ЕЛІМІЗДІҢ ЕРКІНДІГІ – ТӘУЕЛСІЗДІК

Еркіндіктің ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында аудандық Мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті. Аудан әкімі Рауан Рақымбеков ескелділіктерді мерекемен құттықтап, тәуелсіз елдің дамуына үлес қосқан азаматтарды марапаттады.
Салтанатты жиынның шымылдығы дархан даланы ме-кендеген көшпенділердің еркіндігін бейнелейтін зор мәні бар би қойылымымен ашылды. Мемлекеттік Гимн орындалып, тәуелсіздік жолында жандары құрбан болған қайраткерлерге құрмет көрсетілді.
Рауан Тұрданғазыұлы Ескелді ауданының Құрметті азаматы атағын экономика ғылымдарының докторы, академик, ҚР Президенті жанындағы мемлекетті басқару академиясының профессоры Асқар Шәріповке, аудандық мәслихаттың хатшысы Қуат Алпысбаевқа және аудан әкімінің орынбасары Қайырғали Әлібаевқа тапсырды. Өз кезегінде Асқар Қалиұлы сөз алып, жарқын мерекемен жиналған жұртшылықты құттықтады.
Сонымен қатар, Тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік дамуы жолында қол жеткен табыстары және оның гүлденуіне қосқан зор үлесі үшін ҚР Білім және Ғылым министрінің Құрмет грамотасымен, алғыс хатымен және Алматы облысы білім басқармасының Құрмет грамотасымен біршама ұстаздар марапатталды. Республикалық конкурстарда үздік шыққан жеңімпаз ұстаздар да назардан тыс қалмады. Ауыл шаруашылығының дамуына қосқан зор үлесі үшін «Ауыл еңбегі» медалімен аудандық ветеринариялық бөлімінің басшысы Н.Бекетаев және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан қызметкерлер аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Еліміздің еркіндігі – Тәуелсіздіктің отыз жылға жуық ғұмырында елеулі еңбек еткен, болашақта сүбелі үлес қосар азаматтардың қатары көбейері хақ. Мерекелік іс-шара думанды мерекелік концертке ұласты.
Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.