МҰҚАҒАЛИ — МӘҢГІЛІК ҒҰМЫР

Мұқағали Мақатаев – қазақ поэзиясы әлеміне шетсіз, шексіз кеңістік пен биіктік әкелген ақын. Ол шынында да алауыртқан таңдардан, қарауытқан таулардан түйсік алатын, бізге көрінбейтін сиқыр бояулардан, бізге естілмейтін құпия дыбыстардан тоят алатын. Оның арманы поэзияны сақтап қалу болатын. Бүгінде сол арманы орындалып, ақын поэзиясы тіршілікпен бірге жалғасын тауып келеді. Өзін өзгелерден ерекше көрмесе де, келешек ұрпақ Мұқағалидың нағыз арқалы ақын екендігін танытып отыр.
Жыл сайын дәстүрге айналған Мұқағали Мақатаев оқулары биыл да Қарабұлақ орта мектебінде өтті. Ең алдымен, жүргізуші жыр сүйер көрермен қауымына ақиық ақынның өміріне тоқталып, өз дауысымен жазылған бейнефильмді ұсынды.
Аталмыш мүшәйраға ауданға қарасты мектептерден 5 пен 9 сынып оқушылары қатысып, сайысқа түсті. Бір бөлімнен және жеті айналымнан тұрған «Жыр эстафетасында» қатысушылар ақынның «Райымбек, Райымбек» поэмасын мәнеріне келтіре отырып жатқа оқыды.
Барлық сыннан сүрінбей, өзінің алғырлығы мен мәнерлеп оқуының ерекшелігімен көзге түскен Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушысы Қарақат Айдар жүлделі І орынға лайық деп танылса, ІІ орындарды Т.Рүстембеков атындағы орта мектебінің 7-сынып оқушысы Ақмарал Бақытбекқызы мен Қаратал орта мектебінің 5-сынып оқушысы бөліссе, ІІІ орындарды Алдабергенов атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы Айдана Райымжан, Абай атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Жұлдыз Өмірзақ, Байысов атындағы орта мектептің 6-сынып оқушысы Аяла Сейсенбек, Қаблиса Жырау атындағы орта мектебінің 9-сынып оқушысы Мунира Абдолла иеленді.
Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебінің 9-сынып оқушысы Ақжайнақ Ғалбият байқауға белсене қатысып, өзінің ерекше дауысымен «Көрермен көзайымы» номинациясына ие болды.
Мұқағали оқуларында топтан оза шауып, дараланып көрінуге талпынған талаптылар аз болмады. Әрқайсысы осы оқуға арнайы үш айдан немесе одан да көп дайындалғандарын айтып өтті. Төрелік еткен қазылар алқасы жеңімпаздарды марапаттап, алғыс хаттарын табыстады.
Мұқағали өлеңдерін оқыған сайын қазақ өлеңінің құдіреті, сыры, ғажайыбы, өзгеше бір үні, әндей әуезі жүрегіңе ұялап, көкірегіңе құйылып, жадыңда жаңғырып, ерекше бір сезімге баурап, терең толғаныс ойға батырары хақ. Аудандық Мұқағали оқулары да өз мәресіне жетті. Алда облыс деңгейінде өтетін сынақ күтіп тұр.
Ақбота ОРАЛБЕКОВА.