Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың қатысуымен білім беру қызметкерлерінің «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» тақырыбындағы республикалық тамыз педагогикалық кеңесінің пленарлық отырысы өтті. Биылғы жылы дәстүрлі шара алғаш рет жаңа форматта ұйымдастырылды. Республикалық кеңеске жетісулық педагогтар Талдықорғандағы І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында телекөпір байланысы арқылы қатысты.
Тамыз кеңесінің кешегі алғашқы күнінде педагог мамандар саланың сан қилы өзекті мәселелерін талқылаған болатын. Бүгінгі пленарлық отырыста да елдің 20 аймағына түрлі тақырыптық бағыттар берілді.
Алдымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесіне қатысушыларға жолдаған құттықтауын Премьер-Министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова оқып берді.
«Сіздерді білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінің басталуымен шын жүректен құттықтаймын. Жаңа оқу жылы қарсаңында педагог мамандардың басын қосып, өскелең ұрпаққа білім, тәрбие беру мәселесіне қатысты алқалы жиын өткізу игі дәстүрге айналды. Бұл — еліміздің болашағына ықпал ететін маңызды басқосу. Сапалы білім беру – бәсекеге қабілетті, өркениетті ел болудың кепілі. Адамзат тарихындағы жетістіктің барлығы ілім, ғылымның жемісі екендігі сөзсіз. Сауатты ұрпақ өсіру арқылы ғана ұлттың жаңа сапасын қалыптастыра аламыз. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Мектептің жаны мұғалім, мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы», деген. Еліміздің ертеңі жас ұрпақтың білімді, еңбекқор әрі отаншыл болуына байланысты», — делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.
Мұнан соң Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бүгінде Ұлттық платформа негізінде мұғалімдерді аттестациялау процесі автоматтандырылып жатқанын, сонымен қатар педагогика мен оқыту әдістемесі бойынша тестілеу алынып тасталғанын атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы әзірленуде. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға кәсіби мамандарды тарту мақсатында осы жылдың қыркүйек айынан бастап тәрбиешілердің еңбекақысы 30 пайызға өседі.
Орта білім мазмұнын одан әрі жетілдіру жұмыстары жалғасуда. Алғаш рет ауылдық және шағын жинақты мектептерді қолдау жұмыстары қолға алынды. Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүргізілуде. Биылдың өзінде 12 апатты және 29 үш ауысымды мектепті қысқарту мақсатында 132 мың оқушыға арналған 154 мектеп салынады. Келесі жылы «Жайлы мектеп» жобасы аясында 461 мың оқушыға арналған тағы 217 мектеп пайдалануға беріледі.
Министрлік әкімдіктермен бірлесіп, өңірлерде білім беруді дамытудың Жол карталарын жасақтады. Мұнда білім жүйесінің барлық бағыттары, оның ішінде балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту, білім беру ұйымдарындағы сыбайлас жемқорлықпен күресу шаралары қамтылған.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Балалар кітапханасы» жобасы қолға алынып, оның аясында мектеп кітапханаларының қорын отандық және әлемдік әдебиеттің үздік туындыларымен толықтыру жоспарлануда.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету айрықша назарға алынды. Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін білім беру ұйымдарының 90%-ы ішкі істер органдарының жедел басқару орталықтарына қосылды, лицензияланған күзетпен қамтамасыз етілді және дабыл түймелерімен жабдықталды. Сондай-ақ, тағы бір маңызды шаралардың бірі — жаңа оқу жылында 1,5 миллионға жуық бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету қолға алынды.
Отырыс қорытындысы бойынша вице-премьер Тамара Дүйсенова облыс әкімдері мен тиісті ведомствоға инфрақұрылымды дамытудың жол картасын әзірлеу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін жеке бақылауға алу, мұғалімдердің біліктілігін арттыруға қаражат бөлу, мектептердің материалдық-техникалық базасы бойынша мәселені шешу, ұйым басшысы етіп тиісті біліктілігі, дағдысы бар, ұжыммен және балалармен жұмыс істей алатын, даярланған мамандарды тағайындау сияқты бірқатар тапсырмалар берді.
Оқу жылының ұзақтығына қатысты вице-премьер жаңалықты енгізу үшін жан-жақты дайындық жұмыстарын жүргізу қажет екенін тілге тиек етіп, «Сондықтан жаңа 2023-2024 оқу жылы 25 мамырда аяқталады», — деп атап өтті.
Мұнан кейін Жетісу облысында кеңес «Білім саласындағы қаржы-құқықтық тәртіп» тақырыбында жалғасты.
Жиынды жүргізген облыс әкімі Бейбіт Исабаев Жетісу өңіріндегі білім беру ұйымдары есепшілерінің заңсыз іс-әрекеттерінен соң өңірде білім саласы мамандарының, соның ішінде білім беру мекемелері басшыларының қаржылық сауаттылығын арттыру аса өзекті тақырыпқа айналғанын атап өтті. Сондықтан да осы кеңесте мемлекет қаржысын жымқыруға жол бермеу, қаржының мақсатты жұмсалуы жөнінде кеңінен талқыланатынын айтты.
Алдымен Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің аппарат басшысы Тимур Әбілмәжінов білім саласындағы қаржы-құқықтық тәртіптің өзектілігі жайлы баяндама жасады. Ол білім беру ұйымдарында бюджет қаражатын жоспарлау мен бөлудегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға бағытталған Жол картасы әзірленгенін тілге тиек етіп, оның негізгі бағыттарына тоқталды.
Сол сияқты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі Жетісу облысы бойынша департаментінің басшысы Мақсат Жебегенов, «Қаржы орталығы» АҚ басқарма төрағасы Асқар Ибраимов та осы берілген тақырыптарға қатысты ой қосты.
Сонымен қатар Ақмола облыстық білім басқармасының Қаржылық-анықтамалық орталығының басшысы Азамат Смайылов мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру мен өткізудегі қиындықтар жөнінде сөз қозғап, өз тәжірибесіне арқа сүйеп, бірқатар керекті мағлұматтармен бөлісті.
Астана қаласындағы Ғафу Қайырбеков атындағы мектеп-гимназиясының директоры Сырым Нұғыманов білім беру ұйымында жан басына қаржыландыру, оның ашықтығын қамтамасыз етуде жаңа технологияларды қолдану сияқты бірқатар маңызды мәселелерді өзі басшылық етіп отырған мектептің мысалында баяндап берді.
Ал Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтай өкілі Анар Фазылжанова жемқорлықтың түпкі себебіне тоқталып, рухани жұтаңдықтан арылу, ұлттық құндылықтарды тану бағытында келелі әңгіме қозғады.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Бейбіт Исабаев:
— Біздің мақсат-мұратымыз – өскелең ұрпаққа сапалы білім, жақсы тәрбие беру. Ол үшін облыста барлық жағдай жасалған. Білім саласындағы инфрақұрылымдарды дамыту тұрақты жүргізіліп келеді. Мұғалімдердің мәртебесі белгіленіп, жалақысы өсті. Ендігі сіздерге қойылатын басты талап – білімді, озық ойлы ұрпақ өсіру. Өзіндік сыни ойлау машығы қалыптасқан, ішкі еркіндігі, ішкі «мені» бар балалар ғана қазіргі ақпараттық технология тасқынының ішінде өзін жоғалтып алмай, лайықты орнын таба алады. Сондықтан ұрпақ тәрбиесіне жан-жақты қарауымыз керек, – деді Б. Исабаев.
Білім саласында орын алған кемшіліктердің қайталанбауы үшін облыс әкімінің орынбасары Рустам Әлиге және облыстық білім басқармасына білім беру ұйымдарында қаржылық ашықтықты қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында заңнамаларға сәйкес бухгалтерлік есепті, салықтық есепті, персоналды және жалақыны есепке алуды, тарифтеуді, білім берудегі есепті, контингентті есепке алуды, бюджеттеуді, әкімшілендіру жүргізуді автоматтандыру және бұлтты бухгалтерияға көшу жұмыстарын қысқа мерзімде іске асыруды қамтамасыз етуді тапсырды. Енді облыстағы барлық ұйымдардың есепшілерінің жұмысына жылына 1 рет тексеру комиссиясы жылдық жоспар аясында тексеру жүргізіп отырады. Білім беру мекемелеріне сапалы менеджерлерді тағайындап, басшылардың жұмыс нәтижесін тұрақты түрде бағалап отыру, директорлар резервін құру қолға алынады. Сол сияқты «Мектепке дейінгі ұйымдар желісін ұлғайту мақсатында жергілікті жерлерде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік механизмін жандандыру және инвестиция тарту жұмыстары жүйелі ұйымдастырылсын. Құрылыс басқармасы аудан, қала әкімдерімен бірге салынып жатқан білім нысандарының талапқа сай сапасын қадағалап, белгіленген мерзімде пайдалануға берілуін қамтамасыз етсін», — деді Б.Исабаев өз сөзінде.
Атап өтсек, осы күні І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайының фойесіне өңірдегі білім саласының жетістіктер көрмесі қойылып, көпшіліктің назарына ұсынылды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.