МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ АЗАМАТАРДЫ ҚАБЫЛДАДЫ

Күні кеше «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында «Nur Otan» партиясының Ескелді аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Д.Идрисов пен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарлама бөлімінің басшысы А.Бейсбаев бірыңғай тақырыптық қабылдауында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды өздерін мазалап жүрген түрлі сұрақтарымен қабылдады.
Бұл аталмыш республикалық акция Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын жүзеге асыру аясында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту және мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге ықпал ететін болады.
Қабылдауға аудандық «Демеу» ҮЕҰ-ң төрағасы Ахат Ұзақбаев және аудандық мекемелер, оның ішінде аудандық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарлама, жер қатынастар, білім, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдері, халыққа қызмет көрсету орталығы, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы, орталық аурухана және аудандық әділет басқармасының басшылары қатысты.
Тұрғын үй мәселесі мен бала асырап алу мәселесі бойынша қабылдауға екі тұрғын келді. Сауалмен келген тұрғындарға әр мекеменің басшылары заң төңірегінде аталған мәселелерге қандай шешім қабылдау керек екенін түсіндірді.
Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың мүмкіндігі шектеулі азаматтардың әлеуметтік жағдайларын жақсарту туралы тапсырмасын орындау мақсатында осындай партиялық жобалар белгіленген жоспар бойынша өткізіліп отырады.
Ақбота ОРАЛБЕКОВА.