Әкешім – асқар тауым

«Әке» деген әр адамның асқар тауы. Балалық шақта анамыз әкеңе айтамын, әкең келе жатыр деп қорқытатын. Оны ести сала шуылдап анамызды тыңдамай жүрген біздер сап тыйылатынбыз. Қай жерде, қай кезде болмасын оның жүзіне қарап ақ, бәрін ұғынатын едік. Жұмыстан шаршап келді ғой деп анамыз бәрін жасап зыр жүгіретін.
Келе сала жайдарлы көңіл-күймен үстел басына отырып, «Бүгін не істедіңдер?»деп сұрайды. Жан жағынан анталап, жарыса айта жөнелеміз. Еңбектің наны тәтті екені таңнан кетіп, кеш келген уақытынан ақ бізге түсінікті еді. Ыстық тамақ пен шәйді асықпай әрқайссымыздың жүзімізге қарап жымиып отырып ішетін. Кейін өскенде кім болатынымызды сұрап, үлкен әпкең осынша жасқа жеткенде сендер де есейіп қолғанат боласыңдар деп әңгімені өрбітетін. Өскен соң оқу оқып, адал еңбек етіп, тамақтарыңды адал тауып жеңдер дегені әлі күнге есімізде. Біреудің ала жібін ешқашан аттамаңдар, кең болсаңдар кем болмайсыңдар деп санамызға сіңіріп отыратын. Артынан жаңалықтар тыңдап, төбелес кинолар көріп отырып ұйықтап кетеді. Ақырын ғана теледидарды сөндіріп кетсең, көріп жатырмын ғой дейтіні қызық болатын.
Әкеміздің киімін ешқашан киіп болмаса лақтырып ойнамадық. Өйткені ол біз үшін өте қасиетті, қадірлі еді. Анамыз осыны үйретті аяқтың астында жатпасын биікке қойыңдар деп. Осы сөздің өзі оқып отырған адамды қалай жігерлендіреді десеңізші?! Үйде ағайынды бес баламыз.Әкем ешқайссымызға жақсы көретінін айтқан емес. Бірақ бізді жақсы көретінін, мейірленіп қарағанынан сезіп, қамқоршы екенін іс-әрекетімен білдіретін.
Ауылдағы жаз өте қызықты ғой. Мал өріске шығып, өзеннің суы сарқырап, айнала жасыл желекке бөленіп, ал біз болсақ сол өзеннің суына шомылып, беті-қолымыз жарылып, қап-қара боп қарнымыз ашып, ахілеп-ухілеп ойынға тоймаймыз.Анамыз біздің кір-қоңымызды жуып,тамағымызды жасап әлек. Ал әкеміз қыстың қамына кіріседі, егін егіп, бақшаға картоп отырғызып, оны суғару үшін көшенің басынан суды бұрып әкеп, арасында біздер жағаласып тыным бермейміз. Ат арбамен шөп тасығанда үстіне қосарласып отырып алатынбыз. Осылай балалық шағымыз өтті. Бесеуімізді анам екеуі ештеңеден кем қылмай өсірді, жоғарғы оқу орындарында оқытты. Ең бастысы дұрыс, түзу тәрбие берді.
Әкемнің отбасым үшін деп тыным таппай еңбек етіп көрген бейнеті, бүгінде зейнет жасына да таяп қалды. Бес баласы да өсіп, әрқасысы жан-жақта. Қыздары бір-бір әулеттің келіні. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп бекер айтпаған екен. Бүгінде әкем мен анамның бойымыз бен ойымызға сіңірген әрбір ақылдары мен сөздері біздің бүгінгі өмірімізде басты рөлді атқаруда.
Әкемді және әрбір адамзаттың әкесін бүгінгі «Әкелер күнімен» шын жүректен құттықтаймын. Әр үйдің тірегі мен тілекшісі болып отырған «Ұлы тұлғалар» аман болсын!
Әкешім – асқар тауым…

АЙЖАН БЕКЕЖАНҚЫЗЫ,
Көкжазық ауылдық кітапханасының кітапханашысы