МАҚСАТ — ЕЛ ИГІЛІГІНЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУ

Ауданның жергілікті атқарушы органдарында 122 мемлекеттік қызметші қызмет етеді. Оның 31% жастарды құрайды. Бүгінгі күні ауданда мемлекеттік қызмет саласында 2 жұмыс орны бос тұр.
Жастар- еліміздің басты стратегиялық ресурсы. Сондықтан мемлекеттік қызметте жастардың білікті маман болып қалыптасуына үлкен мән берілуде. Қазіргі цифрлық дәуірде мемлекеттік органдарға креативті идеяларға толы, жұмысқа деген қызығушылығы жоғары, елдің қоғамдық-саяси даму үдерісіне бастамашыл жастарды тарту қарастырылған.
Мемлекеттік қызметке кәсіби құзыретті, интеллектуалды және шығармашылық әлеуеті жоғары, эрудициясы терең, адамгершілік қасиеттерге бай және топта жұмыс істей алатын жігерлі жас кадрлар қажет. Өйткені, еліміздің бәсекеге қабілеттілігі мен халықаралық беделінің көрсеткішін білікті кадрлар айқындайды.
Жастарды мемлекеттік қызметке тарту — мемлекеттік ұйымдардың көптеген мәселелерін шешуге мүмкіндік беретін маңызды міндеттердің бірі. Кадрлық құрамды жақсарту, мемлекеттік басқару жүйесіне соңғы тәсілдерді енгізу, кәсіби қызметке тың көзқарас, өзгерістерге жоғары мотивация-бұл жастарды жұмысқа қабылдау арқылы ашылатын мүмкіндіктер.
Бұл ретте іріктеуден өтіп, мемлекеттік қызметке келген жас мамандар да мемлекеттік қолдауға ие. Жас маманға 3 айға дейінгі мерзімге тәлімгер бекітіледі, ол өзінің функционалдық міндеттерін орындау жолдарын үйренеді, кәсіби қолдау көрсетеді. Мемлекеттік қызмет өтілі екі жылдан кем емес, кәсіби қасиеттері жоғары, тәрбие жұмысына бейім және ұжымда беделге ие, қызметін бағалауда тиімдіден төмен емес нәтижелері бар, тәртіптік жазалары жоқ мемлекеттік қызметшілер ғана бола алады.
Сонымен бірге, оларды Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының филиалдарында 3 апталық оқытуға бюджеттен қаржы бөлінеді.
2022 жылдың желтоқсан айында мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға мемлекеттік қызметке кірудегі қажетсіз кедергілерді жоюға бағытталған өзгерістер енгізілді. Енді жоғары оқу үлгерімін көрсеткен университет түлектері (академиялық нәтиже GPA 3,33 деңгейінде болуы керек, яғни дәстүрлі жүйе бойынша көрсеткіш «жақсы» немесе 100 баллдық жүйе бойынша 85-89) мемлекеттік қызметке конкурссыз кіре алады.
Бұл бастама мемлекеттік қызметке жас білікті мамандарды тартумен қатар, ауылдық, аудандық деңгейдегі «кадр тапшылығын» біршама жлюға септігін тигізеді. Мемлекеттік қызметте жұмыс істеудің бірқатар артықшылықтары бар. Олар:
-тұрақтылық және әлеуметтік қамсыздандыру (тұрақты еңбекақы, 2 жалақы мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысы, қысқартылған жағдайда 4 жалақы көлеміндегі төлемдер және т.б);
-мансаптық өсу мүмкіндігі;
-мемлекеттік ұйымдарда, сондай-ақ, жеке ұйымдарда тағылымдамадан өту;
-икемді кесте және қашықтықтан жұмыс істеу;
-оқыту (қайта даярлау тағайындалудан кейін 6 ай ішінде жүргізіледі, біліктілігін арттыру 3 жылда 1 реттен кем емес);
-ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында грант бойынша оқу мүмкіндігі (магистратура және доктарантура);
Сонымен қатар, соңғы жылдарды жас мамандардың еңбекақысы да өсуде. Бүгінгі таңда жастарға мемлекеттік қызметтің есігі айқара ашық, қолайлы мансаптық мүмкіндіктер бар. Қиындықтар мен жаңсақ қалыптасқан стереотитерден қорқудың қажеті жоқ.

Б. Дюсебаев,
Ескелді ауданы әкімі аппаратының басшысы,
Әдеп жөніндегі уәкіл