Аудан әкімі көктемгі дала және егін егу жұмыстарымен танысты

Аудан әкімі Елдос Ахметов Бақтыбай ауылдық округі “Дюсенбинов А.К.” шаруа қожалықтарының егістік алқаптарын аралап, көктемгі дала жұмыстарына деген дайындықтарын бақылап қайтты. Шаруашылық төрағалары егін науқанында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап берді.
Күн жылып, жердің тоңы жібіген кезде басталатын жыл сайынғы көктемгі егіс дала жұмыстары Ескелді ауданында да биыл да қарқын алды. Ауданымыз аграрлық өңір болғандықтан, жыл сайын егістік көлемін арттыруға мүмкіндік туып отыр. Мәселен, өткен жылы егістік көлемі 53237 гектарды құраған. Биыл бұл көрсеткіш 53312 мың гектарға артады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, өңірде өсімдік шаруашылығын әртараптандыру мақсатында дәнді дақылдар, майлы дақылдар, қант қызылшасын, көкөніс-бақша, картоп және мал азықтық дақылдардың да көлемін арттыру көзделуде.

Биыл “Дюсенбинов А.К.” шаруа қожалығы 350 гектар қант қызылшасын, 2000 гектар астық дақылдарын, 100 гектар жүгері, 80 гектар майбұршақ егуді жоспарлап отыр. Бұл жұмыстарға шаруашылықтардың техникалары сақадай сай дайындалғанын тілге тиек етті. Қазіргі таңда қызу еңбек жүруде. Бүгінде өңірдегі ауа-райының құбылып тұрғанына қарамастан, ауылдықтар да көктемгі егіс дала жұмыстарына кірісіп кетті. Ал, шаруалардың еңбегінің нәтижесін уақыттың өзі көрсетеді. Ең бастысы еңбек етуге барлық мүмкіндік бар.
Айта кетейік, аудан бойынша 17800 гектар жерге ылғал жабу жұмыстары жоспарланып, оның 18% орындалды, 23312 гектар жердің 320 гектар жері жыртылды. 12201 гектар күздік бидай мен көпжылдық шөптерді тырмалау жұмыстары жоспарланып, 6800 гектар жері тырмаланды. 620 гектар жаздық дәнді масақты дақылдары себілді. 2683,3 гектар жүгері дәнге дақылын, 11435 гектар майлы дақылын, 1600 гектар картоп дақылын, 1489,6 гектар мал азық дақылдарын себу, 1900 гектар қант қызылша себу, 1037,6 гектар көкөніспен бақша дақылдарын себу жоспарлануда. Сонымен қатар, егістіктің сапасын арттыру үшін техникалардың да сапалылығы маңызды.

Меруерт Қалқабаева,
Ескелді ауданы әкімінің баспасөз хатшысы