«ӘЛЕМ ТАНЫҒАН ҚАЗАҚСТАН» ОБЛЫСТЫҚ ФОРУМЫ

Тәуелсіз Қазақстанның әлемге танылған бейбітшілік, келісім және руханият саясатын үлгі ете отырып, халқының мәдениетін дамыту, жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді, этносаралық татулықты насихаттау, нығайту бағытындағы жұмыстарды жалғастыру мақсатында Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы мен «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен 30 қазан күні «Әлем таныған Қазақстан» облыстық форумы өтті.
Аталған форумда Достық үйі ғимаратының 1 қабатында «Ұста Дәркембай атындағы қолөнер мұражайының» директоры, ұлттық өнерімізді халықаралық деңгейде насихаттап жүрген шебер Дәулет Шоқпаровтың қазақ халқының ұлттық нақыштағы бейнесімен жасалған туындыларынан «Ғасырлардан жалғасқан асыл мұра» тақырыбында көрме қойылып, қатысушыларға шеберлік сыныбы ұйымдастырылды. Одан бөлек, аудан мен қалалық қолөнер шеберлері арасында байқауы өтті. Байқау қатысушылары ер-тұрман әб-зелдері, зергерлік, теріден, темірден, сүйектен, ағаштан және т.б. әртүрлі материалдардан жасалған бұйымдары мен қолөнер заттарын көрмеге ұсынды.
Ал ғимараттың 2 қабатында «Рухани жаңғыру» орталығы мен «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының» Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында өткен шаралары (2017-2019 жылдар аралығы) бойынша фотоальбомдар мен кітаптар, басқа да құжаттар көрмесі, дін басқармасының кітаптары мен этномәдени бірлестіктердің этностар туралы дайындаған кітаптар көрмесі қойылды.
3 қабатта фотосуретшілердің үздік туындыларынан байқау ұйымдастырылды. Әр автор «Елбасы жолымен», «Жер жаннаты – Жетісу», «Әлем таныған Қазақстан» тақырыптарында фотосуреттерін тамашалауға көрмеге ұсынды.
Форумның ресми бөлімінде баяндамашылар мінберге шығып, форумның тақырыбы аясында жалпы 3 бағыт – бейбітшілік, келісім, руханият мәдениеттері бойынша өздерінің дайындаған презентациялары мен бейнероликтерін көрсетіп, баяндама жасады.
Жиын соңында, фото және қолөнер көрмесі қатысушыларының жұмысын қазылар алқасы бағалап, жүлделі орындарды иеленген қатысушыларды дипломдармен марапаттап, бағалы сыйлықтарын табыстады. Соның ішінде, біздің ауданнан қатысқан аудан тұрғыны Рауя Нұртілеу «Қолөнер шеберлері» көрмесіне өзінің ағаштан жасаған бұйымдарын ұсынып, белсене қатысқаны үшін алғыс хатпен марапатталды.
Ал үздік фотосуретшілердің ішінен топ жарған туындысымен Ескелді ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Алима Мұратқызы «Жер жаннаты – Жетісу» номинациясы бойынша фотоаппаратқа арналған сөмке мен штативті ұтып алды. Форум жоғары деңгейде өтіп, соңында концерттік бағдарламамен ұласты.
Ақбота ОРАЛБЕКОВА.