Балалармен жұмыс жасау – мен үшін үлкен бақыт. Себебі, тек қана бала еш нәрсеге алаңдамай, мейірімділікке сенеді, кішкентай алақанын менің алақаныма қойып, өз құпияларын маған айтады. Пәк көңілді, жарқын жүзді балалармен қарым-қатынас маған қуаныш, шаттық сыйлайды. Күнде ерте тұрысымен сүйікті жұмысыма асығамын, шынымды айтсам, балаларымды сағынып қаламын.
Мен – жас маманмын. Биыл оқуымды тәмамдай сала Ескелді ауданындағы «Айкүн» балалар бақшасына орналастым. Құшақ жая қарсы алған меңгеруші мен барлық әріптестерім мүмкіндігінше көмек қолын созып, бар білгендерін үйретуде.
Бірақ бәрінен бұрын маған балалармен жұмыс істеу ерекше көңіл-күй сыйлайды.
Ең кішкентай топтың балаларына бас-көз болу, әрқайсысының түрлі мінездерін аулау оңай емес. Бірақ олардың маған деген шынайы сезімі менің бойыма ерекше күш-қуат сыйлайды. Менің жұмысқа асығуым әрі бақытты болуым – осы кішкентай ғана күншуақтарымның маған деген сенімінің арқасы. Мен балаға деген ыстық ықыласымды сөзбен айтып жеткізе алмаспын, тек бар жүрегіммен және жан-тәніммен сезіне білемін.
Жақында кішкентай балапандарыммен үлкен алғашқы мерекелік шара «Алтын күз» мерекесін өткіздік. Оған дейін топта тіл мерекесіне орай кішігірім мереке ұйымдастырған болатынбыз. Түймедей болса да болса өз-өздерін сахнада ұстау мәдениеттілігін терең сезіне білетін тәрбиеленушілерім осы жолы да маған көмекші болды. Жаңбыр жайлы ән айтты, жапырақтар болып биледі. Тақпақтарын да жаттап, көпшілік алдында қысылмады.
Шынымен де, бала кіршіксіз пәк, тап-таза мөлдір бұлақтың бастауы сияқты. Олардың балдай тәтті қылықтары мен маған қараған үмітке толы көздерін көрсем, шаршағанымды, барлық уайымымды бірден ұмытып кететінім рас. Жас маманға бас бола білген ұжымымның қолдауы мен ата-аналардың түсіністігіне алғысымды айтамын. Ал мен болсам, тәжірибе жинақтауды әрі қарай жалғастыра бермекпін.
Аясәуле САҒАНҒАН,
«Айкүн» балалар бақшасы, «Күншуақ» тобының тәрбиешісі.