Бүгін Жетісу облысынан су тасқынан зардап шеккен Батыс Қазақстан облысының тұрғындарына гуманитарлық көмек жіберілді. Бұл қолдау шарасы «Amanat» партиясының облыстық филиалы мен «Мейірімді Жетісу» волонтерлік фронт офисі арқылы жүзеге асырылды. Осы күні жалпы сомасы 40 миллион теңге болатын 85 тонна азық-түлік, киім-кешек және тұрмысқа қажетті заттар жөнелтілді, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық қоғамдық даму басқармасының мәліметіне қарағанда, су тасқынынан зардап шеккендерге қаржылай жәрдем де көрсетілуде. Мәселен, кәсіпкерлер қаржылай демеушілік жасаса, мемлекеттік қызметкерлер бір күндік еңбекақысын арнайы есепшоттарға аударған, оның жалпы сомасы 150 миллион теңге болды. Сондай-ақ құрылыс жұмыстарына қажетті 1000 тонна цемент жіберіледі.
Еске салсақ, «Amanat» партиясының өңірдегі филиалдарында және «Жетісу жастары» ғимаратында жалпы саны 10 қабылдау пункті ашылған болатын.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.