ҰЛТТЫҚ ДОМБЫРА КҮНІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен шілде айының алғашқы жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып бекітілді. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтай отырып, қайта жаңғырту төңірегінде 12 маусым күні қол қойған болатын. Енді сан ғасырдың тарихын сипаттайтын қасиетті қазақ домбырасы жыл сайын осы күні кеңінен ұлықталмақ.

Қазақтың киіз үйі, қара домбырасы және айтыс өнері әлем елдерінің ең ежелгі мұралары ретінде «ЮНЕСКО» тізіміне енгені белгілі. Табиғаттың үнін, тұлпардың дүбірін, адамның сырын шанағынан төгілткен домбыра енді жыл сайын ұлықталатын болды.

Осыған орай Ескелді аудандағы ауылдық округтерінің барлығында дерлік Ұлттық домбыра күні тойланды. Аудандағы Бақтыбай ауылдық округінде орналасқан Бақтыбай Жолбарысұлы мен Мәйке апамыздың ескерткішінің басына дәстүрлі өнерін қастерлеген, салт-дәстүрін ұлықтаған мәдениет және өнер иелері және кітапхана саласының қызметкерлері қатысты.

Шараны Жетісу ауылдық Мәдениет үйінің директоры Қ.Абылқасымов ақындардың домбыра туралы айтылған өлең жолдарын нақышына келтіріп, мәнерлеп оқыды. Ұлттық өнерімізді жанына серік етіп жүрген ауданымыздың күйшілері Е.Өкен мен Ғ.Шахарбаева күмбірлеген күй ойнаса, дәстүрлі әншілер Е.Абилов, А.Көмекова, Қ.Абылқасымов, М.Ахмет және М.Махыметхан әуезді әндерін шырқады.

ЕСКЕЛДІ АУДАНДЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІ.