Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ауылды жерлерді көркейтіп, жастарды ауылға тарту мақсатында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялаған болатын. Соның негізінде биыл көптеген іс-шаралар жүзеге асырылуда. Күз мезгілінің алғашқы айында Талғар ауданында барлық облысқа қарасты аудан жастарының қамтылуымен «Ауылым – алтын бесігім» жұмысшы жастар форумы ұйымдастырылды.
Аталмыш форумды Алматы облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы мен Алматы облысының жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды. Форум Талғар ауданында орналасқан «Марал-Сай» демалыс үйінде өтті.
Жауапты да жігерлі, жалынды жастар арасында қарапайым жұмысшы өкілдерінен басқа БАҚ өкілдері және жастар ресурстық орталығының мамандары қатысқан бұл форумға Ескелді ауданынан үш адам арнайы қатыстық.
Бұл жұмысшы жастар форумының мақсаты жастар арасында өз мамандықтары бойынша табыстың нәтижелі көзін тапқан мамандармен кездесу өткізіп, басқаларға кәсіпкерлікті дамытуда үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу арқылы жан-жақтан жиналған жастардың бір-бірімен іс-тәжірибе алмасуын жетілдіру болатын.
Естен кетпес сәт сыйлаған бұл форум 3 күнді ғана қамтыды. Соған қарамастан, әрбір қатысушыға ұмытылмас ерекше әсер қалдырды. Форум өте қызықты, жоғары деңгейде өтті. Жүз жиырмаға жуық жас қатысқан жастар топ-топқа бөлініп, бір-бірлерімен өзара сайысқа түсті. Сонымен қатар, қонақтарға арналып концерттік бағдарламалар мен кешкі алау ұйымдастырылды.
Форумның екінші күнінде 3 бағыт бойынша семинар-тренингтер өтті. Бизнеске бағыт-талған семинар-тренингті Шыңғыс Кенжеғұлов, көшбасшылыққа бағытталған семинар-тренингті Қуаныш Жұмабаев, сөйлеу мәдениеті мен көпшілік алдында еркін сөйлеуді дамыту семинар-тренингін Арайлым Серікқызы жүргізді. Жастарға ауадай қажет осы сынды семинар-тренингтер үлкен көмек болды.
Қорыта айтқанда, бұл форум мені көп нәрсеге үйретті.Әр жерден жиналған жастардан үйренерім көп екенін және де менің қолымнан келетін істің аз емес екенін түсіндім. Бәрінен бұрын мені дәнекерлеуші болып қызмет ететін Әдемі Есеншораева есімді қыз қатты таңғалдырды. Өз кәсібін ашқаннан бастап 15 метрлік жасанды шырша мен балалар алаңын жасап, еңбегінің арқасында талай жетістіктерге қол жеткізген. Жас та болса өзінің күшімен кәсібін өрге домалатқан бойжеткеннің еңбегіне тәнті болдым.
Ақбота ОРАЛБЕКОВА.