ЗАҢҒАР ТҰЛҒА — ӘБІШ КЕКІЛБАЕВ

Әбіш Кекілбаев – адам жанының құпиясын түрлі тәсілдермен шебер жеткізе білген жазушылардың бірі. Оның шығармаларындағы кейіпкерлердің барлығы дерлік қарапайым болғанымен, олардың өзіне тән өмірі, тағдыры, ешкімге ұқсамас мінез-құлқы бар. Бір сөзбен айтқанда, оқырман қауым Әбіш қаламгердің таңбасын адаспай табады.
Заманымыздың заңғар тұл-ғасын еске алу мақсатында, әрі алдағы уақытта атап өтілетін 80 жылдық мерейтойының қар-саңында аудандық кітапхана ұжымы «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында «Әбіш әлемі» атты байқау ұйымдастырды. Байқауға ауданға қарасты мектептердің 8-11 сынып оқушылары қатысты.
Кітапханашы Динара Бесбаева Әбіш Кекілбаевтың өміріне тоқталып, қатысушыларға тың мәліметтерді ұсынды. Сонымен қатар, жазушы атамыз жайлы бейнефильм көрсетілді. Деректі фильмде заңғар жазушының 70-80 жылдар аралығында мәдениет, әдебиет, кино салаларында ұйымдастыру-шығармашылық қызметтерін атқара жүріп, өзінің жазушылық кәсібін атқарып жүргені жайлы айтылды. Оның партияның орталық комитетінің мәдениет бөлімінде әдебиет секторының меңгерушісі болып қызмет еткен жемісті еңбегі де бар. Ол тіптен Мәдениет министрінің орынбасары қызметінде болып, қысқа мерзімде қыруар істер атқарғаны көпке таңсық дүние емес еді.
Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп-гимназиясы, Титов, Алдабергенов, Шестаков, Рүстембеков атындағы және Мелькомбинат негізгі орта мектептерінен сайысқа түскен оқушылар бірнеше номинация бойынша сынға түсті.
«Әбіш Кекілбаев – заңғар жазушы» атты бірінші кезеңде сайыскерлер қаламгердің поэзия немесе прозасынан үш шығармасын мәнерлеп оқудан жарысты. Әбіш Кекілбаевтың өлеңдерін ғана емес, әңгімесінің кейіпкерлерінің де образына кіріп, шебер орындаған Т.Рүстембеков атындағы орта мектептің 8-сынып оқушысы Жансая Қыдыр жүлделі І орынды иеленді. Жансаядан кем түспеген Қарабұлақ орта мектебінің 9-сынып оқушысы Әнел Мұхаметбаева ІІ орын және Титов атындағы орта мектептің 8-сынып оқушысы Мөлдір Түктібай ІІІ орынды иеленді.
«Әбіш Кекілбаев – айшықты ақын» кезеңінде әрбір жас ақын өзінің ақындық қолтаңбасын көрсетті. Әбіш атамызға арналған әрбір арнау өлеңнің айтары мол, көркемдігі жоғары болды. Төрелік еткен қазылар алқасының шешіміне сәйкес І орынды Ш.Уә-лиханов атындағы орта мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы Гүлбайра Нағызбек, ІІ орынды Т.Рүстембеков атындағы орта мектебінің 8-сынып оқушысы Дана Сағитхан және ІІІ орынды Титов атындағы орта мектебінің 10-сынып оқушысы Әмина Айдарғали иеленді.
«Әбіш Кекілбаев – сырлы суреткер» атты үшінші кезеңінде үйге берілген тапсырма бойынша әрбір қатысушы Әбіш атамыздың шығармаларынан кем дегенде үш сурет салып келуі керек болатын. Суреттің айшықтығымен ғана емес, мазмұндылығын ескерген қатысушылар салған суреттерін оқыған шығармаларына орай сипаттап берді. Бұл байқауда І орынға Алдабергенов атындағы орта мектептің 8-сынып оқушысы Айдана Райымжан лайық деп танылды. ІІ мен ІІІ орындарды Мелькомбинат негізгі орта мектебінің 9-сынып оқушысы Бақашар Мұратұлы және Титов атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Аружан Бекқалиева иеленді.
Т.Рүстембеков атындағы орта мектебінің 10-сынып оқушысы Бақытбек Нұрдана мен Шестаков атындағы орта мектебінің 10-сынып оқушысы Айнұр Аманжол байқауға белсене қатысқандары үшін көрермен көзайымына ие болды.
Байқаудан жүлделі болған жүлдегерлер мен барлық қа-тысушылар арнайы дипломдармен және заманауи бағалы сыйлықтармен марапатталды. Шара соңында аудандық кітапхана директорының міндетін атқарушы Айгерім Айдарқызы мен аудандық Мәдениет үйінің әдіскері Ардақ Көмекова байқауға оқушыларын дайындаған ұстаздарға және қатысушыларға алғыстарын білдіріп, ізгі лебіздерін жолдады.
Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.