БАСТЫ НАЗАРДА — ТҰРҒЫНДАР ҚАУІПСІЗДІГІ

Тұрғын үй секторында пешті және электр қондырғыларын қолданғанда өрт қауіпсіздік ережелерін сақтау, өрттің алдын алу жұмыстары жөніндегі және иісті газдан улану фактілерін алдын алу мақсатында аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері 20 қараша күні брифинг өткізді.
Оған төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Д. Азаматов, Қарабұлақ ауылдық округі әкімінің орынбасары Е. Жиендин, «Қарабұлақжылу» мекемесінің бас инженері С. Ануфриев, ТЖБ құрамы және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Брифинг Ескелді ауданы әкімдігінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында тікелей эфирде өтті.
Күн тәртібінде тұрған негізгі мәселелер бойынша ға-на емес, жалпы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің атқарып жатқан жұмыстары және тұрғындарды мазалайтын сұрақтарына жауап беру, түсіндіру негізінде бөлім бастығы Д.Азаматов:
– Ескелді ауданы аумағында жыл басынан бері 31 өрт тіркелген, ал 2018 жылы 34 өрт тіркелді. Яғни өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда бұл 7%-ға кем деген сөз. Биыл жылыту маусымы кезінде өрттен қайтыс болған адам болмады, ал 2018 жылы бір адам қайтыс болып, тағы бір адам жарақат алған болатын. Оның негізгі себебі – өрт қауіпсіздік ережелерін сақтамау. Сондықтан да біздің бөлімнің қызметкерлері халық көп жиналатын жерлерге барып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен тығыз байланыс ұстайды. Әлеуметтік желілерде де белсенді. Бүгінгі күні брифингті тікелей эфирде өткізуіміздің басты себебі халықты барынша ақпараттандыру болып табылады, – деді.
Төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау майоры Р. Тазабеков 2019-2020 ж.ж. жылыту маусымы басталғаннан бері аудан аумағында иісті газбен улану фактілерінің тіркелмегенін айтты. Аудан аумағында 13049 тұрғын үй бар, осы уақытқа дейін ТЖБ және №23 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері 4320 үйді аралап, нұсқаулық таратқан. Күнделікті тұрғын үй секторын аралап, халыққа өрт қауіпсіздік ережелерін үйрету жұмыстары алдағы уақытта қызу жүргізілетінін хабарлады.
Тікелей эфирге қатысқан тұрғындар да біршама сұ-рақтарын қойды. Оның ішінде аудан аумағында болған өрт жағдайлары мен иіс газдан улану фактілері, газ жүйесінің тартылуы, төтенше жағдайлар бөліміне қызметке орналасудың шарттары және ауылдық округтерде өрт сөндіру бекеттерінің салыну мәселелері қызықтырды.
Бақтыбай мен Алдабергенов ауылдық округтерінде өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді. 2022 жылға дейін Төлеңгіт пен Сырымбет ауылдық округтеріне, Ақын Сара мен Қоңыр ауылдық округтеріне және Көкжазық, Қайнарлы, Қаратал ауылдық округтерінің әрқайсысына ортақ бір өрт сөндіру бекеттері салыну жоспарланып отыр.
Тұрғындар қауіпсіздігін басты назарда ұстаған төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері оқыс жағдайларды алдын алуды, жалпы халықтың өрт қауіпсіздігін сақтауда сауатты болуына өз жұмыстарын ары қарай жүргізе беретіндіктерін айтты. Тікелей эфирге 100-ге жуық тұрғын қатысып, эфир жазбасы парақшада сақталды.
Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.