Биылғы Жастар жылында Ескелді ауданы жастарының үлесі қомақты болды. Жоспарда тұрған істердің барлығы жүзеге асырылып, соның негізінде көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. Оған қатысқан жастардың саны шексіз, мамандардың атқарған жұмыстары өте жоғарғы деңгейде көрінді. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттен берілген мүмкіндікті жастар тиімді пайдалана білді.
Алматы облысы жастарының арасында үздіктер қатарынан көрініп жүрген ескелділік жастар «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының XV еңбек маусымының қорытындысында «Online-shtab» номинациясын иеленді. Бұл марапат аудан бойынша жұмыс маусымында 74 жасты маусымдық жұмыспен қамтамасыз етіп, жақсы ұйымшылдық көркеткендері үшін берілді.
Аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Серік Жолдыбаев:
– Биыл ауданымызды көгалдандыру мен тазалығын сақтауға, жас ұрпақ бойына патриоттық және экологиялық тәрбие беріп, елдегі жұмыссыздық көлемін азайтуға өз үлесімізді қоса білдік деген сенімдемін. Келесі жылы «Жасыл ел» еңбек жасақтарының құрылғанына 20 жыл толады. Соған орай жасаған жұмыстарымызды алдағы уақытта ары қарай жандандырып, тек биік белестерді бағындырамыз», – деді.
«Жасыл ел» жаз айында ұйымдастырылатын жай ғана экологиялық шара ғана емес, оның терең өмірлік мәні мен маңызы бар. Еңбек жасағында еңбек ететін жастар тек айналасын нұрландырып қана қоймайды, түрлі мерекелік және күнделікті іс-шараларға белсене қатысады. Ал жастар ресурстық орталығының мамандары оларға қызықты тренингтар, сауалнамалар ұйымдастырып отырады. Көптеген жастың Отанға деген сүйіспеншілігін оятып, елімізді жасыл желекке айналдырып жүрген жастар қауымына тек алғысымызды білдіреміз.
Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.