Жетісу облысында 214 адам қызылшаға қарсы екпе алудан бас тартқаН

Жетісу облысында сырқаттанушылық республикалық көрсеткіштен төмен болғанымен, апта сайын қызылшамен ауырған науқастар саны артып келеді. Жыл басынан алғашқы нақтамамен 635 жағдай тіркеліп, оның 454-і расталған. Расталған жағдайлардың дені 5 жасқа дейінгі балалар. Айта кетерлігі сырқаттанғандардың 81,7% бұрын қызылшаға қарсы екпе алмаған.
«Облыста қызылша сырқаттанушылығын тұрақтандыру мақсатында бірқатар шаралар атқарылып жатыр. Жоспарлы түрде 1 және 6 жастағы балалар қызылшаға қарсы екпе алып, жұқпа ошақтарында қызылшаға қарсы екпелері жоқ немесе иммундық статусы белгісіз 30 жасқа дейінгі қарым-қатынаста болған адамдар егумен қамтылып отыр. 18 жасқа дейінгі қызылшаға қарсы егілмеген немесе иммундық мәртебесі анықталмағандарға екпе жұмыстары жүргізіліп жатыр», — дейді Жетісу облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Индира Кунбасова.
Өңірде қосымша жаппай иммундау бойынша бүгінде 21 275 адам қызылшаға қарсы екпе алған, яғни 40,2%. Оның ішінде 6-10 айдағы сәби – 2 587, 2-4 жастағы бала – 14 717, медициналық қызметкер – 3 156, 18 жасқа дейінгі тұрғын – 315.
«Қызылшаның алдын алудың жалғыз жолы – вакцинация. Ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін иммунизациялауға тиісті тұрғындардың 95 пайызы екпемен қамтылуы керек. Ұжымдық иммунитеттің жойылуы инфекциялық ауру ошағының өршуіне әкеледі. Сондықтан сәбилеріңіздің дені сау, жұқпалы аурулардан қорғалған болып өсуі үшін сапалы ас-ауқатпен тамақтандыру, дене жаттығуларына жеткілікті көңіл бөлумен қатар, уақтылы өз емханаңызда тексеріліп, дәрігер ұсынған екпелерді алып отырғаныңыз дұрыс», деп атап өтті Индира Саветқалиқызы.
Қызылша облыстың барлық аумақтарында тіркеліп отыр. Сырқаттанушылық деңгейі Талдықорған қаласы мен Алакөл ауданында жоғары. Облыста вакцинациядан 214 адам бас тартқан.