ҮЗДІК ЖАСТАРҒА «КӨШБАСШЫ» СЫЙЛЫҒЫ БЕРІЛДІ

«Жастық шақ – ерлік жасар шақ» деп француз жазушысы Мари-Анри Бейль айтқандай, еліміздің жігерлі де жалынды жастары мемлекетіміздің серпінді дамуына өз үлестерін қосып келеді. Әсіресе, 400 мыңнан астам шоғырланған Алматы облысы жастарының қарқыны ерекше.
Ұлт көшбасшысы – Тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында облыс әкімдігі тарапынан мемлекеттік, қоғамдық істерге белсене араласып, әр салада жарқырай көрінген жастарды ынталандыру мақсатында жыл сайын дәстүрге айналған «Көшбасшы – 2019» жастар сыйлығын табыстау салтанаты өтті.
Жастар жұмысы сарапқа салынып, өзінің қарым-қабілеті, озық ойы, ақыл-парасаты, атқарған істерімен дараланғандар 20 номинация бойынша анықталды.
Көшбасшы атанған-дардың қатарында ауданымыздан қатысқан үміткерлердің ішінен топ жарып шыққан Алмас Ризабеков пен жас дәрігер Дархан Нұрмадиев үздік жастардың қатарынан көрініп, жүлделі сыйлыққа ие болды. Естеріңізде болса, жаз мезгілінде өрттен 3 жеткіншекті аман алып шыққан жас батыр Алмас Ризабеков «Үздік батыр» номинациясымен, ал Дархан Нұрмадиев «Үздік жас дәрігер» номинациясы бойынша марапатталды. Жас дәрігер «Еңбек жолы» облыстық конкурсында «Өндірістің үздік жас жұмыскері» номинациясы бойынша жеңімпаз атанып, 50000 теңге қаржылай сыйлықты иеленген болатын.
Салтанатты шарада Алматы облысының әкімі Амандық Баталов болашақ жастардың қолында екенін айтты. Көшбасшыларға арнайы диплом, естелік мүсін және 250000 теңгенің сертификаты табысталды.
Облыс әкімінің арнайы жүлдесі биыл 10-шы мәрте өткізіліп отыр. Айта кету керек, ауданымыздан қатысқан жастарға аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі мен мамандары ұсыныс білдіріп, ұйытқы болуымен биыл алғаш рет ауданның мерейін асырып отыр.
Көшбасшылық қабілеттерімен дараланған үздіктеріміз көпке үлгі болып қана қоймай, жетістіктен жетістікке жету арқылы елге еңбек сіңіріп, алдағы уақытта әлі талай үлкен істердің жанынан табылатындарына сендірді.
А. ОРАЛБЕКОВА.