Автокөліктегі өрттер

Автокөліктегі өрттердің негізгі себептері көліктердің техникалық ақауы және қозғалтқыш бөлігіндегі электр сымдарының қысқа тұйықталуы болып табылады, сол себепті автокөлік жүргізушілеріне көліктегі электр сымдарына назар аудару маңызды екенін ескерген жөн. Көліктегі өртті болдырмауға және өрт туындауы қаупін төмендетуге болады. Ол үшін жүргізушілер автокөлікті уақытында техникалық тексеруден өткізуі және техникалық жай-күйін бақылап отыруы қажет. Ең алдымен әрбір автомобильде ақаусыз өрт сөндіргіш болуы керек. Қажет болған жағдайда, өрт ошағын барынша тез және қысқа мерзімде сөндіруге кірісу үшін, өрт сөндіргіш оңай қол жетімді жерде болуы тиіс. Өрт сөндіргіш қозғалыс кезінде жүргізушіні көлік құралын басқарудан алаңдатпауы тиіс. Өрт сөндіргіштің жағдайын үнемі тексеріп тұрыңыз.

Оның майысқан және ісінген жерлері болмауы керек. Баллон қызып кетпеуі керек, бүріккіш еркін қозғалуға, ал оның элементтері деформацияланбауға тиіс. Кез келген өрт сөндіргіштің жарамдылық мерзімі төрт жылдан аспайды, пломбасы сақталуға тиіс. Осы қарапайым шарттардың кез келген бұзылуы құрылғыны ауыстыру үшін себеп болып табылады. Сонымен қатар, өрт сөндіргіштің автокөліктің ішінде орналасуы қажеттігін ұмытпау керек. Баллонды жүк салғышқа лақтыра салудың қажеті жоқ. Өрт сөндіргішті салонға бекітіңіз, алайда қауіп туындаған жағдайда оған оңай жету үшін, тым алысқа орналастырмаңыз. Өрт сөндіргішті пайдалану жөніндегі нұсқаулықты елемеуге болмайды. Төтенше жағдайға дейін бірнеше минут бөліп пайдалану ережелерін оқу және есте сақтау керек. Жану белгілері – түтін, жалын немесе бір түрлі иістер байқалса, автомобильді дереу тоқтатып, электр тізбегін бұзыңыз. Денсаулығына және өміріне зиян келтірмеу үшін, барлық жолаушылар көлік құралын тастап кетуге тиіс. Олардың міндеті – айналадағы жүргізушілердің назарын аудару.


Қ. Әшімов,
Ескелді ауданы
ТЖБ аға инженері