Мамандық – саналы ғұмырымыздың айнасы

Өмір жолымыздың таңдауы. Ал осы таңдауда бағыт-бағдар беріп, келешек ұрпақты биік мақсаттарға жетелеп, өз бойына бүкіл азаматтық құндылықтарды жинақтауды үйреткен де үйрететін де – ұстаз. Ұстаз бейнесі — жалындаған шәкірт үшін адамгершіліктің, парасаттылықтың ең жоғары үлгісі. Ұстаздың лаулаған жалыны — әр жүрекке жылу беріп, нұр құятын қуат пен өмірдің қайнар көзі екенін білеміз. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» — деп, ұлы Абай атамыз айтқандай, шәкірт тәрбиелеу, оны биікке жетелеу, қанаттандыру, жаны мен тәнін, болмысы мен барын беру тек ұстаздың қолынан келетін қасиеттер.
Ендеше, осынау мамандықтың иесі болған сүйікті ұстазым туралы ой қозғағым келіп отыр. Менің сүйікті ұстаздарымның санына шек жетпейді. Алайда, көңілі жарқын, ойы нәзік шәкірттерінің жүрек нұрынан өз жемісінің өнімін көруге асыққан ұстаздардың бірі де бірегейі – Тулеутаева Алмагуль Диасовна. Білім нәрімен сусындатқан, аналық тәрбие берген ұстазымнан көп нәрсе үйрене алдым. Ұлы Абайдың: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: жылы жүрек, нұрлы ақыл, ыстық қайрат», — деген салмақты сөзінде айтылған қасиеттерді ақылына көркі сай ұстазымның бойынан сан мәрте байқадым. Бір білерім, менің жанымда ол кісідей үлгі тұтар адамым барына ризамын. Жоғарыда айтылып кеткен ұстазымның асыл қасиеттерін өзімнің де бойымнан табылғанын қалаймын. Осы ұстазымның қасиетінің арқасында талай шәкірттері көптеген республикалық, халықаралық білім олимпиадаларына қатысып, таудың ұшар басындай биіктерден көрінді. Бұл – Алмагуль Диасовнаның көп жылғы қажырлы еңбегінің нәтижесі, жемісі әрі жеңісі.
Тулеутаева Алмагуль Диасовна 1962 жылы 15 қыркүйекте Жер жанаты Жетісу өңірінде дүниеге келген. Мектеп бітірген соң Талдықорған қаласындағы, сол кездегі Жансүгіров атындағы педагогикалық институтына (ТКПИ) оқуға түскен. 1980 жылы аталған институтқа қабылданып, 1984 жылы физика-математика мұғалімі мамандығы бойынша оқуын аяқтап, ең алғашқы ұстаздық жолын ауылдық мектептен бастаған. Қазіргі таңда 34 жыл үздіксіз еңбек еткен ұстазым, соңғы жиырма жылдан артық уақыт Титов атындағы орта мектепте физика мен математика пәнінен дәріс беріп келеді. Алмагуль Диасовнаның мектеп қабырғасында оқушыларға білім беріп, аянбай еңбек етуінің арқасында қаншама шәкірттердің жүрегіне жол тауып, олардың алғысына бөленді.
Енді осындай жауапкершілігі мол, қиын да қызықты жұмысты атқарған ұстаз еңбегінің біраз нәтижесіне тоқталып өтсем деймін. 2017 жылы Алматы облыстық білім басқармасының оқушыларды оқыту мен тәрбиелеудегі елеулі еңбегі үшін Құрмет грамотасымен, 2019 жылы Өрлеу біліктілік орталығы бейне сабақ байқауында «Құрмет грамотасы», 2020 жылы Облыстық білім бөлімінің бейне сабақтар фестивалінда ІІ дәрежелі диплом, 2020 жылы ҚР Білім және Ғылым министрлігі «Құрмет грамотасымен» марапатталды, 2020 жылы авторлық бағдарлама «Физика және эксперимент 8-сынып», «Қалыптастырушы тапсырмалар жинағы 9-сынып» және де «Жақсы мұраптың артынан су ереді, жақсы ұстаздың соңынан шәкірт ереді» дегендей, ұстаздың қаншама оқушылары пән олимпиадасына қатысып, талай жүлделі орындарды иеленіп отырды, атап айтар болсам, 2017 жылы Республикалық Кіші Ғылым Академиясы ІІІ дәрежелі дипломымен Тасубай Асылбек, 2018 жылы облыстық пән олимпиадасы ІІІ дәрежелі дипломымен Ахметқали Меруерт, 2019 жылы облыстық Кіші Ғылым академиясы ІІ-дәрежелі дипломымен Қанағат Айжан, 2020 жылы жаратылыстану пәндер олимпиадасы ІІ дәрежелі дипломымен Болат Әдемі, 2020 жылы Әл-Фараби атындағы Халықаралық олимпиада ІІ дәрежелі дипломымен Абу Аяна мен Оралхан Асқар, 2022 жылы облыстық пән олимпиадасы ІІІ-дәрежелі дипломымен Оралхан Асқар, 2023 жылы Облыстық «Дарын» ғылыми жобасы 9-сынып оқушылары А. Бекенұлы, А. Садыкова ІІІ-дәрежелі дипломдарымен марапатталды.
Ұстаз болу-жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақындығы.
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның алтындығы. – демекші, жаңа ғасырға аяқ басып отырған заманымызда қоғам мүддесіне лайықты, жан-жақты жетілген, басында ұлттық сана-сезім қалыптасқан ертеңгі қоғам иелері боларлық азамат тәрбиелеп өсіруде, ең алдымен, «мектептің жүрегі» болған ұстаздар қауымының еңбегі зор. Сол себепті, ұстаз мамандығы ғажабы мол ғаламда, әсемдігі мол әлемде қанша жыл, тіпті, ғасыр өтсе де, ешқашан ескірмейді.
Алмагуль Диасовнаның нұрлы бейнесі, әрбір айтқан ақылы, жылы жүзі, мол бедерлі есімі мәңгі жарқырап сөнбейтін нұрлы сәуледей мәңгі жүрегімде сақтала береді. Шәкірттің жүрегінде мәңгілік із қалдырған ұстаз бейнесі қандай мейірбан, қандай сұлу десеңізші?! Оқушысын алға жетелеп, білім нәрімен сусындатып, жетістіктерге жетуіме себепкер болған ұстазыма мың алғыс!

Ақнұр Садыкова,
Титов атындағы орта мектебінің
10-А сынып оқушысы