Жиренше (ХІҮ-ХҮ) — аты аңызға айналған дала данышпаны, шешен. Түркі халықтарына ортақ ойшыл.Өмірде болған тарихи тұлға, өмірбаяны туралы аз зерттелген. Бірқатар өмірбаяндық деректерінің нақтылығына, шығармашылық стилінің айқындығына және автор ретіндегі есімі ел есінде ғасырлар бойы еш өзгеріссіз сақталғандығына қарамастан, әпсаналық кейіпкер, жиынтық образ ретінде қарау басым. Шығыс мәдениетінің көне дәуірлердегі өкілдерін персонификациялауға күмәнмен қарауға бейім «евроцнтризм» салқыны сезіледі. Тіпті, әдеби лақап (псевдоним) пен жиынтық образ негізінде де шындық жататынын естен шығаруға болмайды. Ж. шешендік сөздері — далалық өркениет тәжірибесінің жарқын көріністерінің қатарына жатады. Терең тағылымды толғамдар өміршеңдікке шақырып, ақыл-ой салтанатын түйсінуге мүмкіндік береді.
Жиренше шешен (туған-өлген жылы белгісіз) — Қазақ хандығын құрған Жәнібек хан (15 — 16 ғ-лар) — қазақтың ақыл-парасатымен, тапқырлығымен аты аңызға айналған ділмәр шешені. Аңыз-әңгімелердің дерегі бойынша ол тарихта болған, әз Жәнібек ханның тұсында өмір сүрген кісі, бірақ тарихи шығармаларда Жәнібек ханның төңірегінде ондай адам болды деген дерек кездеспейді. Халық аңыздары бойынша, Жиренше шешен кедей адам болған. Ол дербес Қазақ хандығын құруда ханға көмектескен, оған пайдалы кеңестер айтып, халық бұқарасының атынан сөйлеген. Оның атынан айтылып, халық жадында сақталған аңыз-әңгімелер мен шешендік сөздер көп. Олардың көпшілігі 15 — 16 ғ-лардан басталатын халық шығармасына немесе әлденеше адамның, бірнеше буынның өңдеп, өзгертуінен өткен ортақ мұраға айналып кеткен. Жиренше шешен туралы аңыздарда оның әйелі Қарашаш та ақылды әрі тапқыр жан ретінде суреттеледі. Басқа түркі тілдес халықтар фольклорында да Жиренше шешен туралы ертегі, аңыз, әңгімелер кездеседі. Мысалы, қарақалпақта Жиренше шешен, қырғыздарда Жээренче чээчэн, түрікменде ақылды да тапқыр, әділ Ийкренче туралы аңыздар бар. Жиренше шешен туралы әңгімелерді, негізінен, үш салаға бөлуге болады. Біріншісінде ол Жәнібек ханның уәзірі, ақылшысы, досы ретінде бейнеленеді, екіншісінде ханның кемшіліктерін бетіне айтып, ақыл-парасатымен өзін оған мойындата білген әділ адам ретінде суреттелсе, үшіншісінде оның өз әйелі Қарашашпен, т. б. қарапайым халық бұқарасы өкілдерімен қарым-қатынасы көрсетілген.[1] Жиренше шешен жөнінде өзге халықтардың шығармаларында да сөз болады. Түркі-Моңғол, Үнді-Еуропа халықтарының біразының фольклорында да ол туралы әңгіме бар. Қазақ фольклорында бар Жиренше шешен жайындағы аңыз әңгімелердің кейбір нұсқалары негізгі кейіпкердің атымен, мысалы, қарақалпақ (Жиренше), қырғыз (Жээренче чээчен), түрікмен (Йикренче) фольклорына ауысқаны байқалады. Жиренше шешен туралы ертегілер, әңгімелер қазақ фольклорында шамамен XV ғасырдан басталады. Онда шешендік сөздің үлгілерімен қатар, тұрмыс-салт ертегілері де бар. Жиренше шешен атымен байланысты әңгімелердің ішінде ең көп тарағаны — оның көркіне ақылы сай, дана қыз Қарашашқа үйленгені. Жалпы зерттеулер Жиренше шешеннің атына қатысты аңыз әңгімелерді үш топқа бөледі. Біріншісі—Жиренше шешенді Жәнібек ханның ақылшысы, әрі досы етіп көрсететін әңгімелер. Мұнда Қазақ хандығын құрысуға белсене қатысқан Жәнібек ханға деген ел ілтипатының әсері айқын аңғарылады. Екіншісі — Жиренше шешенді әлеуметтік теңсіздікке қарсы күресуші етіп көрсететін әңгімелер. Мұнда ол ханды әшкерелеуші, ханның зорлығына өзінің ақыл- парасатын қарсы қоюшы, тапқыр ақыл иесі ретінде бейнеленеді. Үшіншісі — Жиренше шешеннің көпшілік арасындағы күнделікті қақтығыстарда айтатын тапқыр әзіл-қалжың сөздері. Осы шығармалардың арқасында Жиренше есімі ұмыт болмай ғасырдан ғасыр асып, бүгінгі ұрпаққа жетіп отыр. [2]
Халық аузынан
Жиренше шешен қазақтың дәстүрлі ауыз әдебиеті арқылы халық арасына атақ-даңқы кеңінен жайылған айтулы тұлға. Оның туған жылын, қайсы атадан шыққанын, өмір жолдарын дәл тауып айту мүмкін емес. Өйткені Жиренше шешен халық ауыз әдебиетіндегі Алдар Көсе, Қожанасыр тәрізді аңызға айналып кеткен фольклорлық бейне. Аңыз бойынша ол Әз Жәнібек ханның тұсында өмір сүрген. Жиренше шешен сол Әз Жәнібектің сарай биі, шешені болғанға ұқсайды. Өйткені халық аузында да, тарихи шежірелерде де екеуінің есімі қатар аталып отырады.
Әз Жәнібектің шамамен 1406-1473 жылдар аралығында өмір сүргені аян. Бір аңызда аң аулап серуен құрып жүрген Жәнібек жігіт кезінде 7-8 жасар шамасындағы аққұбаша жетім балаға кездесіп, танысады. Оны үйіне әкеліп, жуындырып өзіне серік етіп алады. Аққұбаша бала өсе келе сол Әз Жәнібек ханның сарай би-шешені боп кетеді. Сонда Жиренше шешен де Жәнібекпен қатарлас, замандас болып шықпай ма?
Ал, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік Баяны» (1996) Жиреншенің даналық шешен сөздерінен басталады.
Ал, Жиренше шешен жөнінде Қазыбек бек Тауасарұлы «Түп-тұқианнан өзіме шейін» дейтін 1993 жылы «Жалын» баспасынан шыққан (баспаға әзірлеген жазушы Балғабек Қыдырбекұлы) кітабында былай жазады: «Бір жетім баланы, Қарабай қолбала етіп алыпты, — дейді Сенкібай шал, Сеңкібай Төкеңе төрт-бес атадан қосылатын кісі. Төкең сұрастыра келе, қыз кәдімгі Жиренше шешеннің шөбелегі болып шығады. Қыз «Менің әкем Бәкір, оның әкесі Тілеубай, оның әкесі Атай, оның әкесі Шақ, оның әкесі Жиренше» — деп сайрайды»[3]. Бұл Жиреншенің өзінен бергі үрім-бұтағы. Ал, шешеннің өзінен арғы ата-бабалары әлі беймәлім.
Жиренше шешен жөнінде Қазақ Совет Энциклопедиясында былай жазылған: «Жиренше шешен қазақ ауыз әдебиетіндегі кейіпкер, ақыл-парасаттың, тапқырлықтың символы. Қазақ аңыздары бойынша Жиренше ше шен тарихта болған. Жәнібек («Әз Жәнібек») ханның тұсында өмір сүрген кісі. Алайда тарихта Жиренше шешен туралы нақты деректер аз. Ол жөніндегі шығармалардың дені көп халыққа ортақ сюжеттерге негіз болған. Қазақтан өзге түркі, монгол және үнді-еуропа халықтарының фольклорында Жиренше шешен туралы шығармалар кездеседі. Қазақ фольклорында Жиренше шешен жайлы ертегі, аңыз, әңгіме, анекдоттар бір топ…»
Жиренше шешен жайлы аңыздар
…Былтыр Жиренше шешен науқастанып, сырқатына шипа ем дарым зәруатын дарымдап, сауыққан соң ой тапсырғы айтып, қайтқалы жатқанымда, Жиренше шешенге хан Әз Жәнібек тақай шақырғыш жасауылын жіберіп, шешенді шақырыпты. Жиренше:
- Сен қайда бармақсың, бірге жүр, егіздеп барайық, — деген соң, мен оған ілесіп Ақордаға барсам, Жәнібек хан тағында уәзірлерімен шенді-шекпенділері екіге жарылып, ортасын бос тастап отырыпты. Біз хан тақсырға амандағыш жөрелгі аяқ жоқ еш.
Жәнібек хан: - Ей, Қарабас! Көз мұрын жербет қайсы? — деп, Жиреншеге оқты көзімен ата қарағанда, мен ішімнен бір сұмдық болмас па екен деп, Жиреншені ханның «Қарабас» дегені қалай деп, аң-таң болып тұрдым да қалдым. Бірақ Жиренше зымырай:
- Күлкі жербет, ұйқы жербет, тамақ жербет, талақ жербет көз құлақ елі, ауыз кем ғой — деп еді, хан жымиып қойды да:
- Көз мұрын сағымған қайсы? — деді. Ойлануға еш кезек бермейін дегендей тақсырғала, Жиренше іркіліссіз:
- Ажал сағымған, несіп сағымған, неке сағымған, талғақ сағымған, қонжат сағымған оң қол еді, көзді өтей тастақа отырсыз ба? — деді Жиренше. Оған жауап бермеген хан тағы да Жиреншеге: «Бишеқор қаншаға? — деді. Жиренше:
- Бастармақсыз шопан табын бишеқор, түйіні жоқ ой бишеқор, қараүзген шипагері жоқ ел бишеқор, лықсып малы, толықсып елі жатпаған бел би шеқор, өңгерін елі қадірлемеген ер бишеқор, оң қол екен, — дей бере, хан:
- Бізде қараүзген шипагер бар ма? — деп сұрады Жиреншеден. Жиренше:
- Тақсыр, өзі білгі алдыңызда, білмесеңіз қарызыңызда тұр, — деді. Хан аз-кем бөгеліп:
- Ол кім? — деді. Жиренше мені сұк қолымен нұсқап көрсете тұрып:
- Мұның сүйегі ұлы жүз, Зарман, Зарман ішінде Албан. Лұхман хакімнен төлім алған. Аты Өтебойдақ, шипагерлікпен өтерден мормахы өліжан, — дейді. Менің төбем көкке жеткендей болды. Жәнібек хан көзін менен алмастан, басын изей ойланып алды да:
- Жарайсың Қарабас! Басың нағыз алтын бас, тілің нағыз гауһартас екен. Әкең атынды тауып қоя алмапты «Қарабас» деп, екі ілікке алуға жарымпас деп, өттең, қойса жөн екен «Алтынбас» деп, — деді Жиреншеге бұрылып. Кенет Жиренше езгі тағызым жаса ханға:
- Әкем менің атымды жағалап қойыпты, сіз бағалап қойдыңыз, жұрт ағалап шығар. Бірақ, тақсыр, менің атым «Қарабас» емес, Жиренше. Азан айтып қойған аттан айырылып босқа күйгенше, басымды шауып тастаңыз, қара жерге кірейін ғазиз басты игенше, — деді де, езгі тағызым жасап тұра берді. Хан бедірейе қарап бір сыпыра отырды да, кенет түсін жылытып:
- Жасың қаншада? — деді сұрап Жиреншеден, Жиренше:
- Жылым айбар, қырық беске келдім. Біле алмадым мәнін, мен қалайша өлдім? — деді. Хан:
- Сен онда Қанай шешенмен тумалас екенсің, сол айтқан еді, — деді. Қанай шешен осы орайда Жиреншені жеңіп алғысы келді ме, тұтқайлы дүрсе қоя беріп:
- Білсең айтшы, дүниеде не өлмейді? — деді. Жиренше:
- Әділдіктің заты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді, — деп зымырғай жауап беріп тұрса да, ханнан көз айырмай, Қанайға қайырылмастан, Қанай:
- Жиренше! Күннің көзі өлмейді, жердің жүзі өлмейді, ағынды су өлмейді, аспандағы ду өлмейді, — деді. Жиренше:
- Қанай, қаңғып кеттің, тапа-тал түсте қалғып кеттің. Қара жердің өлгені үстін қардың жапқаны, ағын судың өлгені бетіне мұз қатқаны, күн көзінің өлгені қызарып барып батқаны, аспанда дудың өлгені, көктің айық тапқаны. Ажал келіп тиген оқ Алланың көздеп атқаны, — дегенде, Қанай үндей алмай қалды. Жиреншеден басқамыз хан бастап ду күлістік. Қанай жер болды. Жәнібек хан:
- Қанай шешеннің бас жағындағы бос орынға отыр! Тумалдастың құдайы бір, дүрдүн тауар түйіні бір, — деді Жиреншеге қарап жымия. Сонда Жиренше отыруға асықпастан:
- Қасымдағы қандалмамды қайтемін? — деді ханға қарап.
- А, не дейсің? — деп Жәнібек хан опырыла шорт сынардай, шатынай Жиреншеге оқты көзімен ата қарады. Менің зәреқұтым үшып кетті. Жиренше қаннан-қаперсіз, аспай-саспай тағы да мені нұсқап тұрып:
- Алдияр тақсыр! Қасиетті хансыз, жасай алмайсыз өмірлеуде раһит жансыз, сырқаттанып науқас атансаңыз, шипагер сырқатқа қандалмадай қадалмаса, науқасты бейнеттен айықтыра алар ма? Жардың ауған жүгін басқан арман боп кейде тайып тұра алар ма? — деді.
Ханды жан тәттілігі сергітті ме, болмаса Жиренше шешен қайта ескерткен соң есіне түсті ме, не сөз төркінін жете ұғынбағаннан төп-тартып өзінен өзі именіп қалды ма, белгісіз сабасына қайта түсе: - Жиренше деген атыңды да алдың, шешен ділмар затыңды да алдың. Ханзадамның аты да Жиренше еді, Қанай шешен қарашаға ханзаданы теңей алмай айтқан болды ғой. Ордамда ханзада Жиренше, шешен Жиренше пар болса, қор болмайды екенмін, — деп жырғап, қарқылдай күлгенде, уәзірлері мен шенді шекпенділері де қарқылдасып, күлісіп, қау-қауласып мақтасып жатысты. Мен де Жиреншенің жұлдесіне қуана күле бердім.
Жиренше шешен жайлы аңыз
Хан жарлығы бойынша мен де Жиреншенің қимар қатарына отырдым. Мен отыра салысымен-ақ хан менен етектеуіш басталғы ілме жауап сұрап: - Алла жаратқанда, адам пендесін неден құралмағы шарт болған? — деді. Мен:
- Адам баласы Алла өзі жаратқан алты несібелік мінсіз бітістік пен адам пендесі өзі теретін алты несіптік ризықтан құралмағы шарт болмақ, — дедім. Хан тағы да менен:
- Соңы немен тынбақ? — деп ілмеледі. Мен:
- Жылап туылып, жырғап өсіп, ажалдан өшіп, елді ешретіп, жерді күңірентіп жер бесікке түспекке аттанбақ, — дедім. Хан:
- Сырқат деген не? — деп сұрады. Мен:
- Адамзатына ғана Алла жазған тұғырлық алты несібеге сан алуан сырқат себепкерлері жұғып, науқастандырып бұлдіру арқылы тухырлық алты несібе мен алты несіптік ризықтық дәнекерді бұзушы бұзғыншылық сырқат делінбек, — дедім. Хан:
- Сырқат қалай айықпақ, науқас қалай жазылмақ? — деді.
Мен: - Әуелі сырқаттық сипат нақтамалылығы дәл болмақ, соған сай шипа емі дарым зәруаты дарымдылық дәлдігі туралық тапса, айығым алғысты болмақ. Науқас үйлесті күтінім шартын өтемегі жарақ. Артынша болса, бейнеті көп тартпақ, алдашы ажал торымына жолықпақ, — дедім. Хан үндеместен ризалықпен басын шұлғи берді. Мен осы орайда:
- Дат тақсыр! — дедім. Хан:
- Дат айтылмақ шарт, — деді. Мен:
- Шипа ем дарым заруатында һалал, һарамдық жоқ. Бұған осы отырған, хан бастаған игі жақсылар демегі қалай паталамақ екенін, я болмаса артынша болмағы шарт па? Осыны ашаламақ парызы қанашаңыздың, сіз тақсырдың уәжібіне мұхтасар болмағы шарт алдында тұрғылық, — дедім…
Жиренше шешен жайлы аңыз
Әз Жәнібек хан жігіт кезінде өзінің бір топ достарымен серуен құрып келе жатса, алдынан бір аққұбаша бала кездесе кетеді. Жеті-сегіздер шамасындағы әлгі бала жалаң аяқ, үсті-басы жұлым-жұлым екен. - Бұл елсіз далада неғып жүрген баласың?
- Сүтін ішіп жүрген жалғыз інгенім бар еді, содан айрылып қалып, осы даладан іздеп жүрмін.
- Інгенді тұсап қойсаң етті?
- Тұсап жүруші едім, тұсауы үзіліп кетіпті.
Жәнібек те жастайынан естияр, ақылды екен. Жетім баланың өлген шешесін жұмбақтап айтқанына түсіне қойыпты. - Е-е, сенің шешең өліп, ана сүтінен айрылған жетім бала екенсің ғой, кел атыма мінгес. Жәнібек жігіт әлгі баланы атына мінгестіріп, үйіне әкепті. Жуып-шайындырып киіндіріпті. Ауыл адамдары оны түсіне қарап «Жиренше бала» деп атап кетіпті.
Болашақ екі дана жас кезінен-ақ осылайша кездесіп, өле-өлгенше бір-біріне ақыл-серік боп кетіпті, — дейді ел аңызы.
Жиренше шешен жайлы аңыз
Бес-алты аттылы жолаушы бір ауылға жетіп, шеткері тұрған қараша үйге ат басын тірепті. Жолаушылар ол үйдің Жиреншенікі екенін білмепті. - Оу, кім бар бұл үйде, қонақпыз! — депті. Сонда Жиренше:
- Екі қой жеймін десеңдер, түсіңдер, бір қой жеймін десеңдер басқа үйге барыңдар! — депті. Қонақтар:
- Бұл өзі сақы мырза жігіт екен, қонсақ қонайық осы үйге, — деп, аттарынан түсіп, үйге кіріпті. Үй иесі жалғыз буаз саулығын жетектеп келіп «лә аумин» деп бата сұрапты. Қонақтың бірі:
- Мына саулығың желіндеп туайын деп тұр ғой, бойдақ қойың жоқ па еді? — дегенде, Жиренше:
- Бойдақ қойы бар болғыр жоқ еді, — депті. Бағана айтпап па едім, «Екі қой жеймін десеңдер түсіндер, бір қой жеймін десеңдер басқа үйге барыңдар деп».
Жолаушылар: - Қой болмас, — деп аттанып кетіпті де, басқа үйге барып қоныпты. Сұрастырып қараса, әлгі «Екі қой жеймін десендер біздікіне түсіндер, бір қой жеймін десендер басқа үйге барыңдар» деген адам Жиренше екен.
Жиренше шешен жайлы аңыз
«Ханда қырық кісінің ақылы болады» деген қағиданы Әз Жәнібек әрдайым есінен шығармайды екен. Ол өз төңірегіндегі би-шешен, уәзірлерін үнемі сол нақылмен сынап, тексеріп отыратын көрінеді. Бір жолы өзінің 40 уәзірінің ақыл-парасатын сынап көрмек болып, оларға «Өтірік пен шынның арасы қанша, соны айтыңдаршы» деп, 40 күн мәулет беріпті. Мұны Жиренше шешен де естіпті. Бұл сөзді біреу білетін шығар, соны іздеп табайын деп жаяу, жалғыз елден-елді кезіпті. Кезіп жүріп, бір үлкен қорғанды шаһарға жетіпті. Намаздыгер шамасында шаһар дарбазасына кіріп келе жатса, темір қоршаудың ішкі жағында астына қара көк ат мінген, басына дулыға, үстіне сауыт киген, белін буынып, найзасын жерге шаншып қойып, ер қаруы бес қаруды асынып алған біреу тұр екен. Кірген, шыққаның бәрі оған сәлем беріп өтеді. Тек Жиренше ғана амандаспай, тіпті мойын бұрмай өте беріпті. Сонда найзасын жерге тіреп, ат үстінде шіреніп отырған жігіт: - Осы дарбаздан кірген, шыққан адам сәлем бермей өтпеуші еді, сен неге сол рәсімді жасамай, тіпті мойныңды да бұрмай өтіп барасың? — деді.
- Біріміз атты, біріміз жаяу, сәлеміміз келісе ме? — депті Жиренше. Бұл сөзге қарулы жігіт:
- Мына шаһардың жөнін білмейтін жан екенсің, кел атыма мінгес, біз-дікіне мейман бол! — дейді.
- Ер-тоқымды аттың алдын бізге, артын сізге бұйрық қылған ғой. «Ат иесі алдына мінеді» деген сөз тағы бар еді, жүр, үйіңе жаяу-ақ барамын, — депті Жиренше.
Екеуі атты, жаяулы болып мұның үйіне келеді. «Жігіт» өз бөлмесіне түседі де, Жиреншені мейманханасына кіргізеді. Мейманхана іші кірсе шыққысыз, жалғанның пейішіндей үй екен. Аққудай тізілген қыздар неше түрлі дәмге толы дастарқан. Бар сый-құрметтен соң әлгі мырза келіп: - Қонағым әңгіме айт, — дейді.
- Біріміз бүтін, біріміз жарты, әңгімеміз жараса қояр ма екен? — дегенде, «жігіт» отыра алмай, ұялып шығып кетеді. Сөйтсе бұл жігіт деп отырғанымыз сол шаһардың патшасының қызы екен. Еркек киімін киіп, дарбазаның алдына тұрып, «келген-кеткенді сынаймын, сыныма төзген жанға тиемін» деп әкесінен рүқсат алған екен. Ал, келіп кетіп жатқан жолаушылар мұның әйел екенін білмей, иіліп сәлем беріп өтеді екен. Жиренше көргеннен-ақ осы «жігіттің» атқа отырысынан әйел екенін біле қойып: «біріміз атты, біріміз жаяу» дегені «біріміз еркек, біріміз үрғашы, қалай сәлем берісеміз» дегені екен. «Біріміз бүтін, біріміз жарты» деген сөзінен «әйел екенімді біліп қойды-ау деп сезіп, қыздың ұялып тұра жөнелген себебі сол екен. Қыз: «Маған білімі асқан жігіт кез болды, мені соған берсін» деп әкесіне кісі салдырыпты. Әкесі қош көріп, қабыл алып, жорға бие сойғызып, жоғары елді шақырып, үлкен тамаша той жасап, қызын Жиреншеге неке қиып қосыпты. Жиреншенің ақылгөй аяулы қатыны осы екен. Екеуі бір-біріне қосылып, кұрмашаны сындырып, көңілдерін тындырып, мауқы басылған соң, Жиренше шешен «мен қайтамын» депті.
Қалыңдығы: «Сен қайда барасың, әкемнің менен басқа ұлы да, қызы да жоқ. Әкем өлген соң, мына дәулетке кім ие болады? — дейді. - Жоқ, қайтатынымның мәнісі бар: «Әз Жәнібек» дейтін ханымыз өтірік пен шынның арасын айырыңдар деп, уәзірлеріне жарлық қылды. Уәзірлер соны таба алмай қанша күнге мөулет алысып еді. Ал мен соны білуші, шешуші болар ма екем деп іздеп шыққан жан едім. Үйден шыққандағы жүмысымды аяқтамай осында тұрып қалсам, «жоқ қарап жүріп, жасауылга тұрғанның» құдды өзі болғаным ғой! Содан соң менің адамшылығым қала ма?! — дейді Жиренше.
- Болмашы нәрсенің өзі адамға әлдеқандай қиын көрінеді екен-ау! Өтірік пен шынның арасы төрт-ақ елі емес пе? Бұрынғылар айтпаушы ма еді «Өтіріктің түбі бір-ақ тұтам жер» деп. Оның мәнісі: көзбен көрген шындық, құлақпен естіген өтірік. Ендеше көзбен көрген анық, кұлақпен естіген танық емес пе? — деді қыз. Жиренше қуанып:
- Бәрекелде, іздеген жоғым табылды. Енді мен мұны Әз Жәнібек ханға тезірек жеткізе қояйын, әйтпесе қырық уәзірін бекерден-бекер жазалап жүрер. Соларға арашашы болсам, тіршілігімнің бір мәні сонда емес пе? — деп қайтуға ынғайланады. Жиреншенің кетеріне көзі жеткен соң қыз әкесіне кісі салады.
- Жат жұртқа жаралған әйелмін ғой, мынау күйеу бала ел-жұртына қайтамын — дейді, мені қалдырмасын, ұзатсын деп.
Әкесі қызының айтқанын құп көріп, алтынмен аптап, күміспен күптеп ұзатады, қастарына қырық уәзір қосып, «Қызымды берген күйеу баламның жері қандай, суы қандай, елі қандай екен, апарып салып, соларды көріп келіңдер!» — дейді.
Бұл жұрттан былай ұзап шыққан соң, Жиренше шешен: «Мен ілгері озып барып, ел-жұртымның аман есендігін білейін» деп жалғыз жүріп кетіп, еліне келсе, Әз Жәнібек сол күні «таптыңдар ма, жоқ па» деп уәзірлерін қысып жатыр екен. Олар таба алмаған екен. Таба алмаған соң жазаланбақ екен. Жиренше тұп-тура осы оқиғаның үстіне келіпті. - Таксыр! Бұларды жазаламайтын болсаңыз, керек қылған сөзіңізді мен айтып берейін, — деп қалыңдығынан естіген сөзді бастан-аяқ айтып береді.
Хан Жиреншеге риза болып: «Маған бас уәзір болуға лайық екенсің» деп, өзіне бас уәзір қып сайлап, жабулы арғымақ, қалы кілем, қара нар, қамқа тон, тоғыз қылып сый беріпті.
Мұнан кейін: «Тақсыр арызым бар» дейді Жиренше. - Айт, — деді Әз Жәнібек.
- Мен сондай жат жұртқа барып, бұйрық болып, бір ханның қызын айттырып қайтып едім. «Күйеуді еліне апарып салыңдар» деп қайын атам қасыма қырық уәзірін қосып берді. Олар жолда көшіп келе жатыр, мен сізге жетейін деп озып кеттім. Қандай оймен қосқанын кім біледі? Достықпен қосқан болса, жолынан қалдырмайық, дүшпандықпен қосқан болса, сыр алдырмайық, соларды орта жолда қайтарып жіберсек екен, — деді. Хан мұнысын ұнатып, қырық уәзіріне:
- Қырық ат, қырық шапан алып барып, мұның қонақтарын қайтарып жіберіңдер, — деп тапсырды.
Жиренше қырық уәзірмен қонақтарының алдынан шығып, ханның берген ат-тонын, тарту-таралғыларын тапсырып, қайырып жібереді…
Жиренше шешен жайлы аңыз
Хан өзінің нөкерлері және Жиренше бимен жол жүріп келе жатып, өзен жағасында отырған үш адамды көреді. Бірі қартаңдау, екіншісі орта жаста, үшіншісі жас жігіт екен дейді. Жанынан өтіп бара жатқан топқа үшеуі орындарынан тұрып сәлем қылады. Хан олардың бетіне аздап қарап тұрады да, ілгері жүре береді. Былай шыққан соң Жиреншеден: - Әлгі үшеуі не ойлап қалды екен? — деп сұрапты. Сонда Жиренше шешен:
- Е, хан ием, не ойлаушы еді: шал жиырма бестегі кезін ойлап жүр. Орта жастағысы жер ортасы көктөбе, ер ортасы сұр жебе. Көктөбеге жетіп, алды артына қарап, бір дем аласың. Сұр жебені тағы бір тартып, бел аласың! — деп тұр.
Ал, жас жігіт «анаған жетсем, мынаған жетсем, ананы алсам, мынаны алсам» деп, ойнақтаған ботадай дәрменсізденіп тұр депті. Хан атының басын бұрып: - Қане, соларға қайта барып, енді өздерінен сұрап көрейік. Жиреншенің осы айтқаны рас па екен? — дейді. Келе бере шалдан:
- Әлгіде бізге жолыққанда не ойлап тұрдың? — десе, шал:
- Жиырма бестегі шағымды ойлап тұр едім, тақсыр! — депті. Ортаншысынан сұраса:
- Жер ортасы көктөбеге жетіп, алды-артыма бір қарадым. Ер ортасы сұр жебе деп, тағы бір толғап тартсам, сөйтіп бел алсам деп едім депті. Жас жігіт тұрып:
- «Анаған жетсем, мынаған жетсем» деп, көңілім ойнақтаған ботадай алабұртып тұр еді, — дейді. Хан қасында тұрған Жиреншеге қарап:
- Сен білгір де данышпан екенсің, бұдан былай менің оң жағымда отыратын бас биім боласың, — деп оған ризашылық білдіріпті.
Жиренше шешен жайлы аңыз
Жәнібек хан жолға шығар кезде Жиреншемен әрдайым: «Ананы қайтеміз, мынау қалай болады» деп ақылдасып алады екен. Содан соң Жиренше қалай мәслихат жасаса, тіл қатпай, оның дегенін істеуге өмір қылады екен. Бір күні хан асығыстау жолға шығайын деп қызметшілеріне: - Тез күймемді дайындаңдар, күймеге қып-қызыл күрең алты нар жегіңдер, — деп өмір беріпті. Қызметшілер жылдамдатып алты қызыл күрең нар жегіп, күймені тұп-тура хан шығатын есіктің алдына әкеп қойыпты. Содан соң хан:
- Жиреншені шақырыңдар, меніменен бірге жүрсін, — дейді. Хан қызметшілерінің бірі жүгіре басып Жиреншеге жетіп келеді:
- Ау, Жиренше, хан жолға дайындалып, сізге тез келсін, меніменен бірге жүрсін деп жатыр, — дейді. Сонда Жиренше:
- Ханның жеккені не? — депті.
- Жеккені қып-қызыл алты нар өзір түр.
Жиренше айтыпты: - Қазір барамын, ханға сәлем айт, күн бұлт екен де, — деп. Содан шақырушы ханға:
- Тақсыр, Жиреншені шақырдым, ханға сәлем айт, қазір барамын, күн бұлт екен деп айт деді, — дейді.
Айтулы сөздің астарын түсіне қойған хан қызметшілеріне: - Алты нарды доғарып, күймеге алты тұлпар жегіңдер! — деп бұйырады. Тұлпарлар жегіліп әзір болған кезде Жиренше де келіпті. Сөйтіп хан екеуі жолға шығыпты. Жолда құбыладан қара бұлт көтеріліп жаңбыр құйыпты. Жер батпаққа айналыпты, соған қарамастан жануарлар сыдырта желіп отырыпты. Сонда Жиренше ханға қарап: — Жылқы малдың патшасы, түйе малдың қасқасы: түйе малының мынадай ми батпақта жүруі қиын, мен соны ойлап айтқан едім, — депті.
Жиренше шешен жайлы аңыз
Бір адам: «Осы Жиреншені әркім мақтайды, Жиренше сөзден сүрінбейді және сұраған нәрсенің бәріне табан астында жауап айтады дейді. Мен де барып сөз сұрап көрейінші» деп Жиреншеге айтыпты: - Әу, Жиренше, сізді өркім бір мақтайды, шешен, білгіш дейді. Қане білгіш болсаң, Тесіктау қайда соны айтшы! — дейді.
Сонда әлгі кісі «Төбешік, Төбешік» деп қайталап айтады да: - Ол төбешігің алыс па, жақын ба? — деп сауалдайды. Сонда Жиренше шешен:
Үйге кірген соң, Жиренше әйеліне: - Мына кісіге сусын бер, — дейді. Әйелі сусын әкеліп, әуелі күйеуіне, содан соң қонағына ұсынады. Жиренше сусын кұйылған тостағанды ұстап отырып:
- Міне Тесіктау! Бес түлпарға мінесіз, қызыл төбешіктің астындағы тесік таудан былай өтесіз, — деп тостағандағы айранды сіміріп салыпты. Сонда әлгі кісі:
- А, Тесіктау деген тесік тамақ екен ғой, енді ешнәрсе сұрамай-ақ қояйын.
Жиренше, қош-аман бол, — деп қайтып кетіпті.
Жиренше шешен жайлы аңыз
Әз Жәнібек хан ноғайлы жұртымен бірге, қалмақ елін де қоса билеп тұрады. Ол ел тағдырын он екі бимен ақылдасып шешіп отырады екен. Бидің үлкені баяғы Жиренше.
Бұл ердің білгірлігін сынағыш хан бір күні: - Әу, Жиренше! Адам қалай қадірлі болады? — дейді.
- Қадірлі болғысы келген адамға үш жолдас керек, — дейді Жиренше табан астында.
- Ие, қандай жолдас?
- Бақыт, дәулет, ырыс.
- Ал басқа пәле қайдан?
- Басқа пәле тілден.
- Кәріліктің белгісі не деп білесің? — дейді хан.
- Қаратауға қар жауар.
- Қарсы алдынан жел тұрар, — дейді Жиренше.
- Қыз алған қалай?
- Қыз: «өзің білесің» дер.
- Жеңге алған қалай?
- Жеңге: «өзім білем» дер.
- Жесір алған қалай?
- «Балам білер» дер.
Бас биінің білгірлігіне хан осылайша тәнті болады екен.
Жиренше шешен жайлы аңыз
Әз Жәнібек қасында ортасында Жиренше шешені бар бір топ нөкерлерімен құс салып, тазы жүгіртіп, сайрандап келе жатса, алдарынан көл шығыпты. Көл жағасында бір топ қаз бір-бір аяқтарын көтеріп, жусап тұрады. Хан жігіттеріне: Томағаларын сыпырып, кұстарыңды қоя беріңдер! — дейді. Жігіттер дабыл қағып, кұстарын қоя береді. Аяқтарын көтеріп, жусап тұрған қаздар екі аяқтап жорғалап барып, аспанға көтеріліп кетеді. Осы бір сөтті пайдаланған хан, Жиреншені тағы бір сынамақ болады. - Жиреншем, әлгіде бір аяғымен тұрған қаздар, екі аяқтап жорғалап кетті ғой, бұл қалай?
Сонда Жиренше саспапты: - Е, е, хан ием, сіздің басыңызға әңгір таяқ ойнатып, дабыл қақса, екі аяқтап емес, төрт аяқтап қашарсыз! — депті.
Жиренше шешен жайлы аңыз
Жәнібек хан тағы бір әңгіме үстінде: — Бұл дүниеде кімнің төрт құбыласы тең болмақ? — деп сұрайды. Сонда Жиренше шешен: - Бұл дүниеде жүйрік аты, қыран құсы бар, өзі сұлу, мінезді қатыны, бес атар мылтығы бар жігіттің төрт құбыласы тең болады, ханым, — депті.
Жиренше шешен жайлы аңыз
Ел ішінде Жиренше айтыпты деген әңгіме көп. Соның бірінде дуалы ауызды шешеннің тапқырлығына тәнті болмай отыра алмайсыз.
Қай заман екені бір Аллага аян. Жиреншенің атына сырттай қанық хан оны бір көрмекке, жүзбе-жүз отырып көшелі сөзін естімекке құмартады. Шақырту алған шешен айтқан уақытында хан сарайына келіп, табалдырықтан аттаған бойда:
Бір жасыңыз мың болсын! — деген екен.
Хан кісі тыңдап, ой түюге пейіл тұрады. Әзгенің асылын ажырата алмаса да жасыгына мін тағуға бейім келеді. Сол мінезбен Жиреншенің әлгі бір ауыз сөзін ұнатпай: - Киелі орынның мәртебесіне сай сөз тауып айттым деп отырсың ба? — дейді мұқатыңқырап.
Жиренше аспай-саспай: «ділмөрім, бетіңді бір қайырып тастадым ба?» дегендей, тары на шалқая түскен ханға тіктей қарап: - Сөзіңізге кұлдық, хан ием, — деп назарын өзіне аудартады. Адам өзі мың жасамайды, артында аты қалса, атына сай сөзі қалса, аты атына сай сөзі мың жасайды. Екінші мына опасыз жалған дүниеде бір көрген қызық дәурені бір күнге бергісіз болса, сол бір күннің өзі мың жылға татыр қызық дәуренмен өтсін деп едім. Сөзге тоқтаған хан Жиреншеге сол жерде астына арымас ат мінгізіп, үстіне тозбас шапан жауыпты.
Жиренше шешен жайлы аңыз
Бір жолы қырғыз Қызылым қарт Жиреншеге кездесіп қалып: - Шешен, сізден сұрайын деген бір жоғым бар еді. Он бес лақ, жиырма бес серке, отыз бес орақ, қырық бес қылыш, елу бес егеу, алпыс бес арқан, жетпіс бес шідер жоғалттым. Осыған кұлағдар болыңызшы, — дейді.
- Жарайды, — дейді Жиренше шешен. Жоғыңыздың жөнін айтып берейін, өзіңіз тауып алыңыз.
Он бес жас құйын қуған желменен тең, Жиырма бес дауыл ұрған перімен тең, Отыз бес ағып жатқан селменен тең, Қырық бес аю аспас белменен тең, Жетпіс бесте көңілің жерменен тең. Сексенде селкілдеген шал боларсың, Тоқсанда толық миың орта түсер. Жүз жаста дүниеден күдерінді үз, Өлмесең де өліден кем боларсың, — дейді. Әттегені-ай. Әзім жиырма бестегі жігіттей едім, көңілімнің жердей болғанын қарашы, бекер-ақ сұраған екенмін, — деп сонда Қызылым қарт жантая кеткен екен.
Жиренше шешен жайлы аңыз
Қарашаш Жиренше орта жасқа келгенде қаза болады. Жиреншенің бұрынғы жас күні емес, қыз қарастыруға ыңгайы келмей, бірер жыл жүреді. Бір күні Әз Жәнібек хан Жиреншеге: «Шешенім, сенің үйленбей жүргенің жарамайды: паленшенің қатыны ерінің тірісінде жақсы әйелдің бірі еді, соны сен ал!» дейді. Жиренше шешен: «Сіз үйғарган болсаңыз жарайды», — деп сол қатынды алады. Арада біраз уақыт өткенде хан: «Шешен, мына қатының бұрынғылардай болатын ба, қалай?» дейді. Сонда шешен: «Күндіз екеуміз, түнде төртеуміз», — дейді. Хан: «Түнде төртеуің қалай» дегенде, Жиренше шешен былай дейді:
Ері есіне түседі, Теріс қарап жатады. Оныменен ол екеу. Қарашашты ойлаймын, Мен де теріс қараймын. Оныменен мен екеу. Оймен тауып жолдасты, Боламыз түнде біз төртеу.
Таң атқан соң оянып. Тұра келген тағы екеу! Қыздай алмай қатын болмас, Есік көрген макұл болмас. Қанша жақсы көрем десе де, Бұрынғыдан жақын болмас. Байы өлген қатынды алу, Ойлағанда ақыл болмас.
Хан мен жиылган көпшілік шешеннің сөзін тыңдап «рас-ау!» десіпті.
Тарих толқынынан