Әлемнің мәні – Әйелде!

Қай жерде, мейлі, қай елде
Әлемнің мәні – Әйелде.
Шын мықты болсаң оныңды
Әйелге барып дәлелде!

Қай заманда да, қай халықта болмасын әйел адамның орны ерекше. Қазақ халқында әйел адамға өмірдің әні мен сәні, үйіміздің жылуы, ер адамдардың ақылшысы, балаларымыздың тәрбиешісі деп қараған. Әйел – ибалы қыз, инабатты келін, ана, әпке, апа, әже. Әйел адамға аса жауапты міндет жүктелген. Тоғыз ай он күн толғатып, тар құрсағын кеңейтіп, тас емшегін жібітіп адамзатқа өмір сыйлайды. Ата — бабаларымыз да әйел адамға ерекше құрмет көрсеткен. Ұрпақ тәрбиесіне әйел адам жауапты болған. «Баланың жақсы болуы нағашыдан» деген әдемі сөз бар. Оның түп-төркініне келер болсақ, ата-бабаларымыз аналарының, әйелдерінің шыққан тегіне, қадір-қасиетіне ерекше мән берген. Ол әйел адамның ұрпақ өрбітудегі орны жоғары әрі жауапты екенін білдіреді. Қазақ қоғамында да, асыл дінімізде де қыз баласын сыйлаған, құрмет көрсетіп, бәрінен биік қойған. Мысалы, қыз баланы үйінде қонақ деп төрге отырғызған, қызға қырық үйден тыю болған, Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у) балаға Алла тағаланың берген сыйы деп қарап, ұлды артық көріп, қызды кемсітуге жол бермеген. Өйткені, қыз баланың жүрегі жұмсақ, жаны нәзік, ол ертеңгі біреудің қимас серігі, оң босағадағы қонақ деп түсіндірген. Сондай-ақ, көшпелі шаруашылықта киіз үйді тіккенде шаңырағын ер адамдар көтерсе, керегесін керетін, уығын шаншитын әйел адамдар болған.
Әйелдердің осындай артықшылықтарын көрген ерлер түрлі заңдар арқылы оларды қорғап отырған. Сондай-ақ, ақын-жазушыларымыз да әйел затын тілдеріне тиек етіп, ән, жыр, өлең, әңгімелерін арнаған. Мәселен: Дулат Исабековтің «Өкпек жолаушы» атты повесінде әйел затын танылмаған планетаға теңеп, дүниежүзінің ғалымдары бірігіп әлемнің құпияларын ашса да, ешқандай ғылымның, данышпанның әйел жанының құпиясын аша алмайтындығын айтқан. Қыз баланы болашақ жар, аяулы ана, ақ жаулықты әже деп жастайынан үй шаруасына, тігін тігу, құрақ құрау секілді шаруаларға баулып, адамгершілікке,әдемілілікке, парасаттылыққа, еңбек сүйгіштікке де тәрбиелеп отырған. «Алып анадан туады», — деген сөздің астында терең мағына жатыр. Ертедегі ел басқарған хандарымыз бен билеріміз, ер жүректі батырларымыз, ақын-жазушыларымыздың барлығы дерлік алтын құрсақты аналарымыздан туған. Балаларын данадай етіп өсірген, сондай ардақты аналарымызға кешегі тарихымыздағы Домалақ ана, Ұлжан, Ұмай, Зере аналарымыз, әулиелілігімен танылған Бегім ана, Шоқанның әжесі Айғаным анамыз бірден-бір мысал бола алады.
Сонау екінші дүниежүзілік соғыс заманында әйелдер түрлі шаруаларға араласып, экономика, өнеркәсіп, жеңіл өнеркәсіп т.б салаларын игере бастаған. Сол уақыттан бастап әйел адамдар қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, әйел адамдарда «ер мен әйел тең құқылы» деген пікірлер қалыптаса бастады. Ері жоқта есті әйел оны жоқтатпай, барлық жұмыстарды әйел адамдар жасай беретін дәрежеге жетті. Қазіргі қоғамымызда да әйел адамдардың орны орасан зор. Әйел адамдарды басшы тұлғалар қатарынан, бизнесте, экономикада, саясатта басқа да кәсіп салаларында кездестіріп қалатынымыз рас. Олардың саны күн сайын артып келеді десек те, өтірік емес. Дегенмен, «Алтын басты әйелден, Бақа басты еркек артық», — демекші Алла тағала әйелді әйел, еркекті еркек қылып жаратқаннан кейін, әйел адамдар қанша жерден шаруа істеп, ер адамдармен тең құқылымыз десе де, ер адамдардан мықты емес. Қазақ қоғамындағы әйел заты ерін сыйлаған, ерінен бір саты төмен тұрған. Дегенмен, қазіргі таңда отбасына да, жұмысына да үлгеріп, отбасында аяулы жар, ардақты ана, үлгілі келін болып, жұмысында биік-биік белестерден көрініп, абыройлы басшы боп жүрген әйел адамдары қаншама. Десек те, әйел – биліктегі саясаткер емес, отбасындағы саясаткер болса қандай жақсы?!
Әйел қасиеті
Әйел – өмірдің гүлі, көңілдің жыры, отбасының алтын діңгегі. Әйел жайында жырлаған қаншама ақын жазушылар,ғұламалар бар десеңізші.
Абай Құнанбаев «Ары бар, ақылы бар, ұяты бар, ата-ананың қызынан ғапыл қалма» деп кезiнде ер азаматтарымызға кеңес берген болатын.Сол ақын атамыз жырлағандай:әйел мейірімді,әйелдей ешкім қамқоршы бола алмас.
Әйел ана! Осы бір екі ауыз сөзді естігенде бойыңызға жылу тарап, анаңыздың аялы алақаны есіңізге түсетініне күмәнім жоқ. Себебі бұл сөзбен небір нәзіктік, небір шексіз махаббат байланысып жатыр емес пе?! Шіркін, ананың жаманы болмайды ғой. Барлық ананың бойынан баласын кез-келгеннен қорғайтын батырлықты, қажырлықты, сондай-ақ таусылмайтын махаббат пен мейірімділікті көруге болады.Алайда ананың жүрегінің кеңдігі мені таң қалдырады. Жаратушы алақандай ғана жүрегіңе сонша нәзіктікті, мейірімді, сүйіспеншілікті, шыдамдық пен сұлулықты қалай ғана сыйғызды екен?
Әйел бойында мынадай маңызды үш қасиет болу керек , олар – адалдық, нәзіктік пен мейірімділік.»Себебі ер адам өзінің жанында әрдайым адал, нәзік, сенімді және сұлу жандардың болуын қалайды», — деп ойлаймын.
«Бастысы, адалдық пен мейiрiмдiлiк сонымен қатар қарапайым,ішкі дүниесі әдемі болуы керек шығар. Себебі, бұл өмірде бастысы адамның адамгершілігі, оның ішкі дүниесінің сұлулығы», болмақ.Бұл әйел үшiн өте маңызды қасиеттер деп ойлаймын, себебi олар ошақ иесi болып табылады», — деген ойдамын.
«Әйелдерсіз өмір сүру мүмкін емес. Біздің барлығымызды әйел дүниеге әкелді. Олар біздер үшін қасиетті жандар», — деп айтамын.
Әйелге сенiм артып, оның жанында өзiңдi жайлы сезiнген маңызды.
Әйел бір қолымен әлемді бір қолымен бесікті тербетуші жер бетіндегі ең қасиетті адам. Оның алақаны тікеннің өзін жұмсартып, асаудың өзін жуасытар құдіретке ие.
Тіршіліктің қайнар көзі,мейірімнің кәусар бұлағы-әйел есімінен қасиетті ештеңе жоқ.(Ағайын алтау,әйел біреу,әйелден артық дос бар ма?)-деп халық даналығы және сөз маржандары ойыңа оралады.
Бiздiң әйел-аналарымыздың бiрiншi кезекте отбасын бағалай бiлуi, адамгершiлiк қасиеттерi өте маңызды.
Баланы тоғыз ай көтеріп,түн ұйқысын төрт бөліп,мұздай бесік таянған әйел ана перзенті үшін қайталанбас қасиетті тұлға. Олар үйдің ғана емес, түздің де адамы. Қандай жұмыс болса да, қандай қиындық болса да көтеруге дайын. Өйткені олардың жанын нәзік, жүрегін берік етіп жаратқан.
Бой жетіп, босаға өзгертіп, басынан қыз дәурені кеткеннен кейін ол қызметке тұрады, жұмысқа орналасады. Біраздан кейін балалы-шағалы болады. Одан соң қызмет, күйеу және баланың ғана қамын ойлап, бар жанын соларға салып, дедектейді де жүреді. Кешке, артынып-тартынып жұмыстан келе сала, білекті сыбанып жіберіп, үй ішіне ас әзірлейді. Мен осының бәрі әйел жүрегіндегі шексіз махаббатқа байланысты-ау деп ойлаймын.
Меніңше , әйел махаббаты -ең күшті махаббат. Еркектер әлімен күшті болса, әйелдер махаббатымен мықты. Әйел махаббаты әлемнің тұтқасы. Мен осылай деп түсінемін. Әйел махаббатының күші жердің тарту күшінен кем емес-ау деп ойлаймын.
Мінеки, әйел деген осындай ерекше еңбекші жұрт. Ол дүниеге өмір таратады, қоғам игілігіне еңбегімен үлес қосады, семьяға қуаныш әкеледі. Сол үшін ол қарлығаштай лыпып, ешқашан тыныш таппайды.
Қазақ халқымызда отбасым деп,бала-шаға деп,бүкіл өмірін сол жандарға арнаған әйелдеріміз арамызда баршылық.Өмірдің қиын кездерінде қаншама тауқымет көрсе де,өмірмен күресе білген қаншама әйелдеріміз де баршылық.Әсіресе соғыс жылдары,соғыстан кейінгі кездер елімізге оңай соқпады. Сұм соғыстың зардабы қаншама адамдарға,қаншама отбасына ауыр тиді. Ол кездерде еліміздің экономикалық хал-ахуалы,ел жағдайы тіптен қиын еді.Қара нанның қадірін біліп,әйел-ана,дос-жаран,ағайын-тума,туысқандар үшін жүрегі солар деп соғатын патриот әйел адамдар ол кездері көптеп кездесетін.Сонымен қатар өз мүддесінен гөрі елі,халқы үшін аянбай тер төгіп,еңбек еткендердің ішінде де әйелдер болды.Ауыр қара жұмыстардың да басы қасында әйелдер жүретін.Бидайды өгіз арбаға тиеп,қырманға апарып,пойызға арту саяси науқан ретінде аса жауапты жұмыстар болды. Еліміздің дамуына,халқымызға қалтқысыз қызмет еткен қаншама әйел-аналарымыз бар.
Әйел-аналарымызды кейінгі буын өкілдері,кейінгі жастарға ,яғни біздерге үлгі өнеге тұтуымыздың өзі бақыт емес пе?Мұндай әйел аналар қазіргі кезде көп кездесе бермейді.Маңдай терінің,еңбектің жемісін көріп отырған әйел аналарға ұзақ ғұмыр тілейміз.Осындай әйел-аналарымыз,аяулы жар,бақытты әже атанып отыр.
Ана – ардақтымыз
Жалпы ұлылардың ұлағаты, тағы¬лымды өсиеттерінен ана – қоғамды қозғаушы күш, бірлік-тірлік негізі, ел бейнесін айқындайтын өмір айнасы, ел тұтқасы екендігін тереңірек ұғы¬намыз. Әйел-ананың бейнесі қан¬дай бол-са, сол елдің бейнесі, салт-дәстүрі сонымен өлшенеді.
Ежелгі ана-әжелеріміз қазақтың ұлттық салт-дәстүрін берік ұстанған. Көлеңдеген шағи, шайы көйлектерін, қарапайым қатипа тірсек жең пешпетін киіп, жаңа жауған ақша қардай аппақ шұлауышын тартып, кестелі, оқалы кимешегін салынып, көксауырдан оюла¬ған, өкшесі ақ күмістен тіремелі көгала бас кебіс, былғарыдан мәсісін киетін. Өзінің аналық, әжелік сән-салтанатты ұнамды бейнесімен, көпке үлгі кейпімен жан біткенге мейірімді, жылы жүзімен ықыласы адамды өзіне баурап алатын.
«Ерін күткен әйелді ханым десе болады» дегендей үй иесі отағасының орны төрде. Астына екі қабаттап төсе¬ген қалың жылы, ақ-қара киізден ойыс¬тырып жасаған қарала сырмақтың үстінде малдас құрып қара да болса тағында отырған хан іспетті қастерлі, иығы көтеріңкі, ақ сақалы жайқалып, айбарлы ашаң жүзі жадырап ауыл-аймаққа, ағайын-туысқа әмірін жүр¬гізіп отыратын отағасының аузынан шыққан лебізін қарт ана баяғы жар сыйлаған дағдысымен елпең қағып алып ұшып тұра келіп айналасына жеткізетін. Өзі отағасының қабағын бағып, тас шайдан түйіп-түйіп, самауырға салып қайнатқан шайына қойдың қою сүтінің кілегейін қосып, қаймақ қатып, қалампыр сарымайдың иісін бұрқыратып қою күрең шайды әзірлейді. Жаңа сүзген жылы-жұмсақ ақ ірімшіктен жапырақтап турап, қызыл¬жарма құрттан жармалап, жаңа пісірген балқаймақтан – бәрінен шағын дөңгелек ағаш табағын толтырып шай¬тақ¬тайдың үстіне, отағасының алдына қояды. Шара¬дағы балқаймақты аузына тосып, қызыл күрең шайды самауыр боса¬ғанша тапжылмай құйып отырады.
Ана отағасының алдына бір ауыз көлденең тіл қатпай, ымының ығымен құрақ ұшып отырғанда ұл-қыздары, күйеубала-келіндері, ата-енесін өзі-нен-өзі одан сайын құрметтейді.
Білесіздер ме, дүниедегі ең сұлу кім? Дүниедегі ең сұлу – ол әйел, ол – ана! Неге? Әйел – бар мұратын отбасының игілігіне арнаған әлемдегі ең асыл, ең ізгі адам. Әйел – бар тілегін, арманын перзентінің жолына арнаған әлемдегі ең мейірімді жаратылыс. Әйел – бақытты некені ерінің талайынан күткен әлемдегі ең адал жан. Әйел – ұлттың ұйытқысы. Әйел – ұрпақтың анасы.
Даңқты батыр атамыз – Бауыржан Момышұлы «Біздің жерімізде еркек – діңгек, әйел – гүл. Діңгек – жапырақсыз, гүлсіз, қазақша айтқанда «қу бас» деген сөз. Әйел – құнарлы топырақ, онда адамзат дәні өсіп, жетіледі. Біз – сол дәннің жемісіміз. Әйелсіз адамзат «жемісі» ешқашан да болмайды» деген екен. Қандай тауып айтылған сөз!
Расында да, әйел – өмірдің мәні, әйел – тіршіліктің сәні, әйел – шаңырақтың ұйытқысы. Бір сөзбен айтқанда, әйелдің адамзат өміріндегі орны мен рөлі ерекше. Атам қазақ ықылым заманнан бері бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен аналарға ерекше құрмет көрсеткен. Қыздарын қадір тұтып, төрінен орын ұсынған. Қазақтың әйелдері де, қыздары да сондай құрметке лайық болғаны тарихтан мәлім. Сонау Тұмар анамыздан бастап кешегі Әлия мен Мәншүкке дейінгі аралықта даналығымен, ақылдылығымен, батырлығымен еліне, жеріне қорған болған бұрымдылар аз емес.
Ендеше, бүгін мақтасақ – барлығын жеңетін, тіршіліктің бұлағы Әйел-Ананы мақтайық. Оның алдында ажал да бас иегендіктен әйелді батыр деп дәріптейік. Ханды да, дананы да, батырды да өмірге әкелген әйелді – асыл жар деп ардақтайық. Бізге қажымас қайрат беретін – Әйел-Анаға бас иейік!
Айтыстың Асанқайғысы атанған ақын Жүрсін Ерман айтқандай «Қай жерде, мейлі, қай елде, әлемнің мәні – әйелде…».
Әйелдер мәңгі жасасын!

ЖШ ақпарат