Даму бағыттары көрсетілген Жолдау

Мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаевтың “Әділетті Қазақстан: Заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм” атты Қазақстан халқына Жолдауы өтті.

Жолдауда еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық даму перспективаларына қатысты бірқатар өзекті мәселелер қаралды.

Жиында Мемлекет басшысы су тасқыны болмаған аймақтарда іске асып жатқан Республикалық “Таза Қазақстан” экологиялық акциясына тоқталып өтті.

Қоршаған ортаны қорғау, айналаны таза ұстау бүгінгі күннің басты талабы. Мемлекет басшысының бұл бастамасын іске асыру мақсатында ауданымызда қыруар тірлік қолға алынып, идеологиялық бағыттағы ауқымды іс шаралар атқарылып келеді.

«Баршаңызға мәлім, елімізде көктемнен бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жүріп жатыр. Бұл – тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастама. «Таза Қазақстан» шарасына бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат атсалысты. Жүздеген мың үйдің ауласы тазартылды, 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды. Осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді. Мұны туған елге деген сүйіспеншілік, жанашырлық деуге болады. Ұлттың жаңа сапасы осындай нақты шаралар арқылы қалыптасады.”- деп атап өткен болатын.

Мемлекет басшысы осы маңызды жобаны жыл бойы жалғастыруды тапсырды. Себебі, шынын айтқанда, кейбір азаматтарымыз табиғатты, көшелерді әлі де ластап жатыр. Осындай адамдардың әрекетіне заң бойынша тосқауыл қою керек. Бір сөзбен, қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет.

Халқымыздың бойында жақсы қасиеттер өте көп. Мысалы, өзге елдер бізді қонақжай, ақкөңіл халық ретінде біледі. Дәл солай тазалық жұртымыздың қанына, жанына сіңген қасиет болуы керек.

Әр адам тазалықты өз ауласынан бастап, өз қоқысын бейберекет шашпай арнайы қоқыс жәшігіне апарып тастайтын болса, онда өңір тазалығына кішкентайда болсын үлес қосқанымыз болар еді.

А.Канатов,

Ескелді ауданының тұрғыны