Әйгілі суретші, әлемдік бейнелеу өнеріне кубизм бағытын әкелген қылқалам шебері Пабло Пикассо: «Суретші көргенін емес, сезінгенін бейнелейді» деген екен. Осындай талантты жастың бірі – ауданымыздың орталығы, Қарабұлақ ауылының Шоқан Уалиханов атындағы мектептің ұстазы, суретші — Қастер Болат. Жас азамат дәл қазір шәкірт тәрбиелеумен қатар, шығармашылық жұмыспен айналысып жүр. Суретшінің ой-қиялынан туған картиналары әртүрлі тақырыпты қамтиды. Атап айтқанда, натюрморт, портрет, пейзаж, сонымен бірге тірі жан иелерін бейнелейтін анималистік бағыт пен белгілі бір тарихи оқиғаларға арналған көркем туындылар салуда. Бар әлемнің болмысын бір бояуға сыйдырған. Мың құбылған тылсым сырын қағаз бетіне түсіретін сарбаз азамат. Қылқаламы арқылы әр бейнеге жан бітірген. Оның бар болмысы қарандаштың ұшымен-ақ парақтың бетінде бейнеленген.
Бала күнінен бейнелеу өнеріне ғашық болып өскен өнер иесінің туындылары талайдың таңдайын қақтырып, тамсандырып жүр. Суретшілер арасындағы аудандық, облыстық республикалық байқаулардың жеңімпазы, жер жаннаты – Жетісу жұртына танымал десекте артық етпес. Текті халқымыз «жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да тартпай қоймас» деп бекер айтпаса керек. Қастердің де әкесі де кесіндемеден алыс болмаған екен. «Қанда бар икемдік талаптансаң өнеді ғой. Үйдің ішін суретке толтыратынмын. Ойнасам да сурет салатын едім. Жазғы демалыста үйірмелерге қатысып жүрдім, кейіннен арнайы оқыдым» – дейді Қастер Болат.
2006-2010 жылдар аралығында Семей мемлекеттік педагогикалық институтында бейнелеу өнері және сызу мамандығы бойынша білім алады. Бұл жылдар бозбаланың бүгінгі жетістігінің нәтижесі.
– Қылқаламға құштарлық қайдан туды, бәрі қалай басталып еді?
Сурет салу – Құдайдан берілетін қасиет. Оның көзін ашып, арнасын кеңейту, болмаса талант тасқынын дер шағында ұстап қалу – әр пенденің өз еншісіндегі іс. Ауыл балалары секілді мені де арман қанатына мінгестіріп, өнерге іңкәр еткен туған өлке табиғаты, айналамнан алған әсер. Бұған басты себепкер деп ең алдымен, әке мен ананың тәрбиесін, қазақы ауылдың қоңыр тіршілігін, бала қиялдан бүр жарған әппақ үмітті атаған болар едім. Осы уақытқа дейін сурет өнері менің жан рахатым ғана емес тіршілігімнің тірегі болып келеді. Сурет – ырыққа бағынбайтын шекарасы жоқ әлем. Сондықтан суретші қиялын тежей алмайсың. Ал шығармалардың құндылығын уақыт өзі екшейді. Ең бастысы, өнер адамы өзінің рухани діңінен ажырамағаны абзал. Суреткерді тарих шыңына алып шығатын оның салған сүрлеуі, өнердегі өзіне ғана тән дара жолы. Мәселен, Гогеннің бір шығармасын сал десеңіз кез келген суретші айнытпай салып береді. Бірақ оны көшіре салғанымен, ол Гоген бола алмайды, өйткені ол оны ойлап тапқан жоқ. Мұндағы негізгі мән суретші сол тың бейнені алғаш болып өмірге әкелуінде. Бейнелеу өнеріне өз бағытыңды алып келгенде ғана сен Сальвадор болып қаласың. Рембрандт психологиялық портреттерімен, Джотто адам сұлбасын өзгеше кейіптеуімен, Леонардо да Винчи адамның сегізге бөлінетінін, онда бас негізгі өлшем болатынын айшықтауымен әлемдік тарихта қалды. Моне екі мыңнан астам сурет салғанымен, оның екі жүзін ғана алып қалып, қалғанын өртеп жіберген. Себебі ол суреттерді ешкімге керек емес, айтары жоқ дүниелер деп есептеген. Яғни өзіне сын көзбен қарап, өнер өлшемін биік қойған. Өнерге талаптанған жастар Зигмунд Фрейдтің психологиясын, утопистердің еңбектерін шолып шығуы қажет. Бейсанадағы дүниені жарыққа шығару үшін суретшіде зияткерлік білім болғаны дұрыс. Суретші белгілі бір композицияны сомдамас бұрын өзінің алғашқы ойы мен соңғы мақсатын анық көріп, сол арқылы шығарманың мәнін таразылағаны ләзім.
- Қастер, сурет өнері деген біздің қазақ мәдениетіндегі, қазақ өнеріндегі кенже қалған өнердің біреуі ретінде саналады. Бірақ сол кенжелігіне қарамастан әсіресе кеңестік дәуірде 60 жылдардан бергі кезеңдерде қазақ сурет өнері ерекше жоғарғы қарқынмен дамыды. Біздің ұлттық идеологиямызды айтуда, ұлттық мәселелерімізді терең қозғауда суреттің тілі ерекше астарлы тіл бола білді. Жалпы сурет салуға деген қабілетті қай кезде байқадыңыз?
Мен 1-2 сынып оқып жүрген кезімнен-ақ сурет сала бастадым. Сурет салуға деген ынтамды әкем ашты. Себебі әкем ақын әрі күйші болатын. Ептеп арасында сурет салатын, ақындықтың арқасында табиғатты көркем тілмен жеткізіп оны көз алдына бейнелеп суреттейтін. Әкемді ауыл тұрғындары екінші Мұқағали деп атайтын. Маған суретшілік әкемнен дарыған болар деп ойлаймын.
– Пабло Пикассо: «Суретші – әр жерден: аспаннан, жерден, қағаздың сыбдырынан, өткінші формалардан, тордан, таулардан, даладан, табиғаттың әртүрлі көріністерінен келетін эмоциялардың ортасы» депті. Әркім әртүрлі пайым айтса да қылқалам құпиясын меңгеру екінің біріне берілген қасиет емес қой. Жалпы, Сіздің ұғымыңызда суретші деген кім, оның миссиясы не?
Суретші – басқа адамдардың қуанышын бөлісіп, қайғысына ортақтасатын, шындықты дәріптейтін һәм әсемдікті әйгілейтін ізденімпаз жан. Көп ғасырлар бойы адамдар жасаған ұлы көркемдік құндылықтарды оқып-үйренбей, өнерді түсіну және сүю мүмкін емес. Суретші – дәуірдің айнасы. Оның ұлы миссиясы – уақыт үнін келешекке жеткізу. Біз сурет өнеріне ат үсті қарамай оған терең таныммен үңілуіміз керек. Түптеп келгенде, суретші ұлы Жаратушының құдіретін әйгілейтін тұлға. Айталық, қылқалам шебері кейіпкердің сезімін дәл сомдап айнытпай бедерлегенімен оған жан бітіре алмайды. Міне, осы жерде ол өзінің әлсіздігін мойындап, барлық құдірет Құдайға ғана лайықты екенін паш етеді. Ал мұны терең зерделей алмағандар бейнелеу өнерін дінге қайшы құрал ретінде көрсеткісі келіп жүр. Меніңше бұл қате пайым. Қолының икемі бар адамды бейнелеу өнеріне үйретіп, шебер суретші жасауға болатын шығар. Бірақ одан нағыз суретші шығара алмайсың. Өнер деген ішкі ауру. Өзегіңді өртеген керуен ойларды сыртқа шығармасаң жаның жай таппайды. Суретшінің қаламгерлерден айырмашылығы салған суретін өзге тілдерге аударып әуреленбейді. Себебі өнердің тілі тұтас адамзатқа ортақ. Оны әр ұлт өз өресінде, өз танымында түйсінеді. Кенептің тағы бір миссиясы мәдениеттерді жақындастыру арқылы адамзатты ынтымаққа ұйыстыру. Сурет өнерінен ұлттың тарихын, қасиет-қалыбын, тіршілік арнасын көруге болады. - Әрбір шығармашылық адамының ұнататын, не болмаса бейімделген бейімделген бағыты бар. Сіздің қылқаламыңыздан туған дүниелердің қатарында қандай көріністер басым?
Көбінесе табиғат пейзажы және тұрмыстық, портреттік жанрлар суретін салуға құмармын. Соларға акварель, гуаш, майлы бояуды пайдаланамын. Тұлғалар портретін, табиғатты, қазақтың ұлттық дәстүрлерін дәріптейтін суреттерді бейнелеймін. Бұдан бөлек түрлі тақырыптағы көптеген еңбектерім бар. - Туындыларыңыздан туған жерге деген сүйіспеншілікті көруге болады…
Иә, дұрыс аңғарғансыз. Менің көп суретім туған жермен тікелей байланысты. Туған ауылымның түтініне дейін суреттерімнен орын алды. Оның әр тасы мен құмы мен үшін ерекше. Ауылыма қарасам тынысым кеңейіп, шабытым оянады. - Шабытым демекші, оны басыңыздан қалай өткізіп жүрсіз?
Негізі үнемі ой үстінде жүремін. Кейде санамда неше күннен бері қорытылып, жинақталған бейнелерді қағаз бетіне түн жарымда түсіремін. Әр кезде әрқалай. Күндіз жұмыста болғандықтан, демалыс күндері мен түңгі мезгілде шығармашылықпен айналысуға тура келеді. Негізі мен үшін шабыт жан дүниемнің тыныштығы сонымен қатар күшті өнерге жұмсаймын. - Өнер сатылмайды десек те кейбір суреттеріңізді қаншаға бағалайсыз?
Сатылатын суреттерді көбіне тапсырыспен саламын. Ең қымбаты елу мың теңге болуы ықтимал, негізі көлеміне қарай. Әрбір шығармаң балаң сияқты, сол үшін қымбат. - Әлемде әйгілі картиналардан сол ұлттың бір нақышы білінеді. Дендеп қарасақ, тарихына да куә боламыз. Ал Сіз ұлттық нақыш пен ұлттық тарихқа қаншалықты мән бересіз.
Біздің салт-дәстүріміз өзі үлкен бір картина, соны бейнелеу тілімен жеткізе білу үлкен бақыт. Суретшінің негізгі міндеті өзінің жаны қалаған картиналарды жазу. Сонымен қатар, ұлтыма не беремін, мемлекетіме не беремін деген ойды естен шығармаған жөн. Менің бұл бағытта бірнеше картиналарым бар. Жалпы түрлі бағытта сурет салған жақсы, маған да қызық. Бірақ айналып келгенде барлығы да көңіл-күйге байланысты.
– Жеке көрмелерін жиі өткізу суретші шығармашылығын шыңдауға қалай әсер етеді? Жалпы, көрмеге көзқарасыңыз қалай?
Көрме сенің бүкіл рухани әлеуетіңді көрсетеді. Түптеп келгенде, өнертанушылар мен суретшілер көрмеге сені сынау үшін келеді. Мұны көлкіген мақтау есту үшін науқаншылдыққа айналдырсаң өнерді қадірлемегенің. Сен өз деңгейіңді білуің керек. Ал өзіңе сын көзбен қарай алмай, құр мақтауға еліру өнеріңді өшірмесе, өсірмейді. Бұл әрбір суреткердің ішкі мәдениетінің өлшеміне тән дүние. - Көрмелерге өз туындыларыңызды шығарып тұрасыз ба?
Қәзірге облыстық деңгейде ғана, бұйыртса алдағы уақытта еңбектеніп жатсақ Республикалық тіпті халықаралық көрмелерге жол тартармыз деген ойдамын. Үмітсіз шайтан демекші қолымыздан келгенше тырысып көремін. - Әйгілі Винсент Ван Гог: «Мен ғибадатханаларды салғаннан гөрі адамның жанарына үңілгенді ұнатамын. Адам жан дүниесі әлдеқайда қызықты» деген екен. Сізді бейнелеу өнерінің биігіне алып шыққан дәл осы адам бейнесін салу. Жалпы, портрет жанры туралы не айтасыз?
Портреттің басты мұраты айнытпай ұқсатып, көшірме жасау емес. Басты мән ұқсастықта болса портреттің фотосуреттен қандай айырмашылығы бар? Кейіпкердің ішкі жан дүниесімен сыртқы сұлба қабысқанда ғана образ пайда болады. Сондықтан бұл күрделі жанр кез келген өнер иесінің оңтайына келе бермейді. Портрет – сонау ескі замандардан келе жатқан бейнелеу өнеріндегі ең бір көне жанр. Ерте замандардағы тасқа қашалған суреттер, жер-жерден табылған балбал тастардағы бейнелер осыған дәлел. Аталған жанр ең алғаш Мысыр мен Грек жерінде өркен жайды. Адамның сыртқы формасын жасаудан басталған бағыт кейіннен өзгерістерге ұшырап, академиялық талап-тілектерді орындайтын дәрежеге дейін жетті. Қайта өрлеу дәуірінде бұл бағыт тіптен шырқау биікке құлаш сермеді. Сыртқы ұқсастықтан бұрын, ішкі жан дүниеге терең мән беріле бастады. Бұл кезең Леонардо да Винчи, Микеланджело, Рембрандт, Рафаэль секілді кесек тұлғалардың дүниеге келуімен ерекшеленді. Ал қазақ бейнелеу өнерінде портрет жанрын алғаш қолға алған – Әбілхан Қастеев. Жоғарыда айтып өткеніміздей, техниканың өркендеуі саланың дамуына серпін берді. Фотоаппараттардың пайда болуы тіпті «портрет керек пе?» деген сауал туындатты. Өйткені техниканың көмегімен біз адам бейнесін гиперреализм дәрежесінде тарта алатын болдық. Техника қанша жерден көкке өрлесе де шынайы өнердің құндылығы биік тұратынын уақыт өзі дәлелдеді. Техника суретшінің ішкі сезімін бере алмайды. Басты айырмашылық осында жатыр. Даңқты Пикассо кезекті кейіпкердің суретін салғанда, әлгі кісі: «Бұл маған мүлде ұқсамайды ғой!» депті. Сонда ұлы суреткер: «Сіз отыз жылдан кейін осындай боласыз», десе керек. Шынында сол кісі, арада жылдар өткен соң дәл сондай болған деседі. Демек, суретші өзінің алдындағы кейіпкеріне қарап отырып, қиялымен оның болашағына саяхат жасауы, яки өткен өмірінің тұңғиығына сүңгіп кетуі мүмкін. Нағыз қылқалам шебері уақыт пен кеңістіктің шеңберінде шектеліп қалмайды. - Бұл салада жетістікке жетіп жүрген жандардың бірісіз. Атақ пен марапат та біраз болып қалған шығар?
Жоқ. Бұйыртқанына шүкір дейміз. Үлкен жетістік әлі алдыда. Бірақ облыстық көрмелерде туындыларымды шығарып тұрамын. Атап айтсам, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған атты облыстық кәсіпқой суретшілердің көрме байқауында бас жүлдені және 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне арналған «Анамның бейнесі» атты көрме байқауында 3 орынды иелендім. - Өмір өрнегін ұстаздық жолмен қатар өріп келесіз. Кәсіби салаға қатысты жауапты қызметтің тізгінін ұстап жүргеніңізді де білеміз. Жалпы, ұстаздық шығармашылық адамына кедергісін тигізе ме?
Ұстаздық өнерге мүлдем қолбайлау болмайды десем жалған айтқан болар едім. Көңілде жүрген жұмыстардың көбі кенепке түспей қалып жатады. Бұл – өкініш. Суретші үшін қол, көз, ми үшеуі бірдей жұмыс істеп отыруы керек. Өйткені көздің көргенін ми қорытып, соны қол орындауға тиіс. Үшеуінің біреуі өз миссиясын дұрыс атқармаса сурет солғын шығады. Осының бәрі өз деңгейінде қаламыңды тежейді. Педагогикалық қызметтің шығармашылық адамы үшін бір жақсы жағы бар. Өнердің теориялық қырын білу арқылы практикалық тұрғыдан дамуға болады. Қарапайым мысал. Мәселен, жылы түс пен суық түстің арасын қалай байланыстырамыз. Теорияны оқыған адамға бұл оп-оңай. Ұстаздықтың тағы бір пайдасы өзің үйрете жүріп үйренесің. Жастардың бойындағы эмоция, жалын-жігер кейде өзіңе де қуат беретін кездер болады. Жас ұлғайған сайын адамды ақыл жеңіп, эмоция азая бастайды. Ал мүлде эмоция болмаса, ол шығармадан әсер алу мүмкін емес. - Өзіңіз машықтап, білгеніңізді үйретіп, дайындап жүрген шәкірттеріңіз бар ма?
«Ат тұяғын тай басар» демекші, білгенімді үйретіп жүрген шәкірттерім аз емес баршылық. Олардың жеткен жетістіктері өте жақсы. Деңгейлері де өздерінің жасына сәйкес. Тіпті өзінің жасынан асып түсіп, бір айтқанымды қағып алып үйренетін, суретті жақсы салатын дарынды оқушыларым бар. Барған жерлерінен үнемі бас жүлде бірінші орын әкеліп, абыройымды көкке көтеретін шәкірттерім барына өте қуанамын. Басты мақсатым – елімізге шын мәнісінде еңбегі сіңер осындай көптеген шәкірттер дайындау, соларды өнер жолына бейімдеу, тарихи маңызы бар суреттер арқылы замандастарымызды ұлттық болмысымызды терең-танып білуге шақыру! Бейнелеу өнері төзімділікті қажет етеді. Суретшілік – сұлулықты көре білетін, тапқырлықты керек ететін мамандық. Білім алудың өзі инемен құдық қазғандай. Сондықтан, суретші болғысы келген әрбір адам ұзақ уақыт, жалықпай еңбек етуі керек. Бейнелеу өнері оңай іс емес.
Уақыт тауып, сұхбаттасқаныңызға рахмет. Сізге шығармашылық табыс тілейміз!
- Ақниет Эльдарұлы,
Сұхбаттасқан
- Ақниет Эльдарұлы,