ӘЛЕУМЕТТІК САЛА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Еліміздегі түрлі қайғылы жағдайлардың орын алуынан биылғы жылы әлеуметтік сала қызметкерлерінің жұмыстары үш-төрт есеге көбейді. Соған қарамастан, Ескелді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі өздеріне жүктелген міндеттерді өз деңгейінде атқаруда.
Бүгін аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде 6 мемлекеттік қызметкер, 27 әлеуметтік сала қызметкерлері және Ескелді ауданы әкімдігінің халықты жұ-мыспен қамту орталығында 14 маман еңбек етуде. Бөлім тарапынан аудан халқына 18 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетіледі.
«Жалғызбасты қарттар мен мүгедектерге үйде қызмет көрсету» бөлімшесі 1989 жылы құрылып, 10 қызметкер жұмыс жасаған. 2013 жылы қызмет алушылардың көбеюіне орай аудан әкімдігінен қосымша 3 әлеуметтік қызметкердің штаты берілген.
«Мүмкіндігі шектеулі балаларға үйде әлеуметтік қызмет көрсету» бөлімшесі 2005 жылы құрылып, қазіргі уақытта 10 әлеуметтік қызметкер, 1 дефектолог, 1 психолог-логопед, 1 әлеуметтік жұмыс жөніндегі кеңесші, 1 бөлімше меңгерушісі қызметтерін атқаруда.
Өткен аптаның соңында аудан әкімінің орынбасары Қ.Әлібаев әлеуметтік сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, жылы лебізін білдірді:
— Мемлекет қамқорлығын қажет ететін зейнеткерлер мен әлеуеті төмен, көпбалалы отбасы және мүгедек жандарға жанашырлық танытып, дер кезінде көмек көрсетуге әзір. Сол себептен де осы салада қызмет ететін қызметкерлердің еңбегі ұшан-теңіз. Әсіресе, биылғы жылдың оқиғаларының әсері бұл қызметкерлердің иығына жүк болып түсті. Соны еңсерген біздің білікті қызметкерлерімізге алғыс айтамыз, — деді де, аудан әкімі Р.Рақымбековтің алғыс хатын біршама маманға табыстады.
«Nur Otan» партиясы Ескелді аудандық филиалының бірінші орынбасары Д.Идрисов осы сала төңірегінде жемісті еңбек етіп жүрген мамандарды марапаттады. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы А.Бейісбаев та әріптестеріне алғысын білдіріп, Жастар жылына орай бірнеше жас маманды арнайы алғыс хатымен марапаттап, барлық мереке иелеріне гүл шоқтарын табыстады.
Ал жұмыспен қамту орталығының директоры Қ.Кудьяров әсіресе биыл жемісті еңбек еткен әріптестерінің еңбегін ерекше атап өтті:
— Атаулы әлеуметтік көмек енгізілгелі бері жұмыстың да көбейіп, ауырлағаны белгілі. Біздің мамандар, жастықтың арқасында ма (орта жас – 32 жас), барлық жұмыстарды уақытында орындап, бірде-бір шағым түсірткізбей, жемісті еңбек етті. Келесі жылдан бастап енгізілетін жаңа атаулы әлеуметтік көмек те өзімен бірге жаңа қызметтерді жүктейтін болады. Мен өз ұжымымның кез келген қиындықты еңсеретініне сенемін», — деді.
Осы салада қажырлы еңбек етіп, қарттар мен мүгедектерге, көпбалалы және күнкөрісі төмен отбасыларға қызмет етіп жүрген адамдарға зор құрмет пен шынайы алғыстың белгісі осы марапаттау рәсімі екені дәлел. Қоғамның тұрақтылығы мен халықтың әл-ауқаты, халықты әлеуметтік қорғау мен әлеуметтік кепілдіктер беру деңгейімен тығыз байланысты. Сала еңбеккерлеріне жемісті еңбек тілейміз!
Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.