Қыз тәрбиесі,ұлт тәрбиесі

«Руыңды қорғаймын десең, ұлыңды тәрбиеле. Ұлтыңды қорғаймын десең, қызыңды тәрбиеле» дегендей қазақ халқы «Қыз» деген сөздің өзін әдеміліктің, инабаттылықтың, сұлулықтың белгісі деп таныған. Халқымыздың халық ауыз әдебиетінде көптеген ақындарымыз қызға көптеген керемет суреттемелер берген. «Қыздың жиған жүгіндей», «Қыздың тіккен кестесіндей», «Қыз елдің көркі, гүл жердің көркі» т.б. деген нақыл сөздермен қыз баланың ұқыптылығын, шеберлігін көрсете білген. Халқымыз қыз тәрбиесіне аса мән беріп, құрметпен қараған. Қазақ қызының бойындағы ұлттық дәстүрімізге сай әдептілік, көріктілік, үлкенге ізет, кішіге ілтипат көрсетуге, имандылыққа, инабаттылыққа, сұлулыққа, қыз бала тәрбиесіне тән қасиеттерді бойына сіңіру мақсатында Алдабергенов ауылдық кітапханасында «Қызғалдақтар» қыздар клубы ұйымдастырылған. Клуб-мүшелерінен, төрайымы, хатшысынан құралған. Жылдық, айлық жоспары бойынша жұмыс істейді,отырыстар, пікір алысу кеші, тәрбие сағаты, тренинг т.б. шаралар ұйымдастырылады. Мысалы: «Ұл бала мен қыз бала сыйластығы» атты тренинг, ұл бала мен қыз бала арасындағы сыйластық қарым-қатынастарын дамыту, достыққа, сыйластыққа тәрбиелеу мақсатында өткізілсе, қыз балаға жат қылықтардың зияны, жақсы әдеттерді бойына сіңіру мақсатында «Қыздарға не жарасымды?» сұрақ-жауап кеші өткізілді.

М.Мулькаманова,
Алдабергенов ауылдық
кітапханасының кітапханашысы