БАСТЫСЫ — ЖҮРЕКТЕ ИМАН ҰЯЛАСЫН

Бұл мақаланың дүниеге келуіне бір оқиға әсер етті. Оқиға деймін-ау, дұрысын айтқанда, менің жаныма жақын болған, өзіме жақсы таныс бір жанның маған деген іс-әрекеті көкейіме мәні жоғары сауал тастады. «Адам – керуен, өмір – жол» деп Сәкен Сейфуллин айтпақшы, жүре берсең көре береді екенсің. Ойымнан көптен бері шықпай, шымбайыма батып жүрген жайтқа қатысты мәселені басқа арнадан бастасам деймін.
Бес уақыт намаз оқу, ораза ұстау, садақа беру, қажылық жасау және иман келтіру – әрбір мұсылман орындауы тиіс негізгі парыздар. Бүгінгі күні жұма сайын мешітке ағылған халықты, қасиетті Рамазан айында айт намазына жамағаттың көп жиналып, ине шаншар орын болмауы, сондай-ақ ауыз бекітетін жандардың, әсіресе жастар қауымының ізгілік жолға түсуі арқа-басымызды жадыратып қойғаны рас. Қуануы қуанамыз-ау, бірақ бұл жерде мені қатты ойлантатын бір дүние бар. Түсінікті болу үшін о басында айта бастаған оқиғама қайта оралайын.
Иә, әлгі танысым ораза ұстады. Өзіміз парызымызды орындамаған соң, барлығымыз «Ниетін қабыл болсын!» деп, мүмкіндігінше барлық жағдайды жасадық. Таңның атысынан күннің батысына дейін нәр татпау оңай емес, оның көзінше бір жұтым су да ішпейміз деп барлығымыз келістік. Ол да қандай қиыншылық көрсе де, алыс жолдарға іссапарға шықса да оразасын ашпады, шыдады. Талаптылығына біз де шексіз қуанып жүрміз. Рамазан айы біткен соң әлгі танысымыз сыртымыздан артық сөз айтып, бір адамнан басқаға біздерді балағаттап (тек оразадан кейін емес, мұндай сөздер бұрыннан да айтылуы мүмкін) жүргенін естідік. Көңіліміз құлазығаны рас. Ренжідік. Біраз уақытқа дейін сөйлеспей қойдық. Адамды кешірмейтін еш құқығымыз жоқ. Уақыт өте келе барлығы артта қалды. Қателескен болар. Жас қой, аяғын аңдамай басқан да шығар дедік те ұмыттық.
Өткен нәрсе өтті. Сонда да менің ойымнан мына бір нәрсе кетпеді. Сонда қасиетті айда өтірік айтпау, таза ниетті болу деген амалдар тек сол айға ғана тиесілі ме? Мен жастардың Рамазан айында мешітті жағалап, ал басқа уақыттарда түнгі клубтардан шықпайтынын, болмаса спирттік ішімдіктерді пайдалануын сөз етіп отырғаным жоқ. Ол да дұрыс емес, әрине. Дегенмен де, бір ай ауыз бекіткен кездегі кіршіксіз таза ниет қайда қалады екен? Берекелі де кешірімді айда сауап көп жиналатын ай деп пайдаланып, қалған жылдың он бір айында иманымыздан алыстаймыз ба? Сұрақ көп, бірақ маған жауап берер адамды таппадым. Бұл сұрағымды әлгі танысыма қойғым да келіп кетеді. Өзінің іс-әрекетінің дұрыс еместігіне көз жеткізбеген адам, менің бұл сұрақтарыма күле қарайтынына еш күмәнім жоқ.
Әрбір мұсылман ұстануы тиіс бес парызды көпшілігіміз орындамайтынымыз өзімізге аян. Одан басқа әйелдер қауымына ұятты тұстарын жауып жүру, орамалсыз жүрмеу сияқты амалдарды құлағымыздың ұшынан өткізе саламыз. Керісінше орамал тағып, басынан аяғына дейін ұзын киінгендерді «не болды сонша қымтанып» деп сыртынан сөз қыламыз да, ашық-шашық жүргендерге сүйсіне қараймыз.
Ізгі амалдарды орындау парыз ғана емес міндет. Оның сауабы да мол. Бірақ соған орай сай жүруден бұрын жүректі таза ұстап, Аллаға деген, өзіне деген иманның шынайы болуы шарт деп есептеймін. Өзіңе жүктелген парыздарды атқармасаң да, жан тазалығын, ой тазалығын қатаң түрде бұзбауың қажет. Абай атамыз «Сен Алла тағалаға иман келтіремісің, я Алла тағала үшін иман келтіремісің?» демекші, әрбір адам ең бірінші өзінің жүрегіне иман ұялатуы қажет. Бұл туралы Құранда «Хұжұрат» сүресінің 14-аятында былай дейді: «Бәдәуилер: «Иман келтірдік» деді. (Мұхаммед) оларға айт: «Сендер иман келтірмеңдер. Алайда: «Мұсылман болдық» деңдер. Өйткені, иман жүректеріңе кірмеді. Егер Аллаға, Пайғамбарға бағынсаңдар, амалдарыңнан еш нәрсе кемітпейді. Шүбәсіз Алла, аса жарылқаушы, тым мейірімді» дейді. Бір сөзбен айтқанда, иман келтірген адам діннің нақты үкімдерінің бірін тәрк еткізетін сөз немесе іс жасамауы тиіс.
Осындайда көпшілік иман мен амалды шатастыра ма деп ойлаймын. Барлық амалдарды орындап, сауап жинайды да, иманды жүректің түбіне бойлау керектігін ұмытып кетеді-ау, сірә. Құранда алдымен иман ету, содан кейін барып амал ету мәселесінің айтылуы да амалдың иманнан бөлек екенін көрсетеді. Құран Кәрімде: «Иман еткендер және ізгі іс істегендер…» деп басталатын көптеген аят бар. Міне, осы аяттарда иман еткендер мен ізгі іс істегендер деп бөлек-бөлек айтылуда. Егер амал иманның бір бөлігі болғанда тек қана «иман еткендер» деп айтылып, қосымша «салих амал істегендер» деп айтылмайтын еді.
Сондай-ақ күнәға бой алдырып, Алланың тыйған ісін жасау ол да амал етпеуге жатады. Кей аяттарда үлкен күнә мен иман бірге айтылады. Егер амал иманның бір бөлігі болатын болса, үлкен күнә істеген мұсылман кісі кәпір болып, Құранда оған: «Әй, иман еткен» деп айтылмас еді.
Ұлы ақын, философ, ағартушы Абай Құнанбайұлының «Жүрек – иманның көрінісі, иманды адамның жүрегі нұрланып тұрады. Адамның игі қасиеті жүректен шығады, жақсылыққа қуанады, жамандықтан жиренеді. Ақиқат тапқан жүрек алдамайды, алаламайды, адалдықтан айнымайды. Хадисте: «Алла адамның түр-әлпеті мен мал-мүлкіне қарамайды, оның жүрегіне қарайды» дейді екен. Алла жүректі иман, мағрифат және махаббат үшін жаратқан» деген сөздері бар. Бар айтпағым, мүмкіндігінше мұсылмандық парыздарымызды орындайық. Иман сақтауға қажет қорықпас жүректі, айнымас көңілді, босамас буынды кеудемізге шегелейік. Тек ең бірінші жүрегімізді тазартып, иманымызды ұяға қондырайықшы. Ал әлгі танысым осыны оқып, жай ғана ой түйсе екен деймін. Тек сол ғана.
Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.