Биыл Елордамыз Астана қаласы өзінің 20 жылдығын мерекелеуде. Осыған орай бүкіл республика бойынша Астананың 20 жылдық мерейтойын тойлау бойынша ауқымды іс-шаралар өткізілуде. Соның бірі – «Астана — Ұлы дала Елордасы» атты денсаулық эстафетасы.
Осы эстафетаның аясында жылжымалы медициналық орталықта дәрігерлер тұрғындардың денсаулығын тексерді. Аудан орталығында шатырын жайған кешенде қанның құрамы, қант деңгейі, қан қысымы тексерілді. Сондай-ақ тұрғындар флюорография және УЗИ құрылғыларымен тексеріліп, оларға хирург, терапевт, офтальмолог, гинеколог мамандар тегін кеңес берді.
Денсаулық эстафетасын еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі мен Алматы облысының әкімшілігі бірлесіп өткізіп отыр. Мақсат – аудан-ауылдарды аралап, салауатты өмір салтын насихаттау.
Бүгін денсаулық туы Көксу ауданынан Ескелді ауданына табысталды. Эстафетаны қабылдап алған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мұрат Бектұров жиналған қауымды мерекемен құттықтады. Денсаулық эстафетасы Текелі қаласына табысталды.
Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.