ҰЛТТЫҚ РУХТЫҢ НЕГІЗІ – ҰЛТТЫҚ ТІЛ

Әр халықтың ана тілі оның жаны, ұлттық болмыс-бітімінің бейнесі, ғасырлар бойы жинақтаған рухани байлығының көзі, ішкі жан дүниесінің өзіне ғана тән құпиясы. «Ел тәуелсіздігі – тіл тәуелсіздігі, тіл –ұлттың төлқұжаты, мемлекеттік тұғыры» демекші, осы бағыттағы болашақтың берік іргетасы бүгін қалануы қажет. Конституцияның 7-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тілі — қазақ тілі болып табылады. Осы ана тіліміздің қолданыс аясы кеңіп, үлкен мәртебеге ие болуына, қазіргі әлемде кең қолданыста жүрген тілдермен терезесі теңелуіне әр азамат өз үлесін қосуы тиіс.
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңы 1997 жылғы 11 шілдеде қабылданды. Осы заңның 4-ші бабында: «Мемлекеттік тіл –мемелкеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс-қағаздарын жүргізу тілі. Сонымен бірге, үкімет, мемлекеттік органдар мемлекеттік тілді, яғни қазақ тілін барынша дамытуға, оның халықаралық беделін нығайтуға және қазақ диаспорасына ана тілін сақтауы мен дамытуы үшін көмек көрсетугі міндетті»,- деп көрсетілген. Мемлекеттік тілге қатысты мәселе аз емес. Дегенмен көп жағдайда мемелекеттік тілдің рөлі орыс тілінің басым екені байқалатыны жасырын емес. Сондықтан қазақ тілінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында мемлекеттік деңгейде түрлі іс-шараларды жиі ұйымдастыру қажет. Іс-қағаздардардағы мемлекеттік тілдің сапасы артса, қоғамдағы тілге деген құрметі мен сұранысы арта түсері сөзсіз. Осы бағытты дамыту үшін мемлекеттік қызметтің қай саласы болмасын қызметкерлерді емлелік, лексикалық, стильдік қателерсіз жазып үйрететін арнайы курстар санын көбейкен жөн. Егемендік алғаннан кейінгі жылдары мемлекеттік тілге қатысты нақты іс-шаралар сейіліп, филологиялық тұрғыда сапасы сын көтермейтін сөздіктер мен аудармалар жарық көрді. Сөз тіркесінің және сөйлемнің грамматикалық құрамына сәйкес келмейтін сөйлемдер көбейіп, қызметке қажетті терминдер қазақшаға сапасыз аударылды. Осылайша қазақ тілі орыс тілінің аудармасына, қазақша нұсқадағы баламасына айналды. Оны заңнамалардың орыс тілінде қабылданып, қазақ тіліне аударылатынынан да байқауға болады. Тарихқа үңілсек ақын-жыраулар бүгінгі ұрпаққа өнерін өнеге етіп қазақ тілінде қалдырса, хандар мен шешендеріміз дауларды шешіп отырған. Бертін келе, яғни ХХ ғасырдың басында тіл мәселесіне қатысты көптеген еңбек жазып, термин жасау ісіне ерекше үлес қосқан тұлғалардың бірі де берегейі Халел Досмұхамедұлы болатын. Оның еңбектері негізінен әдеби тіл, жер-су аттары, аударма, түркі тілдерінің тарихы, көне сөздердің мағыналарын және шығу тегін ашуға арналған.
Қазақ тілі – ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан баға жетпес мұра. Олай болса әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, көркейтуге, оның заңдылығын сақтауға тиіс. Осы орайда ғұлама-ғалым Ахмет Байтұрсынұлының: «Ұлттың жоғалуына себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл, сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады»,- деген сөздері еске түседі. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Әлем таныған ел болу үшін ана тіліміздің жұлдызын биіктетуіміз қажет. Тіліміздің әрі қарай дамуы, мәртебесінің артуы елдің әрбір азаматына байланысты. Біздің борышымыз, азаматтық міндетіміз мемлекеттік тілімізді көздің қарашығындай сақтау, бағалау, мәртебесін арттыру болып табылады.


Гульжазира САДАБАЕВА,
Ескелді аудандық
сотының төрағасы