Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен кітапхана

Кітап оқығандікі,

Білім тоқығандікі,-дейді дана халық. Кітап – тілсіз мұғалім. Білімнің, ғылымның алтын қоймасы екенін біреу білсе, біреу білмей жатады. Әсіресе, бүгінгі жас ұрпақ кітап оқуға салғырт қарайды. Оның себебі де жоқ емес. Бүгінгі технологияның дамыған заманында білім алудың, ғылым үйренудің жолдары көп-ақ. Қазіргі жастар, оқушылар, балалар кітап оқымақ түгілі кітапқа мойын бұрып қарамайды да.
Сол себепті балаларымыз көпшілік алдында сөз сөйлеуде қиындықтарға ұшырайды: өз ойын жинақтай алмайды, пікірін толық жеткізе алмайды, балалардың сөздік қоры тым шектеулі.
Міне, осындай өзекті мәселелердің түйінін шешу мақсатында, кітаптың беделін арттыру, білім алушылар арасында «Кітап оқу сәнін» қалыптастыру мақсатында 2020-2021 оқу жылындағы Қазақстан Республикасының Білім беру ұйымдарындағы оқу процесінің ерекшеліктері туралы» әдістемелік Нұсқау хаты мен Алматы облысы білім басқармасының 2020 жылғы 05 қарашадағы №42-42/2553 хатына сәйкес) мектепте «Оқуға құштар мектеп» жобасы әзірленіп, жұмыс істей бастады.
Осы жоба аясында Жалғызағаш орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері мектеп кітапханашысымен бірлесе отырып көптеген іс-шаралар жүргізді.
Атап айтсақ: «Кітап әлемімен біргеміз» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылып жаңадан келген әдеби кітаптарға библиографиялық шолу 5-8 сыныптар арасында, 9-11 сыныптар арасында «Менің сүйікті кітабім» тақырыбында қазақтың халық жазушыларының шығармаларын оқу ұйымдастырылды. 25 қазан Республика күніне орай « Қыран елім Қазағым!» тақырыбында оқырмандар байқауы өткізілді.
Біздің мектеп «100 кітап оқы!» акциясының өткізіп «Кітап әлемді жаулап алады!» марафоны мен «Қайда болсаң да, үнемі кітап оқы!» акциясын жүргізді.
Қорыта айтқанда, «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында ұйымдастырылған іс-шаралар мектеп оқушыларының кітапқа, кітап оқуға деген ынтасын арттыруға ықпал етті. Бүгінгі күнде балалар мектеп кітапханасына жиі кіретін болған.
Бұл жоба аясындағы іс-шаралар алдағы уақытта өз жалғасын табатыны айқын!

Б Асылбек ,
Қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі
Жалғызағаш орта мектебі