Жетісуға «Шахмат керуені» келді

Жетісуға «Шахмат керуені» келді. Бұл — шахмат ойынын өңірлерде насихаттау үшін қолға алынған республикалық жоба. 10 қыркүйекте Көкшетауда басталған бұл керуен Қостанай, Петропавл, Семей сияқты бірқатар қалаларда болды. Ендігі кезекте үздік шахмат ойыншылары Талдықорғанда да анықталды. Турнирге ересектер де, балалар да қатысты, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі Жетісу.
Керуен сапарының аясында Қазақстан Шахмат федерациясының Жетісу облысы бойынша филиалы ашылды. Оның төрағасы болып облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли сайланды.
Аталған шараға қатысқан Рустам Әли ұйымдастырушыларға алғысын білдірді:

  • Қала тұрғындарының атынан біз Қазақстан Шахмат федерациясының президенті Тимур Турловқа осындай ерекше, жаңа форматтағы бастамасы үшін алғыс айтамыз. Ұлттың зияткерлігін дамытып, білімін шыңдауда шахматтың рөлі зор. Әкімшілік ресурс ретінде біз спортты насихаттауға барынша күш саламыз, — деді Рустам Әли.
    Мұнан соң әуесқой шахматшылар турнирі өтті, оған алдын ала іріктеу турларынан өткен аймақтың 20 шахматшысы қатысты.
    Біздің облыста Талдықорған қаласы Өтенай ауылының тұрғыны, 1972 жылы туған Ғани Түгелбаев турнирдің жеңімпазы атанды. Екінші орынды Алматы қаласындағы «Тұран» университетінің І курс студенті, Қаратал ауданы Үштөбе қаласының тұрғыны Ерназар Исумбаев, үшінші орынды 1971 жылы туған, Талдықорған қаласы Өтенай ауылының тұрғыны Виталий Овчинников иеленді. Жартылай финал жүлдегерлері тиісінше 100, 50 және 30 мың теңге көлемінде ақшалай сертификаттарға ие болды. Енді олар осы жылдың қараша айында Түркістанда өтетін финалдық турнирге жол тартпақ.
    Жалпы «Шахмат керуені» республикалық жобасы «Freedom Broker» бас серіктесінің қолдауымен іске асырылуда. Керуен 10 қыркүйекте басталып, 10 қарашаға дейін, яғни үлкен финалға дейін бүкіл өңірді аралап шығады. Бұл бастама Қазақстанның барлық өңірлерінде шахмат спортын насихаттауға, сондай-ақ ҚШФ филиалдарының желісін құруға бағытталған. Турнирдің басты идеясы — шахматты әуесқойлар арасында танымал ету.