«Ғылым тарихы мен философиясы» пәні – Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде білім алып жатқан 1-курс магистранттарының ең қызықты сабақтарының бірі. Бұл пәнді педагогика мен психология, мектепке дейін тәрбиелеу және оқыту, бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі, музыка, кәсіптік оқыту, менеджмент, экономика, мемлекеттік және жергілікті басқару, құқықтану, тарих, қазақ тілі мен әдебиеті, математика, физика, информатика, биология мамандықтарының магистранттары қыркүйек айының басынан бастап жалпы гуманитарлық сипаттағы әдебиетпен өз бетімен жұмыс жасап, басты көзқарастық мәселелерді және олардың шешімдерін табу жолында еңбек етуде.
Ғылымның пайда болуы, оның дамуының философиялық ерекшеліктері, заманауи ғылым дамуының теориялық және жалпы методологиялық мәселелерін қарастыратын білімгерлердің бұл пәнді меңгеруде ұтатын тұстары көп. Әр саланың жетегінен ұстаған болашақ ғалымдар ғылымның қыр-сырына тереңірек мән беріп, өздеріне қажеттерін алуда. Мысалы, көптеген магистранттар осы пәннің негізінде өздерінің диссертациясының тақырыбымен байланыстыра отыра ғылыми мақалалар жазып, оларды ғылыми журналдарға жариялап үлгерді. Олардың қатарында қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының магистранттары С.Мұхамадиева, З.Жұмабекова, Қ.Шыныбаева, Г.Есмаханова, информатика мамандығының магистранттары М.Манибекова, А.Қабдолданова, С.Назарова, М.Шалматаева, С.Жұрсынболатова, педагогика мен психология мамандығының магистранттары М.Ысқақова, А.Маметқанова, Қ.Абдрашитова, мамандығының магистранты Ғ.Дәрібаев, тарих ма-мандығының құқықтану магистранты А.Тұрсынова, биология мамандығының магистранты Р.Ерімбет бар.
Магистранттар мен докторанттарды ғылым жолына дайындауда өзекті болып табылатын бұл пәннің ұстазы – философия ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Күлпан Әлікенова. Күлпан Нұрғазықызы адамның ғылыммен құрдан-құр айналыспайтынын, адамның өмірі әртүрлі мәселелермен тығыз байланысты, ал оларды игеру үшін адамға алдымен білім керек екендігін, ал ол білімді қалыптастыру ғылыми қызметтің мақсаты екенін үнемі айтады. Өз сөзінде:
– «Ғылым философиясы» шеңберінде бүгінде бірқатар ірі және жетекші орындағы мектептер қалыптасты. Оқу пәні ретінде «Ғылым философиясы» Батыста ХІХ ғасырдың аяқ кезінен бас-тап және ХХ ғасырдың басынан бері жүргізіліп келеді. Алғашқыда лингвистикалық философия бойынша курс ретінде, ал бүгінде «Ғылым философиясы» ретінде жүргізіле бастады. Біздің елімізде де әлемдік стандартқа сәйкес келетін білімнің жаңа жүйесін қалыптастыру іс жүзіне асырылып келеді. Сондықтан бұл пәнді оқып-үйрену – тек қана әлемдік білім деңгейіне сай келудің формальды түрі емес, жинақталған бай логикалық-рационалдық материалды және рефлекстік іс-қимылдың аса тиімді құралдарын иегере білу болмақ. Осылардың барлығын болашақ ғалымдарымның санасына құйсам, демек, мен жарқын бір жетістікке жеттім деген сөз», – деп айтқан болатын.
Аталмыш пәнді оқыту барысында Елбасының 2017 жылы жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жаңа гуманитарлық білім беру бағыты бойынша қолға алынған «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының аясында жарық көрген кітаптар кеңінен пайдалануда. Бұл жерде ғылым философиясына қатысты кітаптар ғана емес, педагогика, экономика, лингвистика, интернет психологиясы, халықаралық құқық салалары бойынша жарық көрген оқулықтар толығымен игерілуде. Магистранттар тек өз салаларына тиісті кітаптарды пайдаланып ғана қоймай, басқаларына да қызығушылық танытуда. Мысалы, гуманитарлық ғылымды жанына серік еткендер жаратылыстану бағытында жарық көрген оқулықтарды зерделеуде. Ал математика, физика, информатика пәндерінің болашақ магистрлері тілдің тарихын, пайда болуын меңгеруде.
Магистранттардың біліктіліктерін және олардың алдарында тұрған мәселелерді шеше алу жолдарын үйрететін ұстаз бен аталмыш пәннің ғылымға тигізер пайдасы зор.
Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА,
ЖМУ-нің 1-курс магистранты.