ЖҰМАҚТЫҢ КІЛТІ ЖАНЫҢДА

Жақында Талдықорған жұртшылығына ортақ әлеуметтік желілердің бірінде бір қарт атаның суреті пайда болды. Суреттің төменгі жағында жазылған жазбада қарияны туған балалары Алматы қаласынан Талдықорғанға, дәлірек айтқанда, Текелі қаласындағы қарттар үйіне салып жібергенге ұқсайды. Әлеуметтік желіге атаның суретін салған және көпшілікке үндеу тастаған мейірімді жан атамызды үйіне қонақтатыпты. Алтыншы сәбиін күтіп отырған бұл отбасының әлеуметтік жағдайы да төмен екен. Сондықтан қартты тек уақытша үйлеріне пана етіп, қарай аламын деген адамдарға өтінішін білдірген. Атаның құжаттары түгел, зейнетақысы да мардымды. Тек бір өкініштісі, қарияның көзі көрмейді екен. Оқыдым да қынжылдым. Артық айтар сөз де таппадым. Желіде жарияланған бұл жазбаның төменгі жағында түрлі пікірлер де орын алған. Кінәлі адамды табармыз, ал мәселенің тамырына үңілеміз бе?
Осындай қоғамымыздағы сан алуан келеңсіздіктердің қатарында ата-анасын тастап кету, олардан түбегейлі бас тарту, тіптен қарттар үйіне өткізу деген сұмдық әрекеттің өрттей қаулап келе жатқанына осы оқиға арқылы тағы бір мәрте куә болып отырмыз. Әу баста жасы ұлғайып, қараусыз, ұрпақсыз қалған қарттар мен мүгедектерді әлеуметтік қорғау мақсатында өткен ғасырдың 50-60 жылдары құрылған мекемеде қазір төрт көзі түгел қарттардың саны өршіп тұр.
Осы оқиғадан соң жақында Текелі қаласында орналасқан «Шапағат» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барып қайттым. Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы қарттарға арнап мерекелік концерт ұйымдастыру үстінде екен. Орталықтағы қарттардың жастарымен шамалас «Мерцающие звезды» ансамблі өнерлерін көрсетіп, қарияларымыз өз замандастарына қосыла ән шырқады.
Ойым концертте емес, орталықтағы қарттардың қас-қабағын, мұңлы көздерін бақылаумен болдым. Қастарына жақындап, өмірбаяндарын тыңдағым келді. Қалай бұл жерге келгені, балалары бола тұра не себептен осы жерді паналап жүргенін білгім келді. Мүмкін қателік өздерінен кеткен шығар. Балаларына дұрыс тәрбие бермеген болар, қыңырлық мінез көрсеткен де шығар деген жаман ойлар мазалады. Бірақ олардың жылулық күткен жүректеріне сызат түсіріп, орны толмас өкініштерін естеріне түсіріп аламын ба деп бір сұрағымды да қоя алмадым. Көзбен бақылап, іштей ой түйдім.
Мұндағы қарттарымыздың өмірі қапастағы құстың өмірі сияқты. Иә, қарттар десе, бәріміздің көз алдымызға әке-шешеміз не ата-әжеміз елестері хақ. Сол ата-аналарымыз бен сексеннің сеңгірінен асып, тобықтай ғана болып отыратын ата-әжелерімізге деген ыстық ықыласы мен сүйіспеншілігі арқылы жас-тарымыз қамқорлығын көрсете білсе екен деймін.
Адам жатырда пайда болған күннен бастап үнемі ата-ананың арқасына арқалаған жүгі болады. Баласына деген мейірімінің тереңдігі мен баланы өсіру жолында тартқан азаптарының мөлшерін анықтап, оларға қаншалықты қарыздар екенімізді өлшеп біле алмаймыз. Міне, сондықтан да ата-ананың ақысын өтедім деу — мүмкін емес. Оларды қадір тұтып, құрметтеу – адамдық борышымыз әрі міндетіміз. «Исра» сүресінің 23-аятында «Аллаһ тағала: «Раббың тек қана өзіне құлдық, ата-анаға жақсылық жасауды бұйырды» деп жазылған екен. Яғни Аллаһ тағалаға құлшылық жасағанымыз сияқты ата-анаға да жақсылық жасаудың парыз екенін мәлімдейді.
«Қариясы бар үйдің қазынасы бар, қариясы бар үйдің дариясы бар» деген сөздің мағынасы көпке ой салады. Қартайған ата-анасын тастап кету кез келген тірі жанға, ал қазақ халқына тіптен жат қылық. Үлкенді құдайындай сыйлаған, жетімін жетімсіретпеген халқымыздың ата салтымызда мұндай сұмдық ешқашан болмаған. Менің ойымша, осының бәрі ұлт тәрбиесіне тіреліп тұр. Өзгеден үлгі алатын бүгінгі ұрпақ санасына «үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» ұғымдарын, адамгершілік сезімдерін ұялату керек.
Ата-ана алдындағы борышымызды олар өмір сүріп жатқан кезінде өтеуіміз керек. Сөзіміз, іс-әрекетіміз және көзқарасымызбен біз олардың өмірін жұмаққа айналдырсақ, перзенттік борышымызды өтеп, Аллаһ тағалаға шүкіршілік еткен боламыз. Көзі тірісінде оларға қолғабыс болып, қарапайым нәрселерді жасап қызмет ету, көңілдерінен шығу өте маңызды әрі діни тұрғыдан парыз. Оларға қызмет ету арқылы ризашылықтарын алып, берекетті әрі қайырлы өмірге қол жеткіземіз.
Өміріміздің шамшырағы, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, қатарынан қалдырмай жетелеген осы екі жанашырымыз тұрғанда біз қандай қиындық болса да қарсы тұруға қашан да дайынбыз.
Құрандағы аяттарда және хадистерде Аллаһ тағаланың ақысынан кейін баланың ата-ана алдындағы ақысы айтылады. Алла Тағаланың разылығы ата-ананың разылығында. Демек, олардың көңіліне кірбің түсіру – өте үлкен орны толмас күнә. Бұл туралы хадисте былай делінген. Абу Умамадан (разияллоху ъанху) риуаят келет: Бір кісі Пайғамбарымыздан (с.а.с): «Ата-ананың ақысы балаға қандай?» — деп сұрады. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с) былай деп айтып жатқанын естідім: «Ол екеуі сенің пейішің, не тозағың» деп жауап берген екен (Ибн Мажа). Өзін осы дүниеге әкелген, әлсіз күндерінде қолынан жетектеп, бар дәмдісін өзі жемей, баласының аузына тосқан, өзі кимеген киімін баласына кигізген ата-ананының қадірін білмеген адамның алдағы уақытта халық үшін тигізер пайдасы болуы екі талай.
Ата-анаға қарсы келгендерге жан-наттың қақпасы да жабық. Сөз соңында айтарым, перзенттің материалдық һәм рухани дамуында басты рөл атқаратын жандар – ата-ана. Сондықтан да ата-анамыздың көңіліне қаяу салмай, қуантатын жақсы амалдар жасауға тырысайық. Алыстан сауап іздеп, дал болмайық. Себебі, жұмақтың кілті жанымызда, ата-анамыздың табанының астында…
Ақбота ОРАЛБЕКОВА.