«Конго – Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу туралы»

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы (әрі қарай КҚГҚ) – вирусты, табиғи – ошақты, трансмиссивтік жолмен берілетін аса қауіпті, жоғары контагиоздық жұқпалы ауру.
Негізгі қоздырғышын тасымалдаушы, вирусты сақтаушы – иксодты кенелер және сүт қоректі жануарлар.

Адамға инфекция вирус тасымалдаушы кенелер шаққан, оны денеде сығып өлтірген кезде, не болмаса науқас адамның қаны мен басқа да биологиялық сұйықтықтары теріге және сілемейлі қабықтарға түскен кезде, малды қырыққанда және оларды кенелерден қолмен тазартқан кезде, кенелердің ішіндегісінің дененің ашық бөліктеріне түсуі нәтижесінде, науқастарды күткенде және оларға медициналық көмек көрсету кезінде жұғуы мүмкін.
Инкубациялық кезеңі 2 аптаға дейін созылады. КҚГҚ-ның негізгі белгілері: жоғарғы дене қызуы, бас және бұлшықеттері ауруы, құсу, диарея, геморрагиялық бөртпе, қан құйылу, қызыл иек, мұрын, құлақ, жатыр, асқазан – ішекке қан кетулер белгісі тән. Дер кезінде медициналық көмекке жүгінбеген жағдайда, науқастын өміріне қауіп төнеді.
КҚГҚ-ның табиғи ошақтары Республикамыздың оңтүстік аймақтары Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарында орналасқан.
Алдын алу шаралары:
Кене шаққан әрбір адам тұрғылықты жері бойынша емдеу мекемесіне тез арада қаралып, 14 күн ішінде диспансерлік бақылауда болуы қажет. Медициналық бақылау КҚГҚ-мен науқастарды ерте анықтау және жұқпаның одан әрі таралуына жол бермеу мақсатында жүргізіледі.
Денеге қадалған кенені пинцетпен немесе жәппен алып тастайды. Кенені теріге жақын тұмсығынан ұстап, маятник тәрізді ырғақты қозғалыспен ақырын денеден шығарып алу керек. Мүмкіндігінше қолға қолғап кию арқылы жүргізілуі абзал. Кене шаққан жерді йодпен өңдеп, қолды сабындап жуу қажет. Кенелерді жалаң қолмен алып тастауға және жаншуға болмайды.
Адамдар табиғат аясына барған кезде кене шағудан сақтанудың келесі ережелерді білу қажет:
-кененің киімнің астына кіруі мүмкіндігін азайтатын киімді кию;
-киімге жабысқан кенелерді анықтау үшін өзінді және бір-бірінді әрбір 10-15 минут сайын үнемі қарап отыру;
-табиғат аясынан оралғаннан кейін киімді және денені толықтай қарап шығу;
-кенелер болуы мүмкін екенін ескере отырып, тұрғын-жай және өндірістік бөлмелерге жаңадан жұлынған шөптерді, бұтақтарды және сырт киімдерді әкелмеу;
-кенелерді үркітетін арнайы дәрі – дәрмектерді пайдалану қажет.
Жоғарыда аталған қауіпсіздік ережелерді орындай отырып, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасын жұқтырудан сақтануға болатынын ұмытпағандарыңыз жөн.

Е.Сейсембинов,
Басқарма басшысы