Көпшілік орындарда өзін ұстау әдебі мен мәдениеті

Әдептілік — адам бойындағы жағымды қасиет. Бұл жайында ұлы ғұлама Әбу Насыр Әль-Фараби былай деген екен. «Әдептілік — әрбір жеке тұлғаның рухани байлығы, қазынасы».
«Әдеп» — қоғамдағы адамдардың мінез-құлқына қойылатын этикалық талаптар. Олай дейтініміз, адамның сөйлеу мәнері, іс-қимылы, жүріс-тұрысы, өзін ұстай білуі оның мәдениетті, әдепті екендігін байқатады. Адамның бойынан әдептілік қасиет көрініп түрса, ол парасатты, адамгершілігі мол екендігін көрсетеді.
Әдептілік — адам бойына үйдегі тәрбиемен, өзін қоршаған ортаның қарым-қатынасымен берілетін қасиет. Ең алдымен әдептілік сәлемнен басталады.
Сәлемдесу — ізеттіліктің белгісі. Ал ізеттіліктен туатын қағида-әдептілік. Көпшілік орынға келгенде сәлеметсіздер ме немесе ассалаумағалейкум деп жалпылама сәлемдескен жөн.
Ізеттілік пен сыпайылық, әдептілік, әдемілік бәрін адам отбасындағы тәрбиеден алады.
Адамның басшысы — ақылы, жетекшісі — талап, қорғаны — сабыр, жолдасы — кәсіп, қорғайтын қорғаушысы — мінез, бәрін тәртіпке реттейтін-әдептілік. Біздің халқымыз әр кезде де, нақыл сөзді «қазынам», өнегені «өрісім» деп таныған.
КӨПШІЛІК ОРТАДА ӨЗІН ҰСТАУ МӘДЕНИЕТІ:
Көпшілік қатты дауыс шығарып күлу, қоқыстарды көрінген жерге тастай салу, жасы үлкендерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға, балалы немесе жүкті аналарға орын ұсынбау, мобильді телефонмен дауыстап сөйлесу және тағы басқа қылықтар адамның әдепсіздігін көрсетеді. Кез–келген ортада эмоциясын тежей білу немесе шыдамды болу арқылы әдептілікке қол жеткізуге болады.

КӨШЕДЕ ЖҮРІП — ТҰРУ, МІНЕЗ — ҚҰЛЫҚ ӘДЕБІ.
Көшеде жүріп-тұрудың өз тәртібі бар. Келе жатып танысыңызды кездестіріп қалсаңыз, онымен көшенің қақ ортасында тұра қалып сөйлесу жат қылық. Ары — бері өтіп жатқан жүргіншілерге кедергі жасамас үшін кездестірген танысыңызбен көшенің бір шетіне шығып, амандық саулық сұрасқан орынды. Әйел кісі ер азаматтың оң жағында жүреді. Өзгелерге кедергі жасап, жолды жауып, өзгелердің өтуіне мүмкіндік бермей жүру ерсі көрінеді. Бағдаршамнан өтерде міндетті түрде «жасыл көздің» жануын күтіңіз. Көшенің арғы бетіне кез — келген жерден жолды қиып өту өз өміріңіз үшін қауіпті. Жаяу жүргіншілерге арналған жолақты жол (зебра) белдеуінен өткен дұрыс. Гүлзар бақты, көгалды жерді баспаңыз.
ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕГІ ӘДЕПТІЛІК.
Қоғамдық көлікке кіргенде мүгедектерді, балаларды, егде адамдарды, әйелдерді алдымен өткізеді. Егер бір есіктен кіріп шығатын болса, әуелі адамдардың шығуына мүмкіндік береді. Қоғамдық көлікте қатты сөйлеудің, тамақ жеудің ыңғайы жоқ. Түшкіргенде және жөтелгенде қол орамалды пайдаланып, ауызыңызды жауып отырыңыз. Вагон ішінде өзінің үсті — басын тәртіпке келтірмейді, тырнағын тазаламайды, құлағы мен тісін шұқыламайды, бет бояу немесе шаш жөндеу де жөнсіз. Газет оқығыңыз келсе, оны бүктеп оқыңыз. Көршінің оқып отырған газетіне, журналына үңілу, жолаушыларға қадала қарау әдепсіздік. Жолаушыларға барлап қарамайды. Қатты күлу де орынсыз. Вагон ішінде үй іші мен қызметтегі істер жайында сөйлеспейді, өзгелердің әңгімесіне құлақ салмайды.
Жұмыстағы мінез — құлық этикасы бұл әріптестер, бәсекелестер арасындағы шынайы және тура қарым — қатынас.
Мінез — құлық. Тілектестік пікір айтудағы айқындық, өзін абыройлы ұстау, жанжалды жағдайларда сабырлы, сыпайы болу. Жұмысқа отбасындағы келеңсіздіктер кедергі болмауы тиіс. Жұмыс орнында өз туысқаныңмен отбасындағы рөліне қарай емес қызметіне қарай қатынас жасау керек. Фирманың немесе ондағы жұмыс істейтін қызметкердің қателіктерін бөтен адамның көзінше айтуға болмайды.
Қызметтік қарым — қатынастар. Жаңа қызметкерді ұжымға бастық таныстырады. Бұрынғы қызметкерлер жаңа адамның ортаға өз адамдарындай сіңісіп кетуін іске араластырып, бірнеше күн өткеннен кейін жаңа адам өзін осы ортаның байырғы мүшесіндей қолайлы сезінуі керек.
Ұжымдағы мүшелердің бір — бірімен қарым — қатынасы олардың арасында қалыптасқан дағдыға немесе өзара жеке қарым — қатынастарына байланысты болады. Бөлмеге кіргенде, басшы бірінші амандасады, қызметкерлер орындарынан тұрмай — ақ амандасады. Мемлекеттік қызметшінің әр түрлі кәсіби сұрақтарды шешудегі адалдығы мен әділдігі, қайырымдылығы мен байсалдылығы, әріптестермен өзара қарым қатынаста да, жұмыс барысы немесе жеке мәселемен келген сырт адамдармен қатынаста да маңызды рөл атқарады. Қызметтік этика қазіргі мемлекеттік қызметшінің жеке бас сапасы ретінде ғана емес, оның сапалық қасиетін білдіретін деңгейіне көтереді.


Б.Дюсебаев,
Ескелді ауданы әкімі аппаратының
басшысы – Әдеп жөніндегі уәкілі