ТҰРҒЫНДАРДЫ ҚАБЫЛДАДЫ

ОСЫ АПТАДА аудан әкімінің орынбасары Қ.Әлібаев аудан тұрғындарын жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Тұрғындардың сұрақтарын тыңдау үшін мемлекеттік қызмет істері департаментінің қызметкері Нұрлан Әлімұлы және облыстық әдеп жөніндегі кеңестің мүшесі Виктор Хильниченко арнайы қатысты. Үй алу үшін кезекке тұру, әлеуметтік көмек алу мәселесі секілді жеке сұрақтарымен келген тұрғындардың сұранысына заң жүзінде тиісті жауап берілді.
Жеке сұрақтар бойынша келген азаматтардың шағымдарын тыңдау барысында аудан тұрғыны көпбалалы ана Евгения Майер өзінің тұрып жатқан үйін орталық жылыту жүйесіне қосу туралы мәселемен келген болатын. Өз тарапынан облыстық әдеп жөніндегі кеңестің мүшесі Виктор Хильниченко көмек қолын созатынын мәлімдеді. Үйді орталық жылыту жүйесіне қосу үшін экскаватор техникасы мен жерді қазып жылыту құбырларын орнатуға көмек беретінін айтып өтті.
Сондай-ақ, Алмагүл Жұман есімді аудан тұрғыны үй алу үшін кезекке тұру мәселесін талқыға салды. Осы мәселе бойынша Ескелді ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Бағлан Абылқасымовқа мәселені жақын арада шешу жүктелді.
А. САДАН.