«АУЫЛ — ЕЛ БЕСІГІ» ЖОБАСЫ АУЫЛДАРДЫҢ АЖАРЫН АШУДА

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында ауылды жерлерді көркейтіп, агро-өнеркәсіпті, инфрақұрылымды дамыту мақсатында көптеген бағдарламалар іске асуда. Солардың бірі – «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы. Аталмыш бағдарламаның мақсаты ауылды жерлерге маңызы зор кешенді ғимараттар мен нысандар салып, өңірлерді дамыту болып табылады. Осы бағдарлама жүзеге асқалы көптеген шалғай ауылдар түбегейлі өзгеріп, жаңа кейіпке ене бастады. Себебі, бағдарламаның тиімділігі мол.
Аталған бағдарлама аясында бөлінген қаражаттың игерілуін тексеру мақсатында жақында Ұлттық экономика министрлігінің өңірлік даму департаментінің директоры Д.Жамбайбек және облыстық экономика басқармасының басшысы Ж.Әмірханова Ескелді ауданына іссапармен келді. Ұлттық экономика министрлігінің комиссия мүшелері аталмыш бағдарлама аясында ауданымызда бой көтерген нысандарды толығымен аралап шықты.
Іссапармен келген қонақтар ең алдымен аудандық орталық ауруханаға ат басын бұрды. Қазіргі таңда аурухана «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өтуде.
Келесі кезекте экономика министрлігінің комиссия мүшелері жаңадан салынып жатқан денешынықтыру кешенінің құрылысымен танысып, ең алдымен жасалып жатқан жұмыстың сапасына баса мән берді. Сондай-ақ, келген қонақтар жаңадан салынып жатқан орталық жылыту жүйесінің қызу жұмысымен танысты. Ұлттық экономика министрлігінен келген комиссия осы жылы тұсауы кесілген Мелькомбинат елді мекенінде орналасқан спорт алаңымен танысып, салынған нысанның сапасына назар аударды.
Нысандарды аралаған комиссия мүшелері сапар барысында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бөлінген қаражаттың аудан бойынша тиімді игеріліп жатқандығына куә болды. Айта кету керек, алдағы уақытта аталмыш бағдарлама бойынша ауданымызда көптеген кешенді ғимараттар бой көтеретін болады.
Ажар САДАН.