МАҒЖАН ЖӘНЕ ӨМІР

Қара жердің бетінде өмір сүріп жатқан кез-келген халықтың жүріп өткен жолының сүрлеу-соқпағына зер салсаңыз, өнердің басқа түрімен салыстырғанда, сөз құдіретіне ерекше мән беріліп, сөз киесінің айрықша бағаланып келгенін аңғарарыңыз анық. Ғасырдан-ғасырға үздіксіз жалғасқан бұл үрдіс адамгершілік жөніндегі ұлы ұғымдарды туғызып, талай ұрпақтың рухани жігерін хас қайрақтың тас нәтіндей қайрады.
Асылы, әдебиет адамды тәрбиелейтін құрал ғана емес, дүниені өзінше пайымдауға үйрететін, ұлттық болмысты қалыптастыратын – киелі құдірет. Жазушы Ғабит Мүсірепов дүниеден өтерінің алдында “әдебиет ұлы болмаған жерде, ұлттың ұлы бола алмайтындығын ұмытпайықшы” деген сөздерді осы асыл ұғымның былғанып қалуынан қауіптенгендіктен айтса керек.
Кез-келген халықтың ұлттық болмысы ең әуелі сөз өнері арқылы танылады. Сөздің салмағы арзандаса, ұлттың басынан бағы тайғаны. Сөз өнерінің киесі Құдайдың назары түскен адамға ғана қонатындықтан, талантқа шынайы құрмет көрсете алатын халық қана, ұлы әдебиет туғыза алары хақ. Ал, ұлылық дегеніміз қасірет шегіп, жартылай болса да Құдайдың азабын тарту емес пе…
Ұлы тұлға қай кезеңде де билікпен тіл табыса алмаған, сол үшін де өмір-бақи ресми билікке оппозицияда болған. Билік пен қоғамға аса жақпаған орыс жазушысы Гоголь көзі тірісінде ресми түрде ұлы жазушы аталмапты. Гоголь қайтыс болғанда (мүмкін тірідей жерленгенде) оның ұлы жазушы екендігін тұңғыш рет Тургенев айтты.
Расын айтсақ, сол кезде Гогольдің ұлылығын сөз қылу ұлы жазушыға көрсетілген құр қошемет емес, сол уақыттағы биліктің саясатына қарсы шығумен пара-пара саналатын жанкештілік еді. Мұны Тургенев білмеді десек, аузымыз қисайып қалатын шығар.
Билік Гогольді өлердей жек көрді. Тіпті кейбір деректерге қарағанда ұлы жазушы тірідей жерленген. Гоголь қаламдастарымен сырласқанда қатты шаршағанда ұзақ уақыт “летаргиялық ұйқыға” кететінін айтып, бір жағдай бола қалған күнде, мүрдесі иістене бастағанда ғана жер қойнына тапсыруын өтініпті.
Гогольді тезірек қара жер қойнына тапсырсақ, оның атын да мәңгі өшіреміз деп ойлады ма, әлде басқа бір себеп итермеледі ме, әйтеуір, қоғам “летаргиялық ұйқыда” жатқан ұлы жазушыдан тезірек құтылуға асығып, тірідей көмді. Талай жылдар өткеннен кейін, жазушыны қайта жерлеу барысында Гогольдің қабірі қазылғанда, мүрдесінің етпетінен жатқаны анықталған.
Ұлы жазушы дүние салғаннан кейін де, ұзақ жылдар бойы шындық сырт көзден жасырылып келді. Орыс ақыны Андрей Вознесенскийдің бұл туралы әдемі өлеңі бар.
Әңгімемізге қайтып оралсақ, ақсүйектер әулетінен шықса да Гогольді мадақтағаны үшін, билік Тургеневті аяған жоқ. Түрмеге қамады.
Гоголь дүниеден өтсе де оған көрсетілген мұндай құрметтің салмағының қаншалықты қауіпті екендігін Тургенев жақсы білді. Билік Гогольді мадақтаған адамды түп-тұқиянымен құртып жіберуден де тайынбайтын.
Асылы, Тургенев Гогольге арнап жазған қазанамасында, оның ұлы жазушы екендігін айтпаса да, ешкім оны жазғырмас еді. Бірақ, парасат-пайымы биік, дүниетанымы кең Тургенев ақиқат жоқ жерде, әдебиеттің ұлы бола алмайтындығын түсінді.
Әділіне жүгінсек, Гогольге арнап жазылған қазанамасында Тургенев, оның ұлы жазушы екендігін ресми билікке деген наразылығын білдіру үшін ғана сөз арасына қыстырған жоқ. Іштері сезгенімен, жұрттың көбісі айтудан тайсақтайтын ұлы ақиқаттан аттап кетуге Тургеневтің ар-ожданы жібермеді. Өйткені, әлімсақтан бері, әдебиеттің ұлы салмағы ар-ожданмен ғана өлшенген.
Қазақ әдебиетінде де дәл осындай, тіпті бұдан да ауыр сын сағатта жанын шүберекке түйіп, қайсар мінез танытып, ар-ожданына адал болып қалған бір жазушы бар. Ол – Жүсіпбек Аймауытов.
ЖҮСІПБЕКТІҢ МАҒЖАННЫҢ АҚЫНДЫҒЫН ТАНУЫ
Жүсіпбек Аймауытовтың “Мағжанның ақындығы туралы” баяндамасын көпшілік қауым ақынның шығармашылық лабораториясын зерделеген дүние деп қана бағалап жүр. Расында, ол мүлде олай емес. Жүсіпбек бұл мақаланы Мағжанның басын арашалап, ақынның өмірін бір-ақ сәтте шешетін тоғыз грамм қорғасыннан құтқарып қалу үшін жазды.
Мағжан өлеңдерін егжей-тегжейін зерттеп, сөз қозғаған мақаладан әдебиеттегі әділеттілік үшін Аллаға жанын беруге де әзір жазушының ар алдындағы адалдығы айдарланып тұр.
«Мағжанды тексергендегі тағы бір қиыншылық мынау. Қандай өнерпазды, ақынды, данышпанды болсын өз заманының сыншылары әділ көзбен қарап, баға беру шетін нәрсе. Заман сыншыларының бүйрегі не олай, не бұлай бұрып кетпей тұрмайды. Талай таланттардың талай жақсылардың қадірін жұрт өлген соң біледі….
Замандастар, тұстастар әділ болу қиын, өйткені не заманнан қаймығады, ақынды заман өлшеуішімен өлшейді; сыншылардың көбі не ақынды жақтаушылар, не жамандаушылар, не бықсыған күншілдер, не сол ақынды ат қылып мініп алып, әбүйір-атақ іздеп, көзге түсем деушілер болуға мүмкін…
Мағжанның бар табысын толық тексеріп, жете сығып ұшығына шыға алмаймыз (таза зерттеу үшін баяндама жетпейді, аз болса қалыңдығы бір елі кітап жазу керек болады).
Мағжанның өлеңдерін аса құнттап бұлдап жарыққа шығаратын Мағжаншылдар да бар; іске алғысыз қылып өртеп жіберу керек дейтіндер де бар; қысқасы Мағжанның қасы да, досы да бар, мақтаушылар нені біліп мақтап жүр, жамандаушылар нені біліп жамандап жүр? Оны тексеру біздің мақсатымызда жоқ.
Біз шамамыз келгенше Мағжанға сын көзімен қарағымыз келеді. Сын дегенде біз ғылымның жолын тұтынуымыз керек. Мәдениетті жұрттар жазушыларын, ақындарын қай жолмен тексеріп сынаса, біз де сол жолды қолдануымыз керек.
Мағжан ақын ба, ақын емес пе? – деген сұрауды қоюда мағына жоқ. Оны ақын емес деп таласушы бола қоймас. Жалғыз-ақ ақындық күші қандай деген сұрауды қою керек. Бұл сұрауға Мағжанды күшті ақын деп жауап береміз». (Жүсіпбек Аймауытов, Мағжанның ақындығы туралы, «Лениншіл жас» журналы, №5, 1923 жыл)
АР – ОЖДАН АЛДЫНДАҒЫ АДАЛДЫҚ
Жүсіпбек жыр сүлейі Мағжанның ақындығын қорғаған адамның күндердің-күнінде “халық жауы” аталарын сезбеді емес, сезді. Білмеді емес, білді. Жүсіпбек Аймауытовты “пантюркист” аталып жүрген Мағжанның ақындығын дәлелдеп көлемі кіші-гірім бір кітаптай мақала жазуға итермелеген бір-ақ себеп бар. Ол – ар-ожданға деген адалдық.
Міне, сондықтан да ол өз мақаласында Мағжан сөзіндей үлбіреген нәзік әуездің қазақтың бұрынғы ақындарында болмағанын айтып, оның өлеңдерінің сыршылдық және суреткерлік шеберлігін жеріне жеткізіп, терең талдады.
Елін, жерін емірене сүйіп, емешегі үзіліп тұратын ақынның ұлтшылдық қасиетіне ерекше тоқталды. Оқушының жүрегіне әсер ете алмайтын құрғақ өлеңдердің Мағжан поэзиясында атымен кездеспейтінін дәлелдеді. Суреткерлік шеберлігі жағынан Мағжанды Пушкинге теңеуге болатынын батыл жазды.
Ар-ождан өлшемінен аттап кете алмаған Жүсіпбек Аймауытов Мағжанның ақындығын қорғау үшін барын салды. Сол үшін ол да Мағжандармен бірге, тіпті одан бұрын атылып кетті.
Әдебиет ар-ожданнын жоғалтса, ұлттың күні қараң, келешегі көмескі болатынын Аймауытов жақсы түсінді.
ТӘЖІБАЕВТЫҢ МАҒЖАНДЫ ТАНУЫ
Мағжанның ақындығын қорғап, ұяттың сөзін сөйлеген Жүсіпбек Аймауытовты қалай мақтасақ та жарасады. Алайда ақын наһақтан атылып кеткен күні Мағжанның талантын теріс бағалап, оның поэзиясына қара күйе жаққандар туралы бір ауыз сөз айтпай кетуге дәтім шыдамады.
Мағжанға қарсы шабуылдың үдеуіне Сәбит Мұқановтың да бел шешіп, білек сыбанып кіріскенін әдебиет тарихынан білеміз. Өзін совет өкіметін қолдаушы кедей таптың адал перзенті санаған Сәбит Мағжанды да аяған жоқ, өзгелермен бірге сынның дойыр қамшысын оған да сілтеді.
Ұлы ақынды қаралағандардың өз уақытында аз болмағаны белгілі. Алайда мен бұл мақалада кезінде Мағжанды жер-жебіріне жеткізе сынап, кейін ол ақталғаннан соң жыр сүлейінің поэзиясына мүлде басқаша баға беріп ар-ұятының алдында ақталуға мәжбүр болған ақын Әбділдә Тәжібаевтың екі түрлі әңгімесін ғана мысалға келтіре кеткенді жөн санадым. Және бұл сөздерге баға беруді оқырманның еншісіне қалдырғым келеді.
АБАЙ МЕН МАҒЖАН
«Оның ең үлкен поэмасы «Батыр Баян» – Абылай ханмен оның батыр билерін дәріптеуге арналған. Кенесары, Науандар, Қойлыбай сияқты бақсылар Мағжанның сүйікі геройлары..
Мағжан орыс халқының озық ойы мен өнерін барынша құбыжық етіп көрсетуге тырысты… ол Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Белинский, Чернышевский, Добролюбовтар таратқан демократтық ұлы идеялардан да аулақ. Ол барлық қусығын орыс халқын сөгуге, оның қазақ халқымен достық, бірлігін былғауға жұмсаған ақын…
Абай мен Мағжан қарама-қарсы екі дүние адамындай: бірі – алға қараса, екіншісі кері тартады. Бірде-бір жерде екеуі жанаспайды, күн мен түндей алшақ…
Осы Мағжанды байшыл, ұлтшыл сыншылар көпке дейін қазақ лирикасының ең сұлу үлгісі деп Абайдан асыра мақтап келген. Тіпті, әдебиетші коммунистердің ішінде де Мағжан поэзиясының мазмұнын сынай отырып, оның түр шеберлік жақтарын әлпештеушілер болған (Тоғжанов жолдас және басқалар); «Мағжан деген тамаша лирик ақын бопты ғой, махаббатты, табиғатты ұшқыр жырлапты ғой» деп жаңа жаза бастаған жас ақындардың өзімізден талай сұрағанын білеміз.
Демек, әлдеқашан күл-талқан болған буржуазия табының шаңы аспанға ұшса да, оның жыршыларының көкейіне құм құйылса да, Мағжан әлі күнге дейін әр тұста бой көтеріп қалып, піспеген бас, орнықпаған жүректерге зиян тигізіп жүргені сезіледі». (Қараңыз: Әбділдә Тәжібаев «Өмір және поэзия», Қазақтың Мемлекеттік көркем әдебиет баспасы, Алматы, 1960 жыл, 47 бет)
«Қаршадайынан орысша оқып, орыс әдебиетінің мәдениетіне еркін жетіккен Мағжан қазақ поэзиясына сол балғын шағында ерекше аса талантты болмысымен келді…
Екі ананы тел емген Мағжан қазақ ауыз әдебиетінің тұнығына қана отырып, жарқ етіп шыққан Абай поэзиясын өзіне мектеп етті. Сонда біз Пушкин, Лермонтовтан бастап бүкіл орыс поэзиясын игерген, орыс тілі арқылы әлем поэзиясымен еркін тыныс алған, жасы жиырмадан жаңа ғана асқан жалынды Мағжан ақынды көрдік…
Мағжан бұл дәрежедегі жаңа жырларымен ХХ ғасырдың бас кезіндегі символистер деп аталған орыс поэзиясын жаңа биікке көтерген Мережковский, Андрей Белый, Бальмонттармен және ХХ ғасырдағы француз ақындарымен тең түсіп, ортақ тақырыптарға жарыса қосылып жырлап жатады. (Әбділдә Тәжібаевтың 1989 жылы жарық көрген Мағжан Жұмабаев шығармаларына жазған алғысөзінен. Қараңыз: «Мағжан Жұмабаев. Шығармалары». Алматы, Жазушы баспасы, 1989 жыл, 6 бет)
МАҒЖАННЫҢ ЛИРИКАСЫ
«Шынына келгенде Мағжан лирикасында саналы жастарымызды еріксіз үйіріп әкетердей «құдірет» еш уақытта болған емес, Орыс әдебиеті тарихын білетін оқушыларға Мағжан поэзиясындағы лас ұлтшылдық пен буржузиялық идеологияның түп-тамырын шауып көрсету оп-оңай.
Мағжанның еңбекші халыққа, революцияға көріне көзге жауыға жазғандарын былай қойғанда, оның лирикасындағы өмір, әйел табиғат
Қазақ ақыны Мағжан Жұмабаев.
туралы «нәзіктеп» жазғандары да түршігу, жеркенуден басқа әсер ете алмайды, шірік символизмнің қазақ әдебиетіндегі бір көрінісі екенін жасыра алмайды.
Біздіңше, Мағжан лирикаларының барлық мерезін пышақтап отырып көрсету керек те, оның жұқпалы зиянды «күштерін» әшкерелеу керек. Бұл әдебиетіміздің тарихы үшін де, болашағы үшін де қажет». (Қараңыз: Әбділдә Тәжібаев «Өмір және поэзия», Қазақтың Мемлекеттік көркем әдебиет баспасы, Алматы, 1960 жыл, 48 бет)
«…азаматтық лирикаға жататын күшті жырлар Мағжанда өте мол. Оларының көбі тек қана патетикалық асқынған сөздерге ғана құрылмай, ақынның ішкі мұңы мен ашу-кегіне табиғи байланысып отыратын бояулы әуенді өлеңдер: «Мен кім?», «Мен жастарға сенемін», «Айда атыңды Сәрсенбай», «М.Д. абақтыдан шыққанда, «Өткен күн» сияқты өлең өзіне бір төбе. Барынша қуатты, жігерлі жазылған «Орал», «Орал тауы», «Түркістан» сияқты өлеңдер де осы циклға жатады.
Мағжан жүрегіндегі халқына деген махаббат оның поэзиясынан ерекше орын алады. Ол езу, көрген қорғансыздыққа ұшыраған күйзелу үстіндегі халықты қанша аяса да, жаралы жанның ыңыранған ауыр күйін суреттесе де, халықты бейшаралыққа айналдырмайды.
Ол жырлаған халық тағдырына қол қусырған, жерге ғана үңілген, аяғының астынан арғыны көрмейтін, титығы жеткен мүсәпір халық емес. Мағжан поэзиясында үнемі ой үстіндегі, қимыл үстінде көрінетін халық бар.
Кең даладағы шапқан ат, ат құлағында ойнаған, асаумен алысқан сағыныштарын ән-күймен түсіндіретін, жасыл даласын, жайқалған орманын, көл-дариясын сүйетін халық бар. Адам мен жер – Мағжан поэзиясының ең күшті халықтық рухы. (Әбділдә Тәжібаевтың 1989 жылы жарық көрген Мағжан Жұмабаев шығармаларына жазған алғысөзінен. Қараңыз: «Мағжан Жұмабаев. Шығармалары». Алматы, Жазушы баспасы, 1989 жыл, 6 бет)
МЕНІ ДЕ, ӨЛІМ, ӘЛДИЛЕ..
«Өмір көпір от үстіне салынған,
Діңгектері зәндем отқа малынған», –
дейді Мағжан өмір туралы бір өлеңінде. Көңіл көзі сау, зерделі адам үшін күлкі емес пе? Бүкіл адам баласына тірлік пафосын беретін, қиял қанатын қақтыратын, өткенді сүйіп, болашаққа үмітпен қарататын өмір, от үстіне салынған көпір болса, оның астында тозақ жатса, мұндай жырдан қандай поэзия шықпақшы!…
Мағжан үшін өмір шындық та емес, шала-дүмбілез бірдеңе түс.
«Жарық сәуле айды, күнді көрмеймін,
Жарты өлік, толық өмір сүрмеймін», –
дейді «Түс» деген өлеңінде. Бұл, әрине, рухани ауру, жазылмас аурудың сандырағы…
Ажал шақырған, өлім бесігіне түсіп тербетілген Бальмонт өлеңдерінің қайтармаларындағы «Әлдиле, өлім, әлдиле» дейтін жолдарды Мағжан сол қалпында алады.
Пессимизм – дүниеден торығу, табыт пен көрден басқаны көрмеу, өлім күйінде ғана есіту қандай тілде жазылса да символизмнің ортақ ауруы. Өліп бара жатқан капитализммен бірге өлу белгісі. Мағжан осы топта, осы тапта. (Қараңыз: «Өмір және поэзия», Қазақтың Мемлекеттік көркем әдебиет баспасы, Алматы, 1960 жыл, 49 бет)
«Осы тұрғыдан келгенде Мағжан культурасының биіктігі бүгін де оқшау тұр. Көп өлеңдерінде-ақ Мағжан – өзі бір жанып тұрған жарық сияқты. Біз ақынның ішкі иірімдерімен, ой-сезім толғаныстарымен қатар оның өзін қоршаған төңірегін де түгел танимыз. Ол төңірек дегеніміз көрініп тұрған адамдар, жан-жануарлар ғана емес, эфирдегі нәзік бояулар мен дыбыстар, жер бетіндегі көбімізге беймәлім құбылыстар…
Орыс, Европа символистерімен үндесе отырып жазған өлеңдерінің бірі «Мені де, өлім әлдиле» ғой. Осы өлеңнің композициясындағы тазалық пен сұлулық оқушыны еріксіз жетелеп отырады. Өлімнің кімдерді, нелерді әлдилегенін, оған желдің қалай үн қосқанын қайталау – өлеңге қанат бітіргендей ұшырып отырады. Соның әрбір біткен шумағына ақын өз сезімін, көңіл-күйін табиғи түрде қосақтап жырлайды:
Өлім күйі – тәтті күй,
Балқиды жаным бұл күйге.
Мені де өлім әлдиле,
Әлдиле, өлім әлдиле.
Осы рефрен тұтас бір жырдың бойындағы нажағай секілді. Қайталанған сайын сол жыр жаңа қуат тапқандай күшейе береді. (Әбділдә Тәжібаевтың 1989 жылы жарық көрген Мағжан Жұмабаев шығармаларына жазған алғысөзінен. Қараңыз: «Мағжан Жұмабаев. Шығармалары» Алматы, Жазушы баспасы, 1989 жыл, 12 бет)
МАХАББАТ ЛИРИКАСЫ
«Оның «махаббатқа» арналған (өлеңдерінің көпшілігі сүю тақырыбы) жырларынан шын махаббат лебін сезу, сұлулық сымбатымен, келісімдер күйін тану мүмкін емес. Онда идеал жоқ, нәпсі ғана бар. Өйткені оған махаббат өмір емес, өткінші «қызық», өлер жанның қысқа мерзімдік қана «ләззаты», ойда жоқта оңай тапқан олжасы. Мағжанша:
«Қашан да махаббатты көз бастайды,
Білдірмей ыстық қысып қол бастайды».
Қандай жеркеніш, қандай сорақы. Біз мұны хайуан «махаббатының» ұғымы десек те қиянат жасамаймыз…
Европа орыс символистерінің Мадонналарды сайқалға айналдыруының қазақ поэзиясындағы бір үлгісі осы. «Тәңірінің өз нұрынан жаралғандарда» адамдық сипат жоқ, сайқалдық қылық бар, сайтандық сезім бар. Олары нағыз лас, натуральдық түрде баяндалады. Сондықтан ондай сипатсыз, жансыз, демсіз «сұлуларға» ақын «жұлдызды жүзік, айды алқа ғып» берсе де жанданбайды, суық қуыршақтығынан айнымайды. Қуыршақты сүю үшін адам қуыршаққа айналуы керек. Онсыз түсіну қиын. Сөйтіп Мағжанның сүю жырлары да өмірді жоққа шығару, «бар» дегені өз ішінің тағылық мінезі, жынды жүрегі. (Қараңыз: «Өмір және поэзия», Қазақтың Мемлекеттік көркем әдебиет баспасы, Алматы, 1960 жыл, 51 бет)
«Жастың аты жас қой. Жас ақын жастық қуаты мен жігерін лапылдап тұрған сезімін, жандырып жіберердей лебін ынтыға үзіліп тұрған махаббатын әлі келгенше асыра жеткізді. Біз соған қарап, бұл біздің жастығымыздың жыры дейміз. Мұндай өлеңдер тек Мағжанда ғана толық.
Поэзияға егде тартып келген Абай махаббат жайлы барынша құнарлы, суретті, философиялық мағынасы да ірі өлеңдер жазды. Бірақ балдырған жігіттің лапылдаған сөзін айтуды өзіне лайық көрмеді.
Ал, махаббатты әлеуметтік міндеттермен қатар қоюды күнә көрген біздер жастық сезімімізді бұқтырып, ықтырып ұстауға тырыстық. Бұл «өзгешелігімізден» бүгін де арылып болған жоқпыз. Демек қайта тірілген Мағжанмен бірге біздің балғын сезімді бар дауыспен дәріптеген, барлық құмарлық жалынымен жырлаған жастық әуеніміз қайта тірілді…
Мағжанның бұл саладағы бірінен-бірі асатын жалынды өлеңдері біздің бүгінгі поэзиямызды жаңғыртатын, оның жүрегін ерекше соқтыратын жаңалық. Бұл жаңалық поэзиямыздың оқырман достарын бұрынғыдан әлдеқайда қанаттандырады.
Мағжан Жұмабаевтың адамның жастық сезіміне жақын ақын екені әр өлеңінен-ақ танымалы. Әсіресе, оның махаббат өлеңдері жас оқырман үшін үлкен бір бақыттай сезіледі. (Әбділдә Тәжібаевтың 1989 жылы жарық көрген Мағжан Жұмабаев шығармаларына жазған алғысөзінен. Қараңыз: «Мағжан Жұмабаев. Шығармалары». Алматы, Жазушы баспасы, 1989 жыл, 9 бет)
ОҚЫРМАНМЕН СЫРЛАСУ
Қош! Сәл ұзақ сөйлеп кеткеніміз үшін оқырманнан кешірім сұрап, әңгімемізді тәмамдамақшымыз. Біз бұл мақаланы бір жазушы мен бір ақынның Рух майданында қаншалықты кемеңгер, әдебиеттегі ар-ұятының алдында қаншалықты таза болғанын көрсету мақсатында ғана жазған жоқпыз. Олардың әрқайсысына Уақыт өз бағасын беріп, өнер әлеміндегі алатын орындары да межеленіп қойылды.
Әлімсақтан белгілі. Ең алдымен әдебиет – ар алдындағы ақиқаттың айнасы. Кез-келген ұлттың ар-ұятының өлшемін, сана-сезімінің қаншалықты өскенін, парасат-пайымының қаншалықты биіктегенін олардың әдебиетін оқу арқылы танып-білуге болады.
Міне, ұлы ақынның шығармаларының халқымен қайта қауышқанына 20 жылдан астам уақыт та зырылдап өте шығыпты. Мағжан шығармалары ақталғанда бәріміздің де жүрегіміз лүпілдеп, тұла-бойымызды қайсар ақынның рухы билеп алғандай сезімнің бесігіне бөленгеніміз өтірік емес қой.
Алайда мені «зиялы қауым Мағжан рухына қаншалықты адал болып қалды?» деген сұрақ жиі мазалайды. Қазақтың ұлттық намысын көтеруге тиіс зиялыларының кімнің тарысы піссе, соның тауығы болып жүріп күнін көретін бейшара күйге түскендерін көргенімде көңілім алғаржақтанып, ұлттық Рухтың шырағы сөнгендей қапаланамын.
Әдебиеттің ақсақалы Әбілдә ақын Мағжанды бір рет сатқанымен, сол жылдардағы дәрменсіздігі үшін кешірім сұрауға да парасат-пайымы жетті. Ал, бүгінгі таңдағы кейбір ақындар өтірік сөйлеп, билікке жағымпазданып, ұлтқа қарсы дүниелерді қолдап Алаштың рухын күнде сатып жүрген жоқ па?
Басқасын былай қойғанда елдің бәрі сенім артқан Әбіш Кекілбайұлы секілді жазушылардың өзі президенттің қолынан сүйетін жағдайға жеткенін көзіңмен көргенде намысың езіліп, Рухың өлгендей күйге түседі екенсің.
Елдің бәрі аузына қарап, үміт күтіп отырған қазақ зиялыларын мұндай дәрменсіз күйге түсірген қандай құдірет екен?
Айтыңызшы, құрметті оқырман.

ЖШ АҚПАРАТ