Жылдың төрт мезгілінің ішінде әрқайсысының өзіне тән қасиеті бар. Бірі жаныңа жылулық сыйласа, бірі қайта туған жауқазындай бүршік атып жатады, ал бірі суығына үйретіп те үлгереді. Осы төрт мезгілдің ішіндегі ең кереметі, біздің жанымызға ең жақыны – күз мезгілі.
Күз – өте тамаша мезгіл. Адамның көңіл-күйі секілді құбылмалы мезгілде бірде жаңбыр жауып жатса, енді бірде күн шайдай ашылып тұрады. Сонымен қатар, күзде білім күні басталады. Біздің «Айкүн» балабақшамыз бүлдіршіндерге есігін жазда ашқанмен, күз мезгілінде ерекше қызу дайындықты жүргізеді.
Молшылық пен тоқшылықты дәріптейтін бұл мезгілді сұлулығы мен ерекшелігін тәлімгерлерімізге барынша түсіндіреміз. Жанға жылулық сыйлайтын ертегілер оқып, бояу мен қылқаламның көмегімен әдемі көріністерді қағаз бетіне түсірдік. Ара-арасында даладан түрлі пішінді жапырақтарды жинап, оны да пайдаға асырып жүрміз. Басты мақсатымыз, әрине, бүлдіршіндеріміздің санасын танымдық ақпараттармен толтырып, олардың ойында күздің байлық, береке, молшылық, шаттық, қуаныш екенін ұғындыру.
Жоспарға қойған мақсат-міндеттерімізді жүзеге асыру барысында бүлдіршін балапандарымызды балабақшаның барлық топтарында ортақ өтетін «Алтын күз» мерекесіне дайындадық. Балаларымыз өлең жолдарын нақышына келтіріп орындады, күзге қатысты ән айтты, күзгі вальс пен саңырауқұлақтар биін биледі және сахналанған көрініске де белсене қатысты. Осы орайда айта кететініміз, бүлдіршіндеріміздің ата-аналары да барынша көмектерін аямады. Ата-аналардың көмегімен көтерілген көрмеде біздің тобымыз жүлделі І орынды алды.
Үйрену мен еңбек етуден шаршамайтын балаларымыз бен ата-аналарымызға үлкен алғысымызды білдіреміз. Біздің басты мақсат – кішкентайларымызға сапалы білім мен тәрбие беру, оларды жетілдіру арқылы ата-аналармен барынша тығыз қарым-қатынас ұстау. Ал біз алдағы уақытта өткізетін мерекелік іс-шараларымызға қазірден дайындықты бастай береміз.
Мадина САПАРБЕКҚЫЗЫ,
Жайнагүл АЛТЫНБЕКОВА,
«Айкүн» балалар бақшасы, «Бүлдіршін» тобының тәрбиешілері.