқы қанағаттанарлық деген баға қойды.