Қазақ еліне, жұртына адал қызмет еткен, елінің болашағы үшін тағдырын таразыға тартқызған азаматын бүгінгі ұрпақ біліп өсуі тиіс.Әңгіме арқауы – Алаш қайраткері, ұлттық мәдениет, ағарту ісінің белгілі қайраткері, әдебиеттің әртүрлі жанрында қалам тербеген публицист, сайыпқыран сатирик Біләл Сүлейұлы жайлы. Біләл Сүлейұлының туғанына биыл130 жыл толып отыр. Ол кешегі Сталин-Голощекиндік заманда әуре-сарсаңға түсіп, НКВД-ның оғынан опат болып өлім құшқан азаматтың бірі.
Біләл Сүлейұлы1893 жылы Ақсу ауданы, Қапал ауылында дүниеге келген.
Алғашқы білімді әкесі Сүлей Майлыұлынан алған. 1911 жылы өзі туған өңірде ашылған “Мамания” мектебін бітірген. Бірер жыл оқыған зерек баланы осы оқу орнын ұйымдастырушылардың бірі Есенғұл Маманұлы болыс өз қаражатымен “Ғалия” медресесіне оқуға жіберген.1913 – 1916 жылдары Орынбордағы мұғалімдер семинариясын бітірген. 1916 жылы маусым жарлығына ілігіп, қара жұмысқа алынған қазақтарға мыңбасы болып Минск қаласына барады. 1916 – 1918 жылдары Қапалдағы татар мектебінде оқу ісін басқарушы болып қызмет етті. 1918 – 1927 жылдары халықты жаппай сауаттандыру ісімен айналысып, Жетісу өлкесіндегі қазақ ауылдарында екі жылдық бастауыш мектеп, аудан орталықтарында жеті жылдық орталау мектеп, облыста тоғыз жылдық орта мектеп ашуға мұрындық болды. Бұл мектептерде кейбір пәндер орыс тілінде оқытылған. Сүлейұлы енгізген бұл тәжірибе Жетісудағы қазақ жастарының Кеңес Одағының барлық қалаларындағы жоғары оқу орындарына оқуға түсулеріне мүмкіндік берді. 1928 – 1929 жылдары Ақтөбе облысы оқу бөлімінің меңгерушісі қыметтерін атқарды. 1930 жылдары Қазақстанның кейбір қалалары территориялық бөлініске байланысты өзге елдердің құрамына енгендіктен, Наркомпростың жоғары оқу орындары жөніндегі маманы қызметін атқаратын Біләл Орынбор мен Ташкенттегі қазақ институттарын елге қайтарады. Орынбордағы мұғалімдер институтын Оралға, Ташкенттегі мұғалімдер институтын Семейге көшіріп алады. Екі институтты белгіленген қалаларына көшіріп, өзі директорлық (ректор) қызметін атқарған. Семей педагогикалық институтының ректоры болып тұрғанында, яғни, 1930 жылдың тамыз айында қамауға алынып, НКВД-ның түрмесінде екі жыл отырып шығады. 1932 жылдың бесінші қыркүйегінде түрмеден шығып босаған соң, өз еркімен Қазақстаннан Мәскеуге жан сауғалап қоныс аударған. Мәскеудегі өндіріс орындарының бірінде мәдени-ағарту қызметі бойынша еңбек еткен. 1934 жылдан 1937 жылға дейін Біләл Қарақалпақ автономиясы, КСР-нің Халық ағарту ісі бойынша комиссары секілді жоғары лауазымды қызметтің тізгінін ұстаған. НКВД 1937 жылдың соңына қарай қайраткерді екінші рет репрессиялап, ату жазасына кескен.
Біләлдің артында қалған мұралары өте аз. Бірақ, ол семинарияда оқып жүргенінде, «Қазақ», «Шура», «Уақыт», «Тілші» газеттеріне жиі мақала, сатира, өлеңдер жазып, жариялап тұрған. Оның әдеби бүркеншек есімі (лақап аты) – «Матай», «Қаптағай», «Бұйрасқа». Татардың “Шура” журналының 1916 жылы 3-санында татар ұлтшылдарына қарсы “Науширван эфенді мақаласы жайлы” атты ғылылыми мақаласын жариялады. Осы журналда және татар тіліндегі “Вахит” (“Уақыт”) газетінде Сүлеевтің мақалалары мен өлеңдері жиі жарық көрді. Қаламгердің Алматы жатақханасының тұрмысы негізінде жазылған «Қартаға салынған қатын» атты бір перделі комедиялық шығармасы 1921 жылы қалалық театрда бірнеше рет сахналанған. 1922 жылы жазылған “Қабанбай мен Сазанбай” атты өлеңмен жазылған ұзақ сатирасы Жетісудағы алғашқы жер бөлінісіне арналған. «Қайтсең көсем боласың», «Нақысбек»,«Жұт жеті ағайынды», «Қазақ мұғаліміне», «Қазақтың 24 басалқа дыбысы», «Қыз бен жігіттің айтысы» секілді шығармалары бар.
Алаш қайраткерінің атқарған қызметі мен өнегелі ісін жастарға дәріптеу, еліне сіңірген енбегін насихаттау мақсатында Жалғызағащ ауылдық кітапханасында ауыл жастарының катысуымен Біләл Сүлейұлының өмірдерегіне шолу өтКізілді.
Алма Ускебаева,
Жалғызағаш ауылдық кітапханасының кітапханашысы