Қазіргі таңда мемлекеттік қызметшілердің қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жұмыс тәртібін ұстануы өзекті болып отыр. Мемлекеттік қызметшілер аптасына 40 сағаттан аспайтын жұмыс тәртібін қолданады.
Бұған дейін мемлекеттік қызметтегі заңсыз үстеме жұмысқа тарту мәселесіне қадағалауды жергілікті атқарушы органдар болып табылатын Еңбек инспекциясы басқармалары жүзеге асырса, қазіргі таңда бұл функция Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне және оның аумақтық департаменттеріне берілді.
Қашықтықтан жұмыс немесе аралас қашықтықтан жұмыс істеуді уәкілетті тұлға төтенше немесе соғыс жағдайы енгізілген, төтенше жағдай жарияланған не өзге де шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізілген кезеңде, сонымен қатар, еңбек заңнамасына сәйкес жұмыскерлердің өміріне немесе денсаулығына қатер төндіретін басқа да айрықша жағдайларда белгілеуі мүмкін.
Икемді жұмыс уақыты режимін қолдану кезеңі алты айдан аспауы тиіс. Тараптардың келісімі бойынша икемді жұмыс уақыты режимін қолдану кезеңі ұзартылуы мүмкін.
Қашықтықтан жұмыс, аралас қашықтықтан жұмыс, икемді жұмыс уақыты режимдері белгіленген жұмыскерлерге келесі талаптар қойылады:
- Жұмыскер мемлекеттік қызмет, ақпараттық қауіпсіздік саласындағы заңнаманы, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексін және мемлекеттік қызметте болуына байланысты шектеулерді сақтаулары қажет.
- Жұмыскер жұмыс орнынан тыс жерде лауазымдық міндеттерін орындау кезінде өзінің қауіпсіздігі, жұмыс үшін жасалған қажетті жағдайлар және басқалар үшін дербес жауапты болады.
- Жұмыскер өзінің қызметтік міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
Жалпы, мемлекеттік қызметшіні жұмыстан тыс уақытта негізсіз үстеме жұмысқа тартуға тыйым салынады және ол үшін лауазымды адамдарға әкімшілік жауапкершілік көзделген. - Берік Дюсебаев,
Ескелді ауданы әкімі аппаратының басшысы,
Әдеп жөніндегі уәкілі